№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ: ТАЛҒАМ МЕН ТАҒЫЛЫМ ТАРАЗЫСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ: ТАЛҒАМ МЕН ТАҒЫЛЫМ ТАРАЗЫСЫ

     Бүгінде қазақ тойы туралы әңгіме көп. Бұған тойдың заман ағымымен мың түрленіп, жүз құбылғаны себеп болса керек-ті. Әсіресе, жиған-тергенін тойға шашатын қазекең ысырапшылдық пен астамшылықтың парқын ұғудан қалды. Беташардың мәні мен мағынасы өзгерді. Тойларда батыстың тәлімін сіңіретін қажетті-қажетсіз амал-ишаралар көбейді. Асабалардың жөн-жосықсыз мақтау-мадақтауы мен орынсыз келеміждеуіне куә боласыз. Негізі, той – ағайын-туыстың бірлігін жарастырып, татулығын арттыратын құндылыққа ие-тұғын. Той – адам тану мектебі, тұлғаның қабілет-қасиетін танытатын және оны қастерлей білуге үйрететін жиын үлгісі-тұғын. Яғни жас ұрпақты тәрбиелеуде тойдың әсері мол еді. Осы күні қазақтың тойынан мән кетті деп шырылдауымыз бекер емес. Тіпті, кейбір тойлардағы даңғойлықты, дарақылықты, әдепсіздікті ақтап алуға келмейді. Осындайда «Саналы ел салтын сақтар» дегені еске түседі...



   Бұрындары қалай болушы еді? Құда-жекжат, ағайын-туыс, көрші-қолаң келін түскен үйден табылып, құтты болсын айтатын. Үйлену салтында «Той бастар», «Жар-жар», «Неке қию», «Беташар», «Той тарқатар» және т.б ұласатын.
Осылардың ішінде беташардың маңызы ерекше. Себебі, беташарда жас келінге келген шаңырағының қадір-қасиетін, ата-енесі мен тума-туысын таныстырып, әрқайсысына сәлем жасатып, әдет-әдеп, жөн-жоралғының бағыт-бағдарын түсіндіретін. Соныңда ақын келіннің бетін ашып, үлкендерден көрімдік сұрайтын.
  Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «...Беташар тәжірибесіз жас әйел жаңа өмірге кіріп, жаңа қауымның ортасына келгенде, сол қауымның қадірлі, құрметті үлкендерін тану үшін қажет. Солардың әрқайсысының орнын білу керек. Жаңа қауымның қадірлейтіні кім, ұлық тұтып, сыйлайтыны кім, жаста еркелетіп аялайтыны кім, жас келіннің бұларды топ алдында танып, біліп алуы қажет. Үлкендердің алдында келіннің тәжім қылуы – сол жаңа шарттарға көндім, қабыл алдым дегенінің белгісі», – деп беташардың мән-маңызын тұжырымдайды. Қазір ше? Тойлар онсыз да екі-үш сағат кешігіп басталады. Содан «жар-жар» айтып жас жұбайларды ортаға шақырады. Ары қарай «Беташарға» кезек беріледі. Беташар айтушы жігіт жағынан келгендерді түгелдей атап шығуға бейім. Өйткені, табаққа түсетін көрімдік көбейеді. Бұл рәсім онсыз да күтіп қалған қонақтардың тағы 40-50 минут уақытын алады.
Екінші жағынан, тойлардағы беташар салты «спектакльге» айналып барады. Өйткені, келін түскелі бірнеше ай өтіп кеткен. Тіпті, жүкті келіншектің бетін ашып жатады. Бұл дұрыс па?..
  Сол себепті келін түскенде ағайын-туыстың үлкендерін шақырып, беташар жасап, ата-баба дәстүрінше босағаға оң аяқпен аттатқан дұрыс емес пе? Сосын мейрамханадағы тойға екі жақтың жастары барғаны орынды деп санаймын. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін осылай болатын. Яғни, үлкендер мен жастар тойының ара-жігін ажыратып алайық. Кейде той үстінде биге кезек бергенде жас келіндер ата-енелерінің алдында тайраңдап билеп, үлкендерге ізет көрсетуді ұмытып кететіні бар...
Той үстінде құдалар бір-біріне сыйлық жасап: жүзік тағып, шапан жабады. Әрине, құдалардың тату-тәтті сыйласқаны жақсы. Бірақ, сыйластықтың өлшемі сыйлық жасаумен өлшенбейтіні ақиқат. Ендеше, тойшыл қауымның уақытын алып, берекесін қашыратын сый-сияпат жасаудың не керегі бар? Оданда бұл құдалардың бір-біріне тарту таралғысы құдалық болатын күні жасалса жарасымды болар еді...
ХІХ ғасырда Абай адам дидарын жарық ететін білім жинауды үгіттеді. ХХ ғасырда алаш ардақтылары қазақ жұртын білім-ғылымда бәсекелесуге шақырды. ХХІ ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та адам капиталына ерекше назар аударып, мемлекеттің қозғаушы күші білімділікті, біліктілікте екенін айтты. Міне, біздің бәсекелесетін тұсымыз осы.
Бірақ, қазақ қазір Тұрсынбек Қабатовқа той басқартып, Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәліге ән шырқатқанды жетістік санайды, әрі абырой тұтады. Осымен бәсекелеседі.
  Осы сырттан өнер иелерін шақыртудың қажеті қанша? Бұған да тоқтау қойылғаны жөн. Бекер мал шашпақтық ұлтты ұшпаққа шығармайтыны бесенеден белгілі жай ғой.
   Халықты тәрбиелеудің күш – билікте. Сингапур мен Малайзия өз тұрғындарын тазалық сақтау, құқық бұзушылықты болдырмау және т.б заң аясында тәрбиелегені үлгі.
Біздің кент әкімдігі ірі-ірі мейрамханаларда бей-мезгіл уақытқа дейін той жасауды шектегені жөн. Сонда ең болмағанда тойымыз уақытылы басталар...
  Сондықтан, төл басылым – «Жаңақорған тынысы» газетінің тойдағы келеңсіз жағдайларды көтеріп жатқаны орынды. Бұған ел ағаларының үн қосып, дұрыс шешім табуға атсалысатынына сенемін. Алдағы уақытта көп ұзатпай, ел ағалары мен асаба қауымның басын қосып, той өткізудің жөн-жобасын ақылдасқан абзал. Бір бәтуаға келіп, берекелі бастаманы аяқсыз қалдырмасақ.

Дәрібай АЙДАРБЕКОВ,
Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы».


16 қаңтар 2019 ж. 1 562 0