№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тойдан ойымыз озық болсын

Тойдан ойымыз озық болсын


«Қазақтың қазыналы тойы бітпесін», дейтін қазақ бір-біріне жиған тергенің тойыңда шашылсын, жақсылығың тойыңда қайтсын деп жатады. Осыдан-ақ, халықтың тойға деген көңілі бөлек екенін аңғарамыз. Тіпті, жылдап жиғанын бір күндік тойында аямай шашатын халқымыз «той дегенде қу бас домалайды» деп барын аямаған. Десе де, қазір тойдың түрі көбейді. Үйлену тойынан бастап, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, тілашар, 50 жас, 60 жас деп кете береді. Бірақ, осы тойдың барлығының қызықты әрі салмақты өтуі асабаға да, онда отырған тойшыл қауымға да сын екенін ұмытпаған абзал.
Той – халықтың қазынасы, қазақ қоғамының, қазақ халқының рухани-мәдени деңгейінің көрсеткіші, қуанышы, бақыты. Алайда, біз өзгенің қуанышын бағалап, оны бөлісуді аса маңызды санамайтындаймыз. Өйткені, қай тойға барсаңыз да, халық жиналмай тойхананың алдында сабылып кемінде екі сағат тұрамыз. Енді ағайын-туыс жиналып болып, той басталды дегенде бірін-бірі тыңдамай, у-шу болатыны тағы бар. Дегенмен, халықты өзіне қаратып, олардың тойдағы тыныштық пен мәдениеттілікті сақтауы асабаға да тікелей байланысты. Өйткені, асаба – халықтық мінбер. Мәселен, кей тойларда күлдіремін деп бүлдіріп жүрген асабаларға өзіміз куә болып жүрміз. Тіпті, мәнсіз-мағынасыз әндер айтылып, билер биленіп, нағыз мәдениетсіздіктің ордасына айналып кететіндері тағы бар. Демек, қазақ ел боламын десе, тойын түзегені абзал. Ал, той түзелу үшін асабаның парасат пайымы кең, қазақи салт-дәстүрді терең меңгерген, сөз мәдениеті қалыптасқан болуы керек.
– Негізінен, тойды асаба той иесінің сұранысына сәйкес жүргізеді. Кейбіреулер еуропалық стильде жасау­ды талап етеді. Ол кез­де қаза­қилық дәс­түр кенжелеп қалады. Дегенмен, батыстан «еркін микрофонды» алса болады. Ол жалпылама тілек беру емес, шынайы ниет білдіргісі келгендердің қысқа лебізін тыңдау. Қалған уақытты үнемді пайдаланып, қобыз бен домбыра тартылып, дәстүрлі ән жырдан шашу шашылса, рухани тұрғыдан жаңғырар едік. Ол кезде тойдың форматы өзгерер еді. Қазақылығымызды жоғалтпас үшін тойда міндетті түрде ұлттық дәстүрімізді көрсету керек. Жалпы, той мәдениетінің алға жылжып, оның мағыналы өтуі той иесінің талапшылдығына байланысты. Егер той иесі талап етсе, оны асаба орындайды, – дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Жасыратыны жоқ, кей тойларда салт-дәстүрлер орынсыз қолданылып, орынсыз әзілдер айтылып, егде жастағы кісілердің ерсі билейтінін де көріп жүрміз. Бұл да біздің елдегі той мәдениетсіздігінің бір белгісі екені анық. Осы туралы асабаның өз аузынан естісек:
– Асаба таңдауда той иелерінің өздері қателеспеуі керек. Мейілінше, тәжірибесі мол асабаны таңдағаны абзал. Сосын, әр тойға байланысты асаба таңдалғаны жөн. Мәселен, асабаны 30-40 жас тойланатын мерей тойға бөлек, үйлену тойға бөлек таңдаған дұрыс. Кей тойларда салт-дәстүрлерді орынсыз қолданып жүргендер де бар. Қыз ұзатуда жасалу керек салттар үйлену тойында, үйлену тойында айтылу керек әңгімелер қыз ұзатуда кездесіп қалады. Бұл тойдың мәнісін қашырып, мазмұнына көлеңке түсірері хақ, – дейді асаба Жәнібек Сыздықов.
Асабаның білімділігі дегенде, олардың міндетті түрде жоғары оқу орнын тауысқан дипломын талап етіп отырған жоқпыз, адамға сүтпен беріліп, сүйекке сіңетін, тектен берілетін қасиет, дарын, білім, білік деген бар. Яғни, таза қазақи бай тілі, шешендігі, салт-дәстүрді озық білуі, ұлттық құндылықтарға деген құрметінің биік болуы. Той басқарушының ортада жарқылдап жарып шығып, көпті өзіне қарата алар қауһарға ие етеріне елден ерек танылып жүрген талантты тұлғаны көргенде көзіміз жетіп жүр. Сонымен қатар, той басқарушының тарихты, шежірені, ел, жер, ру тарихын, жырау-жыршыларды, мақал-мәтелдерді білгені өте маңызды. Сонда ол көпшілікті қамтып, тойдың мағыналы өтуін қамтамасыз етеді.
– Кез келген тойдың сәні асаба екені рас. Бірақ қазіргі той жүргізудің барлығы бір сарынды болып кетті. Тойда жеңіл-желпі әзілдерді пайдалану оның сыйқын кетіріп жүр. Кезінде бізге ұстаздарымыз Манап Көкенов, Әмір Мәжитовтер той жүргізгенде оған ұлттық құндылығы бар дүниені енгізіңдер дейтін. Асаба той жүргізгенде той иесі туралы көбірек мәлімет жинап, көпшіліктің алдында оның мерейін асыруы керек. Өйткені, көпшілікке ақ дастарханын жайып отырған сол кісі ғой. Сосын, ұлттық өнерді, салт-дәстүрді кірістіргені абзал. Қысқасы, жақсы асаба – жай тойдың өзін ғажапқа айналдырады, ал нашар асаба жақсы тойдың өзін мазаққа айналдырады, – дейді М.Көкенов шығармашылық өнер мектебінің директоры Уәли Ибрагимов.

Түйін. Иә, той мәдениеті туралы қалам қозғағанда белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің «Өз бақытына кешігетін ұлттың келешегі бола ма?» деген сөзі ойға оралады. Сондықтан, өз бақытымыздан кеш қалмай, өзгенің қуанышына ортақтасып, келешегімізге күман келтірмейік, ағайын!..
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
02 қазан 2018 ж. 1 661 0