№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Той мәдениеті: Ысырапшылдық пен көзбояушылықтан қалай құтыламыз?

Той мәдениеті: Ысырапшылдық пен көзбояушылықтан қалай құтыламыз?


Рухани жаңғырудың басты талабы ысырапшылдыққа жол бермей, қолда барды қанағат тұтуға бағытталған. Десе де «Жиғаныңды тойға шаш» дейтін қазекем қолдағы барын аямай, тіпті, белшеден қарызға батып той жасауға құмбыл. Ұлттық құндылықты ұмыт қалдырып, тойда бейәдеп көріністерге жол беру өз алдына, бей-берекет шашылып-төгіліп, ысырапшылдыққа жол беріп жүрген жоқпыз ба? Той мәдениетін жаңғыртудың жолы қайсы? Осы сауалдар төңірегінде «Көзқарас» пікір сайыс алаңына жиналған түрлі маман иелерінің ойларын ортаға салуды жөн көрдік.
Мәжит Балқожаев,
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Той – қазақтың қазынасы. Той жасау – бәсекелестік пен бақталастықты үдетті. Халық қыруар қаржыға Астанадан, Алматыдан, Шымкент пен Түркістаннан асаба, әнші, бишілерді жалдайтын болды. Одан соң пәлен долларға Тұрсынбек Қабатовты, түген теңгеге Нұржан Төлендиевті жалдағанын айтып, көкірек қағатындар арамызда бар. Азамат ретінде осындай жалған намысқа жаным қас. Шеттен келген асаба ортаңды, отбасыңды, ағайын-туысыңды танымайды. Ішкі ойыңмен ортақтаспайды. Сондықтан, тойда келеңсіз жайттар көп орын алады. Ал, өз әулетіңнен, өз ауылыңнан шыққан асаба көкейіңдегіні айтқызбай ұғады. Кімге қалай сөйлеуді, кімнің нені қалайтынын аңдайды. Бір сөзбен өргенде, қас-қабағыңа қарап, артық сөз бен әзілге жол бермейді. Сондықтан, жергілікті асаба, әнші мен бишіге көп қолдау жасауымыз керек. Бұл әулеттің үлкеніне, отбасының тірегіне байланысты. Әкесі үйленгелі тұрған баласына әмірін жүргізе алса, яғни балаларының алдында қадірлі болса, тойдағы ысарапшылдыққа тыйым сала алады. Бір сөзбен қайырғанда, әркім өз отбасындағы тойдың тізгінін ұстау керек.
Соңғы уақытта аудан жастары арасында өте тағылымды бастама орын алуда. «Жастар серуенінің» орнына қайырымдылық шара жасап, шама-шарқынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасына азық-түлік үлестіру үрдіске айналды. Ең бірінші болып Байкенже ауылының тұрғыны Мақсат Әлиев бастаған еді. Оның ізін жалғап, жас отбасы игі іс жасады. Міне, нағыз елсүйгіштік қасиет! Мен осы бастама әлі де жанданады деп ойлаймын.
Гүлнар Абдуллаева,
аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі:
– Отау құрғандардың саны артса, ажырасудың да саны ұлғаяды. Биыл алты айда 242 неке куәліктері табысталса, 61 неке бұзылды. Ал, сот бойынша 200-300 неке бұзылуы мүмкін. Себебі, неке бұзылғандығы жөнінде куәлік алу не алмау жеке азаматтың өз қалауы. Сондықтан біз нақты ажырасқан азаматтар жайында айта алмаймыз. Ал, өмірден түйгенімді айтар болсам, бірнеше отбасын білемін, олар күйеуінің меселін жығып, өзінен бір саты түсіру ниетімен «ажырасамын» деп қорқытады. Яғни, неке деген киелі ұғымды аяққа таптап, азамат намысын қорлайды. Осындай жағдай кездесті, болмашыға араздасып, «ажырасып» жүргенде қосағы оқыс жағдайдан мерт болып, балалары әкесінің жерлеу рәсіміне қатыса алмай, жат қылық танытты. Күйеуі 10 жыл өзге әйелмен тұрып, кейін өз отанына оралғанда, жолдасын кешіріп, бақытты отбасына айналып, тіршілігін жалғап отырған ақылды, дана аналар да бар. Міне, осы мысалдардан-ақ, үйдің ұйытқысы әйел-ана екеніне шәксіз көзің жетеді.
Тойға келер болсақ, қайта шаңырақ көтергендер де үлкен той жасайтын болды. Тіпті, қызын үшінші рет ұзатып, келіннің үшінші рет бетін ашқан жағдайларды көрдік. Сонда, «Қыз ұзату», «Беташар», «Құда түсу» дәстүрінің мән-мағынасы кеткені ме? Келер ұрпаққа ата-дәстүрді қалай аманаттап жүрміз?
Уали Ибрагимов,
Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектебінің
директоры:
– «Итті құдай қинасын иесімен» дегендей, жергілікті асабаның той басқарғанын құптаймын. Қомақты қаржыға шеттен келіп, той басқарғандарды жиі көріп жүрмін. Көбіне бос сөз, жеңіл әзілге бейім. Кейде, күлудің орнына намыстан жарыла жаздап отырамын. Құда бала мен құдашаның арасына шар салып билету, бөгде әйел мен еркекке ерсі ойындар ойнату, жасы келген қарттарды қушыңдатып билетуден не ұтады? Арсыздыққа барған жан қызып алған соң қандай қылыққа бармайды? Біздің халық осындай жүйке жұқартатын тойлардан әбден жалыққан.
Жергілікті асабалар той басқарса, одан әлде қайда салмақты өтеді деп ойлаймын. Себебі, «ортаға қандай ой тастаймын», «қандай әзіл өтімді», «сөз кезегін қалай беремін», «тойды қалай тізгіндеймін» деп ойланып, дайындалып барады.
Мен өзім де көп жылдардан бері той басқарып келемін. Жас кезімде беташарға қайрап салған ұстазым – Манап Көкенов еді. Бүгінде тісқаққан асабалардан тәлім алып, өнер жолын ақ батамен бастағандар аз. Өзін-өзі «асаба» деп жариялағандар көп. Мен осы олқылықтың орны толса, жас асабалар жолы үлкен азаматтардан өнеге алса деймін.
Серік Абдуллаев,
аудандық мәслихат депутаты:
– Халық тойдан жалыға бастады. Қазақтың дәстүрлі тойынан бөлек, мүшел той, отыз жас, қырық жас, елу, алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерей той көбейді. Артық шығын мен ысырапшылдыққа жол беретін де осы тойлар. Алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан мен жүзге келген тойды атап өтуге болатын шығар. Дегенмен, отбасының қаржысы ол тойды көтере ала ма? Міне, мәселе осында! Десе де, өзге өңірге қарағанда біздің ауданның тойы белгіленген уақыттан кеш басталады. Шақыру билетте 7-00 деп көрсетсе, той сағат 9-10-сыз басталмайды. Бірде алыстан келген бір қонақтың «Жаңақорғанның тойы осы ма?» деп жаға ұстағаны бар. Бұрыңғыдай мал жайғап, қой өрістетер заман емес. Тұрмыс-тіршілік тойға кешігіп баруға ешқандай кедергі емес. Онда неге уақытында жиналмасқа?
Той дегеннен шығады ғой, осы мәселені біркелкілікке келтіру үшін, «жаназа мен жерлеу рәсімі» секілді той мәдениетін ретке келтіру мақсатында аудандық кеңес өткізу керек секілді. Бәріміз кеңесіп, осы тақырыпты тарқатпасақ, ертеңгі ұрпаққа қандай өнеге қалдырмақпыз. Сондықтан бүкіл азаматтарды, әкімдерді, халық қалаулыларын, ел тізгінін ұстаған басшыларын той мәдениетін жаңғыртуға, салт-дәстүрді насихаттауға ұсыныс жасағым келеді. Осы мәселені алдағы уақытта үлкен мінберлерге көтеріп, бір шешімін табуға жұмыс жасаймын.
Кенже Әкімбаева,
әнші:
– Қазақта «келіннің аяғынан» деген тәмсіл бар. Келін босағадан аттағаннан кейін, сол әулеттің түтінін түтетіп, береке бірліктің бастауы болуға талпынады. Міне,осы үрдіс бүгінде басқаша бағыт алып бара жатқандай. Енді ғана есіктен енген келін тойда флешмоб билеп, бөгде қимылға барып, ел алдында беті әбден ашылады. Жастарға бұл заманауи болып көрінгенімен, үлкендерге ерсі қылық секілді. Бүгін белін бұлғандатса, ертең басыңа шығып, билеп-төстемей ме? Одан кейін «тәтті торт кесу» рәсімі қазаққа қайдан енді? Жаңа түскен келін қайын атасы мен анасының аузына торт кесіп тықпалайды. Бұл не тәрбие? Бұның орнына «келін шәйі» немесе «ақ құю» рәсімін неге жаңғыртпасқа? Төгілдіріп киген қазақша көйлегімен, иіліп тұрып, ата-анасына ақ ұсынса қандай ғажап! Міне, салт-дәстүрдің озығы.
Той төңірегінде жүрген әнші болғандықтан, елдің қызықшылығындағыкелеңсіздіктерді көп байқаймын. Жуырда Түркістаннан үш қыздан құрылған трио келді. «Керемет, жанды дауыста айтады» деп мақтап жатқан. Жұртпен бірге мен де құлақ түрдім. Негізінде келбетінде, киім киісінде мін жоқ. Бірақ халықты көрер көзге алдап тұр. Музыкант болмаса, қарапайым ел біле бермейтін бір дауыста ғана ән салып тұр. «Триода үш түрлі дауыс болады емес пе? Неге бір ғана дауыс?». Аңдап қарасам, фонограмма екен. Халық олардың бұраңдап билегеніне мәз. Осылайша әжептәуір әмиянын қомпайтуда. Олардың бар мақсаты – ақша алудың жолы. Өнер мен мәдениетті осылайша аяқасты еткендерді көріп, қанымыз қараяды. Ал, біздің  жергілікті әншілердің олардың қасында шоқтығы биік дер едім.
Мұхтар Дәрібаев,
дәстүрлі әнші, асаба:
– «Ас иесімен тәтті, той иесімен құнды». Осыдан 10-15 жыл бұрын асабаны халық ықыласпен тыңдайтын. Бүгінде асаба той иесін тыңдайды. Тойға асаба болуға тапсырыс жасаушылар «Тойды қалай өткізесің?», « Қандай ойын ойнатасың?», «Келін мен күйеу жігіт не істейді?» деп жиі сұрап, әбден талқылап алады. Жасыратыны жоқ, көбі салт-дәстүрден өзге заманауи бағытта өрбігенін қалайды. Олай істемесең, тағы болмайды. Ал, «дәстүрді дәріптейік» десең, «ХХІ ғасырда сүріп жатырмыз, жаңаша өткіземіз» деп, өз қалауын орындатады.
Екі жастың тойына қарағанда «құдалық» басқарған әлде қайда тиімді. Өз жолымен, өз жоралғысымен, кішігірім қауыммен, тамаша кеш өткізесің. Сондықтан мен қазірде кіші тойларды басқарып, үлкен тойларға сирек шығып жүрмін. Оған себеп, бүгінгі тойдың талабы жоғарылап кетті.
Халал тойдың да қаншамасын көріп жүрмін. Тойдың ортасында шәйнекпен арақ тасып, аяғы шуға ұласып жүр. Сонда кім-кімді алдап жүр? Халал той мен кәдімгі тойдың аражігі қалмаған ба? Адамның ынсабы мен ниеті қалмаған ба? Осыған ашынамын. Бұл туралы газетте де, теледидарда да айтылып жүр. Десе де, құлақ түрмейтініміз қалай?
Түйін. Тойған ел тойшыл келеді. Тойлатамыз деп жүріп, ұлттық құндылықтардың қадірін қашырып алмасақ игі. Тойдағы ысырапшылдықты, көзбояушылықты, мәде­ниет­­сіздікті, көргенсіздікті, сауыққұмарлықты қалай жөнге келтіреміз? Келер ұрпақ алдында кемшіліктерімізді қалай ақтап аламыз? Осыны сіз болып, біз болып, ортақ бір пәтуаға келіп, пайдалы іс-қимылға көшсек, келер ұрпақтан ұялмайтындай ұлағат қалдырсақ ұтқанымыз болар еді. Сіз не пікір қосасыз, қадірлі оқырман?
Мақпал МАРҚАБАЙ.СУРЕТ ЕЛЕНА.КЗ САЙТЫНАН
01 тамыз 2018 ж. 1 605 0