№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТОЙ – ҚУАНЫШ, ТОЙ – БІРЛІК...

ТОЙ – ҚУАНЫШ, ТОЙ – БІРЛІК...

   Қазақтың тойы осы миссиясын атқара алып жүр ме?
Бұрындары ағайын-туыс, құда-жекжат, жора-жолдас емен-жарқын жүздесіп, қуанышқа кенеліп, туыстық қарым-қатынасты арттыратын той-жиын еді ғой!


    Той үстінде жүректен шыққан жылы лебіздерін жеткізіп, ізгі тілектер айтылып, мәз-майрам болатын. Қыз ұзатылса ақ жол тілеп, келін түссе босағаң берік болсын дейтін. Баланың тұсауы кесілсе, қадамың құтты, өмірің мәнді-мазмұнды өрбісін деген ниеттестік айтылып, үлкендер ұлағатты, ұстамды сөзбен той шырайын кіргізетін.
Онда асаба емес, елді танитын ел ағалары сөз бастап, кезегімен күй тартылып, ән айтылып, термемен тағылым төгетін. Әрі тойлардың уақтылы басталып жататынына куә болғанымыз естен кетпейді.
Әрине, қоғам өзгеріп, әлеуетіміз жетіліп, мәдениетіміз артқан сайын, бағыт-бағдарымыз өмір талабына, заман ағымына сай жаңғыра беретіні заңды ғой. Бірақ...
   Батыстық құндылықтарды дәріптейтін дағды-дәстүрмен ұлттық болмыс-бітімімізді ластамай, ара-жігін ажыратып, араластырмай, ұлттық рух, асыл қасиетімізді жаңғыртып, салт-дәстүрімізді бұзбай келешекке жеткізу қариялар мен ел ағаларының абыройлы міндеті екені даусыз.
Сол себепті қоғамдағы құбылыстардан түйген ойымды, жүйелеген сөзімді жеткізсем деймін...
Қазіргі таңда той жасау, ас беру, бейіт басына күмбезді мұражайлар тұрғызу жарысқа айналып, орынсыз етек алып бара жатқаны шындық.    Бұл жайында талай рет айтылды да, жазылып та жүр.
  Сөз басын тойдан бастағандықтан, той мәдениетіне тоқтала кетсем.
Біріншіден, тойдың мәні – екі жастың қуанышына ортақтасу ғой! Алайда, той жасау бәсеке алаңына айналды. Аста-төк ас мәзірі, гауһартаспен көмкерілген той көйлегі мен қымбат көліктердің шеруінде бақталастық бар. Біз неке қиып, отау құрған жастардың бақытты, үлгілі отбасы болуын маңызды екенін естен шығарып алғандаймыз.
   Екіншіден, тойға барғанда құдды шоу көргендей әсерде қаласың. Даңғаза музыка, әзілі жарасым бермейтін әртістер ақсақалдардың аталы сөздері мен ғибратты әңгімелерін де естіртпей жатады. Тіпті, той үстінде келіні мен қайын атасын ойнатып, жарыстыратыны несі?! Ұлттық таным-түсінігімізге жат арзан күлкі мен мағынасыз ойындар кімге керек?
Бір дастархан үстеліне (мәзіріне) кемінде 5-6 жүзден теңге төленсе, ол дастарханда құс сүтінен басқаның бәрін үйіп-төгіп, үш-төрт жүздей адамға жайылған аста-төк дастархан мәзірі той иесіне жеңіл тимейтіні белгілі. Мұндай шектен тыс шығынның бірлі-жарым қалталы кәсіпкерлер болмаса, көпшілігі банктен несие алып, тойдан түсетін құтты болсыны ширегіне жетпей, қарызын жаба алмай астындағы көлігіне дейін сатып жататынын естіп жүрміз.
  Үшіншіден, бір келеңсіздеу орын алып келе жатқан жағдайды да айта кеткен артық болмас. Осы ретте, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дегені ойға келеді.
Тәртіп дегенде көптің қолына тиген той шақыртуында 19.00-де көрсетілгенімен, біздің қонақтарымыз екі-үші сағат кешікпей келе алмайды.
Ал, біздің айтарымыз, тойдың түріне қарап (келін түсіру, қыз ұзату т.б) сөзге мән беретін елағалары мен ақжаулықты аналардың тәрбиелік ойларын тыңдаудан бастаса дейміз. Әрине, әрбір екі-үш сөзден соң құлаққа жағымды күй мен әндер, термелер арнаулар орындалса тойдың мәні арта түсер ме еді?..
  Бұл жағдайлар тойдың қазақи мәнін түрлендіріп, тәртіп пен әдетті жүйеге баули түсер еді дейміз.
Ендігі бір ескертетініміз, төрге шығып құттықтап, тілек білдірушілеріміз мақтау сөздермен тойға қатысы жоқ әңгімелерді қозғап, отырғандарды мезі қылып уақытпен санаспай тұрып алады. Көпшілік тыңдап отырған соң, қал-қадіріңше тәрбиелік мәнімен жүйелі ойыңды жеткізіп, үлгі боларлықтай уақыт талабына сай, жасыңа қарап ақыл-кеңеспен аяқтап, той иелерін құттықтаумен түйіндеп жатқаны абзал емес пе?
   Бір сөзбен айтарым, қуаныш пен шаттықтың нышаны болған тойдың мәні мен сәні қашпасын. Себебі, қазақтың тойы – ағайынды бірлікке жарастырып, татулығын бекемдейтін күшке ие...

Мұзарап МАХМҰТҰЛЫ,
Жаңақорған кенті
ардагерлер кеңесінің төрағасы.


16 қаңтар 2019 ж. 1 366 0