№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сот саласындағы жаңғыру жұмыстары

Сот саласындағы жаңғыру жұмыстары


Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесі саласына нақты міндеттер қойды. Құнды құжаттағы салмақты мақсат-міндеттің бірі халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру болатын. Сондықтан, бұл бағытта ауданда қандай ілкімді істер атқарылып жатқанын білмек мақсатта Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Нұрлыбек Қосановпен тілдестік.
– Соттар қызметінің ең басты міндеті – сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру. Қазіргі уақытта «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электрондық іс жүргізу толықтай іске қосылды, оны сот органдарының «ТӨРЕЛІК» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі қамтамасыз етеді. Бұл жүйе сот құжаттарының электрондық мұрағаты, ішкі портал, кадрлық жүйе, соттардың Интернет-ресурстары, Call-центр, сот құжаттарымен танысу жөніндегі барлық сервистерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Негізгі сервистердің бірі «Сот кабинеті» болып табылады. «Сот кабинеті» сервисінің қызметі электрондық өзара іс-қимыл арқылы сот ісін жүргізуді тұтастай жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Нұрлыбек Оразбайұлы.
Ендігі кезекте аталмыш сервис түрін қысқаша тарқата кетсек. Азаматтар сотқа талап арыздарды (өтініштерді), апелляциялық шағымдарды, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарды сервис арқылы электронды құжат түрінде ұсына алады. Әрі әрбір тұтынушыға ыңғайлы жерде интернет арқылы мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге мүмкіндік бар. Барлық сот актілері судьямен электронды санды қолтаңба қойылғаннан кейін бірден «Төрелік» ақпараттық орталықтандырылған жүйе арқылы «Сот кабинеті» сервисіне түседі. Сот кабинеті елдің кез келген жерінен сотта жеке қатысуынсыз талап арыз беруге мүмкіндік береді, осылайша уақыт пен сот шығындары үнемделеді. Ең бастысы сот жүйесіне қолжетімділік артады, барлық әкімшілік кедергілер жойылады.
Айта кету керек, Республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы сот билігі азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету ең басты міндет деп, атап өтті. Ұлт көшбасшысы сот корпусының алдына сот жүйесінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін және қоғам тарапынан сотқа деген сенімді арттыру міндетін діттеп қойды. Бұның өзі сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығы бойынша ауқымды жұмыстың іске асырылуын қарастырады.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20 қадамын іске асыру барысында сот отырыстарын аудио-бейне таспаға жазу құрылғыларын пайдалану қолға алынғандығы тиімділікті көрсетеді. Себебі, аудио-бейне жазбалар барлық сот процесінің қатысушыларын тәртіпке келтіруге, даулы кезеңдер туындаған кезде процестің нақты барысын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Сот кабинеті» сервисі іске қосылғалы оны пайдаланушылардың саны артып келеді. Сондықтан, сервис күннен күнге жаңаланып, тұтынушылар үшін оңтайландырылуда екен.
– Осы ақпараттық жүйе арқылы мобильдік нұсқа ашылып, жүзеге асуда. Яғни, азаматтардың мобильдік байланысты белсенді қолдануына қарай процесс қатысушыларын сот отырысының орны мен уақыты туралы СМС-хабарламасы арқылы хабардар ету іске асырылған. Ақпараттық сервистердің келесі бір түрі «Сот істерін қарау кестесі» болып табылады. Сот отырысына қатысушылар ҚР Жоғарғы Сотының ресми сайтында сот отырысының тағайындалған күні мен уақыты туралы жеке таныса алады. Бұл сот қызметкерінің электрондық іс жүргізуі арқылы автоматты түрде жүргізіледі, – деді сот төрағасы.
Сондай-ақ «Сот кабинеті» сервисінде тіркелмеген сот процесінің қатысушылары үшін «Сот құжаттарымен танысу» жүйесінің көмегі арқылы азаматтардың құжаттармен танысу мүмкіндігі көзделген. Бұл сервис электрондық құжаттарды логин және пароль енгізу арқылы қарау үшін арналған екен. Сот процесіне қатысушылары логин және паролді СМС-хабарламасы арқылы ұялы телефонына, не электрондық мекен-жайына қабылдайды. Сот құжаттарын көшіріп алу, жүктеу және сақтау мүмкіндіктері қоса бар.
Бүгінде сот жүйесінің жұмысын жеңілдету мақсатында бірқатар пилоттық жобалар енгізіліп, іске асырылуда. Мәселен, бұйрық арқылы іс жүргізу бойынша істерді қағаз жүзіндегі құжаттарсыз қарайтын пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жобаның басты ерекшелігі сот ісін электронды түрде жүргізу арқылы азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі мен сот процесіне қатысушылардың істің барлық құжаттарын электрондық тасығышта беру арқылы қолжетімділіктерін арттыру. Бұл өз кезегінде сот жұмысындағы қағазбастылықтан арылып, уақыт пен бюджеттік қаражаттарын үнемдеуге итермелейді екен. Яғни бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер бойынша әрбір азамат сотқа қағаз түрінде емес, электронды түрде сотқа жүгіне алады. Жобаның тағы бір мүмкіндігі іс материалдарының электронды түрде сот мұрағатында сақталуын қарастырылады.
Пилоттық жоба аясында аудандық сотта төрт айда 43 арыз қаралып, шешімін тауыпты. Әкімшілік істер көп қаралады. Сондай-ақ, «Жаза тағайындау» сервисі де іске қосылғанын атап өтуге болады. Қысқаша түйіндесек, сот саласындағы өзгерістердің бір парасы осы. Яғни, бұл саладағы «Цифрлы Қазақстан» жобасының жүзеге асуын осыдан байқауға болады.
Қорыта айтқанда, сот саласына заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот жүйесіндегі сот өндірісінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әлемдік тәжірибенің жемісі.
23 қаңтар 2018 ж. 1 546 0