ЦИФРЛАНДЫРУ – ӨРКЕНДЕУДІҢ КОДЫ
Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты стратегиялық құжатында «Цифрлы Қазақстанның» маңызына тоқталса, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бағдарламаны жеделдетіп іске қосуды тапсырды. Себебі, ақпараттық
технологиялар қарыштап дамыған заманда цифрландыруға иек артпасақ көшке ілесе алмаймыз.
Қазір өркениетті елдер цифрлы жүйеге көшіп, халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді. Осы ретте, цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес құрылып,
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ендеше, Қазақстандықтардың өмір
сапасын арттыра түсіп, елдегі үрдістерге белсенді араласуын қамтамасыз ететін бағдарламаның ауылшаруашылығы саласына ықпалына тоқталсақ.
Бүгінде Қытай, Сингапур, Жаңа
Зеландия, Оңтүстік Корея және Дания
цифрландыруды – өркендеудің коды ретінде түсінеді. Мәселен, Қытай «интернет плюс» бағдарламасы шеңберінде экономиканы дамытуға мүдделі. Сингапур «ақылды қала» моделін қалыптастырса, Оңтүстік Корея «Креативті экономика» бағдарламасы
аясында адами капитал мен кәсіпкерлікті дамытуға бағыт алды. Дания мемлекеттік
секторды цифрландыруға басымдық беруде.
Қазақстан 2018-2022 жылдары
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске
асырады. Бағдарламада экономика саласын
цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшіру мақсаты тұр. Сондай-ақ, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру бағытын қамтиды. Қазақстандықтардың азаматтық, экономикалық белсенділігін арттырады.
Түсінікті болу үшін ауылшаруашылығы
саласына тоқталсақ. АҚШ, Канада және
Австралия секілді дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық технологиялар ауылшаруашылығы саласын түбегейлі өзгертті. Мәселен, цифрландыру жүйесі автоматтандырылған фермалар құруға жол ашты. Мұндай шаруашылықтар заманауи геоақпараттық жүйелер арқылы топырақтың құнарлығы мен ылғалдылық деңгейін бақылап, агротехникалық ережелерді ұтымды үйлестірудің нәтижесінде жоғары өнім жинауда. Әрі өнімді электрондық сауда арқылы экспорт-
тауда. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын сақтай отырып, өткізуге мүмкіндік туды.
«Microsoft» компаниясының қожайыны Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» компьютерлік бағдарламасы ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін сараптай алады. Дәл қазір Қазақстанда егістік пен жайылымның көбі жекенің қолында және пайдаланылмай жатқаны белгілі. Ал аталған бағдарлама сол жер иелерінің кім екенін, жерді қанша уақыттан бері пайдаланбай жатқанын анықтай алады. Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Оракулы» қолданысқа енуі де мүмкін.
Енді бүгінгі жағдайға нақты тоқталсақ.
Аудан басшысы ауылшаруашылығы саласында тың бетбұрыстарға бағыттады. Диқандарға өнімділігі жоғары күріштің тұқымын аудандастырудың маңызын түсіндірді. Заманауи техникалар өнімділікті арттыруға септігін тигізуде. Дәнді дақылдан мол өнім жинаудың үздік үлгілісі бар «Таң ЛТД» ЖШС тәжірибе
алмасуды ұйымдастырып, серіктестіктің озық тәсілдерін енгізуге жол салды.
Дегенмен, жергілікті билікке шаруашылықтарды автоматтандыру, робот технологияның игілігін пайдалану, электронды сауданың мүмкіндігі арқылы табиғи өнімін өткізу жолдарына машықтандыру керек. Бұл ретте, саланы ғылымға негіздеудің де маңызы зор. Дайын өнімге айналдыру пайданы еселей түсетіні хақ. Ең бастысы, тұрғындардың егіс егу мәдениетіне неге көңіл бөлу қажет-ақ.
Міне, ауылшаруашылығы саласына цифрландыруды енгізудің маңызды қадамдары осылар.
Айта кететіні, Сыр өңіріндегі түліктің үштен бірі Жаңақорған ауданында. Әйткенмен, сүт өнімдерін өндіру, құс еттерін бөлшектеп,
пакеттеп өңдеу, балық өнімдерін өңдеу цехы қалыптаса қойған жоқ.
Мұны да қаперге алған жөн.
Нұрлат Байгенже.