Үйірмелер үмітті ақтай ма?

Өспірімдерді заманауи өнерге баулып, жан-жақты жетілдіруде үйірме жұмысының үлгілік жақтары қандай? Біз осы тақырыпта ізденіп көрдік. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесінің қосар үлесі мол. Қосымша білім берудің бұл түрі оқушылардың қабілетін шыңдап, бос уақытын тиімді өткізуге, тіпті болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететіні рас. Алайда, қоғамда «Үйірме мектептер шын мәнінде үмітімізді ақтай ма?» деген сұрақтың туындауы заңды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. «Балалар үйірмесі қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деді. Осы бағытта әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, өңірімізде үйірмелер көбейіп келеді. Себебі жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, қолдау көрсетіп, қабілетін арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Аудан бойынша үйірмелер жұмысына нақты көз жеткізу үшін әуелі білім бөлімінің әдіскері Назерке Базарбаевамен тілдескен едік.
– Жаңақорған аудандық білім беру ұйымдарына қарасты 4 қосымша білім беру, 3 өнер мектебі мен оқушылар үйі және 1 демалыс лагері жұмыс жасайды. Қосымша білім беру ұйымдарында 4400 бала үйірмемен қамтылуда. Әлшекей атындағы өнер мектебінде 482 оқушы білім алуда. Атап айтсақ, домбыраға – 134, баянға – 24, фортепианоға 13, вокалға 30, бейнелеу өнеріне 49, көркемсөз оқу сыныбына 63, домбыра ансамбліне 17 бала қамтылса, домбырамен ән салу, жыр термеге 24 бала жазылған, 91 бала би өнеріне машықтануда. Түгіскен өнер мектебіне 173, Бесарық өнер мектебіне 180 бала қамтылған. Ал оқушылар үйінде 688, спорттық ұйымдарда 3580 бала қабілеттерін шыңдауда, – деді ол. Жауапты маман одан әрі мектепте өнер және спорт бағытындағы үйірмелер саны 440 екенін жеткізді.
Енді мәдениет саласындағы үйірмелерді тізбелеп көрейік. Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің маманы Нұрғаным Шаметова былай дейді.
– Жыл басынан бері 123 үйірмеге 1298 өнерпаз қамтылған. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасына сәйкес 5 үйірме ашылып, оған 34 өнерпаз тартылды. Атап айтсақ, Жайылма ауылдық клубынан «Жас талант» көркемсөз оқу үйірмесі, Өзгент ауылдық клубынан «Сиқырлы бояулар» сурет үйірмесі, Алмалық ауылдық клубында «Домбыра үні» домбыра үйірмесі, Кейден ауылдық клубында «Бірлестік» драма үйірмесі, Екпінді ауылдық клубында «Шаттық» би үйірмесі ашылған. Қазіргі таңда 128 үйірмеде мүшелерінің саны 1332-ге көбейді, – деді.
Балалар және жасөспірімдер үйірмесіне 1087 балғын қатысса, оның ішінде ауылдық жерде 92 үйірме ашылып, 961 қатысушы тіркеліпті. 11 бүлдіршіндер үйірмесі және ересектер қатысатын 12 үйірме ашылыпты. Үйірмелерді жанрына қарай жіктесек: 16 би, 19 домбыра, 28 ән, 7 бейнелеу, 19 көркемсөз, 5 драма, 6 қолөнер, 1 қобыз, 3 ақындық өнер, 1 қуыршақ, 1 дәстүрлі ән, 1 фото, 1 «Дала жұлдыздары» үгіт бригадасы (халықтық), 3 жыр – терме, 2 әзіл-сықақ, 1 «Қаратау қазынасы» (халықтық) ансамблі, 2 гитара үйірмесі, 2 халықтық отбасылық ансамбль, 2 әжелер ансамблі, 1 «Әлшекей» ұлт аспаптарн оркестрі қамтылған. Осы тұста айта кетейік, 2025 жылы үйірме мүшелері 25 байқауға 255 өнерпазды қатыстырып, 7 рет бас жүлде, 13 – І орын, 11 – ІІ орын, 8 республикалық, 18 – ІІІ орын, 40 – Алғыс хат иегері атанды. Бұл өте жақсы нәтиже деп есептейміз. Әлбетте, бүгінгідей технологияның дамыған уақытында баланың мектептен тыс уақытта қосымша білім алғаны жөн. Уақытым жоқ дегенді алға тартып баласына телефон ұстатуға мәжбүр ата-аналар баланы білімсіздіктен аман сақтаудың бірден-бір жолы осы үйірме екенін де жасырмайды. Әйткенмен, үйірменің үйретері бар ма?
Қазір мемлекеттік үйірмелерден бөлек жеке үйірме мектептердің де саны артты. Тіпті, санамалап шығудың өзі қиын. Баланы белгілі бір өнерге баулып, шығармашылығын шыңдап жатқандары да аз емес.
Сонымен қатар мемлекеттен еншілейтін қаржыны ғана көздеп, ар жағына бас ауыртқысы келмейтіндерге не деуге болады? Біздің өңірімізде де үйірме мектеп ашу үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүргендер аз емес. Мысалы, аудан тұрғыны Айнұр Әбділлақызы өнер үйірмесін ашу үшін несие рәсімдеп, ғимаратты жалға алып, оны жөндеуден өткізген. Бірақ әлі үйірмені ашпаған. Өтінім берген. Бірақ атаулы салаға бөлінген қаржының бітіп қалуына байланысты қадамы қысқарып, алған несиесін қалай жабарын білмей басы қатып жүр екен. Қосымша қаржы қарастырылғанымен ол қашан берілетініне, өтінімінің қайтадан кері қайтарылмайтынына кепілдік жоқ екенін айтады. Десе де ебін тауып «көз қысты, бармақ басты» әрекетке барып, құжаттарын әзірлеп, өрендерді өнерге баулуға рұқсат алғанымен іс жүзінде жұмыс жасамай келе жатқан фактілердің кездесуі қынжылтады. Бұл ретте жауапты сала мамандары арнайы тексеріске шығып, бір емес бірнеше рет зерделеу жұмыстарын жүргізіп, талапқа сай келмейтін үйірме мектептердің жұмысын тоқтатқанын құлақ естіп, көз көрді.
Біз бүгінгі таңда жұмыс жасап тұрған үйірмелердің жұмысын саралап көргенді жөн көрдік. Әуелі №7 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысып көрмек ниетте, арнайы спорт мектебіне барып көрген едік. Аталған спорт мектебі аудан жастарын спортқа баулуда, олардың шымыр да ширақ болып өсуіне жағдай жасауда үлкен рөл атқарып отырғанына көзіміз жете түскендей. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге әртүрлі спорт түрлері бойынша арнайы жаттықтырушылар тәлім беріп, жаттығулар кәсіби деңгейде ұйымдастырылуда. Бұл жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, үлкен спортқа жол ашады. Осы спорт мектебіне қарайтын 9 спорт кешені бар екен. Төменарық, Сүттіқұдық, Бірлік, Әбдіғаппар елді мекендерінде және кент орталығындағы Ақсарай, Айсұлу, Алпамыс батыр атындағы спорт кешенінде 1793 бала 19 түрлі спорттың түрімен айналысып келеді екен. Жалпы, 61 жаттықтырушы балаларды күнделікті дайындап, түрлі спорт түрлеріне баулып келеді. Атап айтсақ, ауыр атлетикадан 78, баскетболдан 142, бокстан 112, волейболдан 118, гандболдан 108, дзюдодан 104, еркін күрестен 350, таеквондодан 64, үстел теннисінен 42, белбеу күресінен 150, каратэден 42, футболдан 120, шахматтан 12, қазақ күресінен 150, аударыспақтан 10, жамбы атудан 30, көкпардан 87, теңге ілуден 25, тоғызқұмалақтан 42 жасөспірім шыңдалу алаңында жүр.
Осы ретте №7 олимпиадалық резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сламхан Боранбаевпен тілдескен едік.
– №7 спорт мектебінен шыққан жасөспірімдер тек аудандық емес, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық додаларда бақ сынап жүр. Олар өздерінің жеңісімен Жаңақорғанның абыройын асқақтатып, жас буынға үлгі болуда. Мектеп түлектерінің арасында ел чемпионаттарында топ жарған, Азия біріншіліктерінде жүлдегер атанған спортшылар бар. Жаңақорған жастары үшін спорт мектебінің маңызы тек жеңіспен өлшенбейді. Ең бастысы – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаман әдеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Жаттықтырушылардың айтуынша, спортпен айналысқан әр бала – ертеңгі күні шыныққан, отаншыл азамат болып қалыптасады. №7 олимпиадалық резерв мектебі алдағы уақытта да жұмысын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Бұл жоспарлар жүзеге асса, Жаңақорғаннан талай чемпиондар шығатынына сенім мол. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – аудан спортының алтын қазығы. Бұл жерден талай үміт оты маздап, ел намысын қорғаған жас чемпиондар түлеп ұшты. Сондықтан спорт мектебінің жұмысы – жас буынға демеу, ауданға абырой, елге мәртебе, – дейді ол.
Ал, №8 спорт мектебінде 1292 бала шынығып жатыр екен. Тарқатып айтсақ, ауыр атлетикаға – 144, боксқа – 114, волейболға – 128, гандболға – 140, таеквандоға – 34, футболға – 24, дзюдоға – 136, еркин куреске – 126, белбеу куреске – 136, самбоға – 108, стол теннисине -36, қазақ күресіне-166 бала қатысып, қабілеттерін шыңдауда.
Одан әрі кент орталығындағы оқушылар үйінің жұмысымен танысып көрген едік. Бұл орталықта 200 бала 22 үйірмеге қамтылыпты. Бос уақыты жоқ үнемі пайдалы дүниеге әуес жасөспірім түрлі зиянды әдеттерден аулақ болып, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Қоғаммен араласып, өзін сол қоғамның бір мүшесі екенін сезініп, елдің дамуына үлес қосуға, адал еңбек етуге дағдыланады. Ондай баланың болашағы жарқын болары анық. Өзіне де, өзгеге де пайдалы азамат болып қалыптасады.
Бұл білім орталығында домбыра, фортепиано, баян, көркем сөз, кескіндеме, қол өнер, би сынды үйірмелер оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда таптырмас мүмкіндік болып тұрғаны көңіл қуантады.
– Балалар бізге негізінен мектепалды даярлық сыныбынан бастап келе бастайды. Таңертең оқитын балалар түстен кейін келсе, түстен кейін оқитын оқушылар таңертең келіп, сабақтан тыс үйірмелерге қатысады. Көріп отырғаныңыздай, балалардың қызығушылығы жоғары. Ұстаздар баланың қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беріп, қабілетін ашады. Бұл жерден қосымша білім алған балалар көптеген байқаудың лауреаты атанып, түрлі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуына үйірменің үйретері көп. Баланың пайдалы іспен шұғылдануының өзі үшін де, ата-анасы үшін де маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларға сапалы білім берумен қатар оларды тұлға ретінде дамыту, әрқайсысының бойындағы мүмкіндіктерін ашу.
Баланың интеллектуалдық қарым-қабілетін дамыту үшін ментальды арифметика, ағылшын тілі, балаларға тәрбиелік-тағылымдық сабақ беруді жолға қойып келеміз. Осы тұста айта кетейін, үйірмелердегі жүргізілетін жұмыстардың өзі баланың көкірек көзін ашатындай, ұлттық мұралардан мағлұмат бере алатындай бағытта болуы керек. Түрлі үйірмелерде батырлар жыры талданып, қисса-дастан, терме-жырлардан насихат тыңдап өскен баланың бойында отансүйгіштік, патриоттық қабілеті артары сөзсіз. Жыр-термелер тыңдап өскен жас буынның Абай атамыз айтқан «толық адам» болып қалыптасуының ықтималдығы жоғары. Осы үйірмелерде қыз балалар іс тігіп, тоқыма тоқыса ұлттық нақыштарға құрмет сезімдері артып, икем дағдылары қалыптасады, – дейді орталық басшысы Жолдыбай Тоқболат.
Ия, бүгінгі күні оқимын, үйренемін деген талапкерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек, осындай игі мүмкіндіктерді уақыт оздырмай пайдалану керек-ақ. Бір байқағанымыз, атаулы білім ошағына оқушылардан бөлек, ата-аналар да дән риза. Айталық, кент тұрғыны Әсия Сүлейменованың оқушылар үйінің ұжымына айтар алғысы шексіз.
– Менің қызым осы орталыққа екі жылдан бері үздіксіз келеді. Биыл домбыра үйірмесінің 2-сыныбында оқиды. Одан бөлек, мұнда қыз балаларға қолөнерден сабақ өтеді. Қызым оған да қатысып жүр, – дейді ол.
Бұрын ойын баласына ағылшын тілін үйрету сән болса, қазір орталықта ментальді арифметика, шешендік өнер, актерлік шеберлік сынды үйірмелерге жазылушылар көп екен. Біз де баламызды қандай үйірмеге берген дұрыс деген сауалға жауап іздеп көруге тырыстық. Бұл жөнінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Беркімбаеваның пікірін білдік.
– Үйірме жұмысы оқушының қабілетін, дарынын шыңдап қоймай, олардың кәсіби бағдар алуына бағыт береді. Баланың қандай үйірмеге баратынын баланың өзі емес, ата-аналар таңдап жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі, баланың қабілет-қарымы, қалауымен санасқан жөн. Үйірме жұмысы аптасына 3 рет, ұзақтығы 40 минуттан аспағаны дұрыс, – дейді ұстаз.
Мағжан Жұмабаев «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деген екен. Үйірме мектептер өздерінің жұмысын көрсету мақсатында баланы сайыс аламанында шыңдағаны дұрыс. Бірақ жалған жетістік, қолдан көтермелеу ешкімге пайда әкелмейтінін білгеніміз жөн.
Байқағанымыздай, ауданымызда баланы тәрбиелеудің басты құралы саналатын үйірмелер жұмысы бір ізге түскен. Бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылып жатқандығы көңіл қуантты. Бастысы, ел сенімін ақтау. Ал балалар – біздің келешегіміз.
Әсел РЗАЕВА




