» » Үйретері көп оқушылар үйі

Үйретері көп оқушылар үйі


Елімізде оқушылар үйі қыркүйектің 15 жұлдызында өз жұмысын бастайтыны белгілі. Аудан орталығындағы оқушылар үйі де дәстүрге сай, жаңа оқу жылын бастады. Жеткіншектердің интеллектуалды тұрғыдан дамып, кәсіби бағдар алуына мектептен тыс білім беру жүйесі мен тәрбиенің тигізер үлесі ерекше. Бұл тұрғыда аудандық оқушылар үйі балалар шығармашылығына серпін беріп келеді. Жас өрендердің дарыны мен қабілетін дамыту үшін түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану – өмір талабы. Оқушылар үйінің үйірме жетекшілері де осы мақсатпен қызмет етуде.


Биылғы жаңа оқу жылында осындай талаппен бағдар түзген орталықтағы бірлестіктер шәкірттің тұлғалық, шығармашылық қабіле­тін дамыту, кәсіптік бейімділігін қалыптастыру, саламатты өмір салты мен мәдениетін көтеру, оқушылардың бос уақытын тиімді және мазмұнды ұйымдастыру сынды мақсатты жұмыстарына кірісіп кетті.
– Әрбір тұлға – бір әлем. Сон­дықтан ата-ана да өз баласының ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, бейімділігіне қарай қосымша үйірмелерге қатысуына зер салып отырса, келешек өмірде өз жолын дұрыс таңдап, бағдарлай ала­тын болашақты тәрбиелеп шыға­тын боламыз, – дейді аудандық оқушылар үйінің міндетін атқарушы Мұрат Әуелбеков.
Оқушылар үйінде жиырма алты үйірме жұмыс жасауда. Оларда 999 білімгер сабақтан тыс уақытта қарым-қабілетін шыңдай алады.
Бұл үйірмелердің дені бала­ның, мектепте алған білімін жетілді­руге, болашақта мамандық таң­дауға бағдар беруге көмектеседі, сондықтан барлық үйірмелер сұранысқа ие. Талай шәкірттің қабілет-қарымын шыңдап, қияға қанаттандырған өнер ұясында балалармен жұмыс істейтін пе­дагог мамандардың үйретері көп. Арнайы жабдықталған үйірме кабинеттерінде баланың ой-өрісін дамытуға байланысты мүмкіндіктер жоғары.

Әсел РЗАЕВА

21 қыркүйек 2024 ж. 448 0