№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үйірменің үйретері бар ма?

Үйірменің үйретері бар ма?

Соңғы кезде тынысы ашылған оқу-тәрбие нысандары қатарында үйірмелер де өз имиджін қалыптастырып үлгерді. Мәселе санында емес, сапасында. Біз осы бағытта ізденіп көрген едік.
Естеріңізде болса, 2020 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. «Балалар үйірмесі қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күшжігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деген еді. Осы бағытта әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, өңірімізде үйірмелер көбейіп келеді. Себебі жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, оларға қолдау көрсетіп, қабілетін арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.
Осы мақсатта ауданымыздағы үйірме мектептердің жайын зерделеп көруге тырыстық. Әуелі білім бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрымжан Бұлдырықовпен тілдескен едік:
– Жаңақорған аудандық білім беру ұйымдарына қарасты 4 қосымша білім беру, 3 өнер мектебі мен оқушылар үйі және 1 демалыс лагері жұмыс жасайды. Қосымша білім беру ұйымдарында 1485 бала үйірмемен қамтылуда. Әлшекей атындағы өнер мектебінде 459 оқушы білім алуда. Атап айтсақ, домбыраға – 134, баянға – 24, фортепианоға 13, вокалға 30, бейнелеу өнеріне 49, көркемсөз оқу сыныбына 63, домбыра ансамбліне 17 бала қамтылса, домбырамен ән салу, жыр термеге 24 бала жазылған, 91 бала би өнеріне машықтануда, – деді. Жауапты маман одан әрі Түгіскен өнер мектебіндегі үйірмелерде 700, «Тау самалында» 700-дей талапкердің түрлі өнерге шыңдалып жатқанын жеткізді. Бұл, әлбетте білім саласына бағытталғаны.
Енді мәдениет саласындағы үйірмелерді тізбелеп көрейік. Жаңақорған аудандық мәдениет үйінің маманы Нұрғаным Шаметова былай дейді. – Жыл басынан 123 үйірме жұмыс жасап оған 1298 өнерпаз қамтылған. «Адал адам» мәдени–тәрбие орталығы тұжырымдамасына сәйкес 5 үйірме ашылып, оған 34 өнерпаз тартылды. Атап айтсақ, Жайылма ауылдық клубынан «Жас талант» көркемсөз оқу үйірмесі, Өзгент ауылдық клубынан «Сиқырлы бояулар» сурет үйірмесі, Алмалық ауылдық клубынан «Домбыра үні» домбыра үйірмесі, Кейден ауылдық клубынан «Бірлестік» драма үйірмесі, Екпінді ауылдық клубынан «Шаттық» би үйірмесі ашылған. Қазіргі таңда 128 үйірме жұмыс жасап өнерпаз саны 1332-ге көбейді, – деді. Балалар және жасөспірімдер үйірмесіне 1087 балғын қатысса, оның ішінде ауылдық жерде 92 үйірме ашылып, 961 қатысушы тіркеліпті. Он бір жастар үйірмесін және үлкендер қатысатын 12 үйірме ашылыпты. Ал үйірмелер жанрына қарай жіктесек, 16 би, 19 домбыра, 28 ән, 7 бейнелеу, 19 көркемсөз, 5 драма, 6 қолөнер, 1 қобыз, 3 ақындық өнер, 1 қуыршақ, 1 дәстүрлі ән, 1 фото, 1 «Дала жұлдыздары» үгітбригадасы (халықтық), 3 жыр – терме, 2 әзіл –сықақ, 1 «Қаратау қазынасы» (халықтық), ансамблі, 2 гитара үйірмесі, 2 халықтық отбасылық ансамбль, 2 әжелер ансамблі, 1 «Әлшекей» ұлт оркестрі қамтылған. Осы тұста айта кетейік, 2024 жылы үйірме мүшелері 25 байқауға 255 өнерпазды қатыстырып, 7 рет Бас жүлде, 13 – І орын, 11 – ІІ орын, 8 республикалық, 18 - ІІІ орын, 40 – Алғыс хат иегері атанды. Бұл өте жақсы нәтиже деп есептейміз. Әлбетте, бүгінгідей технологияның дамыған уақытында баланың мектептен тыс уақытта қосымша білім алғаны жөн. Өйткені, «Уақытым жоқ» дегенді алға тартып баласына телефон ұстататын ата-аналар баланы білімсіздіктен аман сақтаудың бірден-бір жолы осы үйірме екенін де жасырмайды. Әйткенмен, үйірменің үйретері бар ма?
Қазір мемлекеттік үйірмелерден бөлек жеке үйірме мектептердің де саны артты. Тіпті, санамалап шығудың өзі қиын. Әлбетте, барлығына бірдей күйе жаға алмаймыз. Баланы белгілі бір өнерге баулып, шығармашылығын шыңдап жатқандары аз емес. Тек, кейбіреулерінің мемлекеттен түсетін ақшаны ғана ойлап, баланың болашағына немқұрайды қарайтындары жасырын емес. Біздің өңірімізде де үйірме мектеп ашу үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүргендер аз емес. Мысалы, аудан тұрғыны Айнұр Әбділлақызы өнер үйірмесін ашу үшін несие рәсімдеп, ғимаратты жалға алып оны жөндеуден өткізген. Бірақ әлі үйірмені ашпаған. Өтінім берген. Бірақ атаулы салаға бөлінген қаржының бітіп қалуына байланысты қадамы қысқарып, алған несиесін қалай жабарын білмей басы қатып жүр екен. Қосымша қаржы қарастырылғанымен ол қашан берілетініне, өтінімінің қайтадан кері қайтарылмайтынына кепілдік жоқ екенін айтады. Десе де ебін тауып «көз қысты, бармақ басты» әрекетке барып, құжаттарын әзірлеп, өрендерді өнерге баулуға рұқсат алғанымен іс жүзінде жұмыс жасамай келе жатқан кәсіпкерлерде аз емес. Осыдан біршама уақыт бұрын балабақша ашу сәнге айналып, ауданымызда бөбектер мекені көптеп ашылған еді. Бірақ тексеріс кезінде құжатта бар бала ол жерге мүлдем келмегені, тіпті балабақшаның орнында ескі сарай тұрғаны жайлы жолсыздықтардың анықталғаны жайлы ақпарат көздерінен білген едік. Бұл мәселеде де сондай деректер орын алмасына кім кепіл? Біздің көздегеніміз – балалардың қамы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалғаны.
Осы мақсатта кент орталығындағы Әл-Фараби білім беру орталығының жұмысымен танысып көрген едік. Бұл орталықта 200 бала 11 үйірмеге қамтылыпты.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап Бірлік ауылынан да екінші филиалын ашып, онда 60 бала тіркеліп, 4 үйірме жұмысын бастаған екен. Білімді ту еткен үйірме мектебін аралап шыққанда балалардың талпынысы мен қабілетін көріп іштей қуандық. Себебі «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» демекші, түрлі жаман әдеттер баланың селтеңдеп бос жүргенінде үйір болады ғой. Бос уақыты жоқ үнемі пайдалы дүниеге әуес жасөспірімнің түрлі зиянды әдеттерден аулақ болып, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Қоғаммен араласып, өзін сол қоғамның бір мүшесі екенін сезініп, елдің дамуына үлес қосуға, адал еңбек етуге дағдыланады. Ондай баланың болашағы жарқын болары анық. Өзіне де, өзгеге де пайдалы азамат болып қалыптасады.
Бұл білім орталығында ментальды арифметика, математика, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, көркем сөз, кескіндеме, қол өнер, би, таэквондо сынды үйірмелер оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда таптырмас мүмкіндік болып тұрғаны көңіл қуантады.
– Балалар бізге негізінен мектепалды даярлық сыныбынан бастап келе бастайды. Таңертең оқитын балалар түстен кейін келсе, түстен кейін оқитын оқушылар таңертең келіп, сабақтан тыс үйірмелерге қатысады. Көріп отырғаныңыздай, балалардың қызығушылығы жоғары. Ұстаздар баланың қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беріп, қабілетін ашады. Бұл жерден қосымша білім алып өскен балалар көптеген байқаудың лауреаты атанып, түрлі республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуына үйірменің үйретері көп. Бала қолы қалт еткенде пайдалы іспен шұғылданса, өзі үшін де, атаанасы үшін де қажет. Біздің басты мақсатымыз – оқушыларға сапалы білім берумен қатар әр оқушыны тұлға ретінде дамыту, әрқайсысының бойындағы мүмкіндіктерін ашу. Баланың интелектуалдық қарым қабілетін дамыту үшін ментальды арифметика, ағылшын тілі, балаларға тәрбиелік-тағылымдық сабақ беруді жолға қойып келеміз. Бұл ретте ата-ана алғысы бәрінен маңызды, – дейді білім орталығының басшысы Айнаш Әбсаттарова.
Ия, бүгінгі күні оқимын, үйренемін деген талапкерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Тек, осындай игі мүмкіндіктерді уақыт оздырмай, пайдалану керек-ақ. Бір байқағанымыз, атаулы білім ошағының ашылғанына оқушылардан бөлек, ата-аналар да дән риза. Айталық, кент тұрғыны Әсия Сүлейменованың мектеп ұжымына айтар алғысы шексіз.
– Менің қызым осы Әл-Фараби қосымша білім орталығына екі жылдан бері үздіксіз келеді. Бастапқыда уайымдадық, жаңа ортаға қалай үйренеді екен, не үйретеді екен дедік. Жоқ, бірден ортаға қосылып, түрлі үйірмелерге қатысып жатыр. Сабағы жақсы, ағылшын тілі мен математиканы тереңдетіп оқытады екен. Ең бастысы, қыз балаларға қолөнерден жақсы сабақ өтеді. Қызым сабақ барысында білгентүйгенін маған айтып келеді. Әлгі сабақ қыздарды оқумен қоса, үй тірілігіне бейімдеп, еңбек етудің қыр-сырын меңгертеді, – дейді ана.
Білім беру орталығының жұмысын көргенімізде бейнелеу өнерімен айналысып жатқан балалар суреттерін көрсетсе, домбырашылар күмбірлете күй тартты. Бишілер мың бұралып билесе, ән үйірмесінің білім алушылары «Дайди-дау» әнін тамылжыта орындады. Бұл өнер түрлерін меңгеру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қажетті музыкалық аспаптармен қамтылған. Ұстаздар да көптеген байқауларда лауреат атанған балаларға үлгі болардай жас дарындар. Өнер мен білімнің қара қазаны бұрқылдап қайнап жатқан киелі ошақ екен. Дейтұрғанымен, баланы заман талабына сай етіп, бір емес бірнеше өнерді бойына дарытамын деп балаға артық жүктеме артып қоятын жас атааналардың да көбейгенін психолог мамандар жиі айтады.
Тіпті ұстаздардың өзі баланың бос уақытының жоқтығын тілге тиек етіп, оларды өз қалауымен тәрбиелеуге шақыруда. Бұрын ойын баласына ағылшын тілін үйрету сән болса, қазір олар ментальді арифметика, шешендік өнер, актерлік шеберлік сынды үйірмелерге жазылушылар көп екен. Ұлағатты ұстаздардың сөзінен кейін, бізде балаға қандай бағыт беруге немесе қанша үйірмеген берген дұрыс деген сауалға жауап іздеп көруге тырыстық. Бұл жөнінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Беркімбаевадан сұраған едік. – Үйірмелердің оқушыларға берер мол. Әрбір оқушының қабілетін, дарынын шыңдап қоймай, олардың кәсіби бағдар алуына септігін тигізеді. Бірақ, балаға үйірмені баланың өзі емес, атааналар таңдап жатады. Яғни, баланың қалауынсыз беріп жатады. Мысалы, кейбір әкелер баласының атақты боксер болуын қалап, боксқа береді. Бұл дұрыс емес. Себебі, баланың өз қабілетқарымына, өз қалауына қарай баулығын жөн. Балаға сабақ барысында артық жүктеме берген дұрыс емес. Өйткені, мектепте оқушылардың сабақ кестесін құрғанда негізгі пәндер, яғни математика, ана тілі, орыс тілі сынды сабақтармен қоса ән, дене шынықтыру сынды жеңіл сабақтарды араластырып қояды. Ал, мектептегі сабағын оқып, мектептен тыс уақытта үйірмеге баратын балалар үшін үйірмелер аптасына 3 рет, ұзақтығы 40 минуттан аспағаны дұрыс, – дейді ұстаз. Мағжан Жұмабаев «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деген екен. Осы ретте, үйірме мектептер өздерінің жұмысын көрсету мақсатында балаларды жиі халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға апарып, жүлделі орындарды барлығына бірдей беруді дәстүрге айналдырғаны көңілге қаяу салады. Шыны керек, редакциямызға баласын жетектеген атаана немесе шәкіртін ерткен мұғалімдер жиі келеді. Әуелгіде баланың жетістігіне қуанатын едік.
Бірақ, байқауға барған он баланың бесеуі бірінші, тағы бесеуі екінші орын алып келетінін көргенде қуанышымыз басылып қалатын болды. Әлбетте, баланың бойындағы талантты танып, шығармашылыққа баулуда ұстаздардың еңбегі зор. Бірақ, баланы жастан көзбояушылыққа емес, кемелдікке баулығанымыз жөн емес пе? Ел ертеңі – жас ұрпақты жан-жақты білімді, өнерлі етіп өсіруде өлшеусіз үлес қосып отырған үйірмелердің табысқа жетеріне сенім мол. Байқағанымыздай, өңірде баланы тәрбиелеудің басты құралы саналатын үйірмелер жұмысы бір ізге түскен. Бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылып жатқандығына да куә болып жүрміз. Дей тұрғанымен, баланың болашағын емес, мемлекеттен түсетін пайданы ойлап, үйірме мектеп ашып, көзбояушылыққа бой алдырып отырған кейбір азаматтарға ой тастасақ деген ниет біздікі.

Әсел РЗАЕВА
01 шілде 2024 ж. 252 0