Төрт түлік қысқа төтеп берсін десек жем-шөбіңізді жинап алыңыз

Алдындағы төрт түлігінің жайын қамдаған ауылдағы ағайын мал азығының мол қорын жасауға бүгіннен кіріспесе, ертең кеш болады. «Қыстың жайын жаз ойла» дегендей, жаңақорғандық шаруалар қыстан қысылмай шыға ала ма? Қысқа әзірлік барысы қалай? Жем мен шөптің қоры табиғаттың тосын сыйына қаншалықты төтеп бере алады? Осы сұрақтар төңірегінде жауапты мамандармен пікір алмастық.
Әдетте жанар-жағар май қымбаттаса, базар бағасы құбылып, азық-түлік бағасы бірден көтеріледі. Сол секілді, шөптің нарықтағы құны шарықтай бастаған еді, еттің келісі еселене түсті. Иә биыл Жаңақорғанда мал азығы, оның ішінде, жоңышқа шөбі жылдағыдан қымбат сатылуда. Жылда бұл уақытта бір бумасы 500-600 теңгеден аспайтын жоңышқа биыл екі-үш есе құнды көрсетіп тұр. Оның себеп-салдарын іздеудің де жөні жоқ, өйткені нарық бағасын сұраныс пен ұсыныс реттейді емес пе? Десе де, нәпақасын төрт түліктен тауып жүрген шаруаларға бұл ауыр тигені рас. Шыны керек, Жаңақорғанда әрбір үшінші үй мал ұстайды. Онысы жылда бұзаулап, сүтін ішіп, тіпті пұлдауға жарап тұр. Биыл ет бағасы 2500 теңгеден, ал сүттің литрі 400 теңгеден түспеді, оның себебі тағы шөптің бағасына келіп тіреледі.
Осы ретте, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевтен аудандағы шөп қоры жөнінде мәлімет сұрадық.
– Мал шаруашылығы – ауылшаруашылық өндірісінің маңызды саласының бірі. Жаңақорған ауданы бойынша биылғы жылы 75 816 бас мүйізді ірі қара, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 121,7 пайызды құрап отыр 319 911 бас қой (102,6 пайыз), 9 303 ешкі (87,8 пайыз), 29 030 бас жылқы (107,6 пайыз), 2 175 бас түйе (100,0 пайызға өскен), 18 491 бас құс (94,3 пайыз) бар. Өндірілген мал өнімдерінің көлеміне тоқталсақ, сауылған сиыр сүті 3 511,7 тонна өндірілді. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 103,7 пайызға, сүт 101,6 пайызға, жұмыртқа 102,5 пайызға орындалды.
2025-2026 жылдың қысқа түсетін ауыл шаруашылығы жануарларына 185,8 мың тонна шөп, 37,5 мың тонна жем, 37,6 тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Бүгінгі күнге 88,2 мың тонна шөп (47,5,0%), 9,0 мың тонна жем (46%) дайындалып отыр. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады. Алдағы уақытта жоңышқа дақылдары қалдықтарының жиналуымен қыстауға қатысатын мал басына қажетті жем-шөп қорымен толық қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақыта 1 пресс жоңышқа шөбі 800-850 теңгеге, табиғи шөп 500-600 теңгеге және бидайдың келісі 120 тенгеден сатылуда. Алдағы уақытта жоңышқа дақылдары қалдықтарының жиналуымен қыстауға қатысатын мал басына қажетті жем-шөп қорымен толық қамтамасыз етілетін болады, – дейді сала басшысы.
Жалпы ауданда 781 шаруа қожалығы болса, соның 321-і мал шаруашылығымен айналысады. Міне, осы шаруашылықтың барлығында қара күзге дейін жем-шөптің қорын қамдап, қаражатқа айналдыратындар да аз емес. Төрт-түлікті бағып, күтіп ұстап, мал шаруашылығымен айналысатын еңбек адамы үшін қара жерден өнгеннің бәрі алтынға бергісіз. Ақшаға сатып алып, қаржы шығындағаннан қара топырақта өнгенді өрістегі мал-жанның қысқы азығына айналдырған әлдеқайда артығырақ.
Егінді жинап алғаннан кейін орнында қалатын масағының өзі көңілге тоқ. Сөз басында қос кәсіп бірін-бірі толықтырады деуіміздің де сыры осында. Дала төсінде тер төккен егіншінің несібесі – алған өнімі мен орымының нәтижесімен өлшенеді.
Иә, қазір аудан орталығындағы тұрақта шөп тиелген жүк көліктері қатар түзеп тұр. Олардың көбі алыпсатарлар. Сондықтан үстіне тиын қойып пұлдайтыны заңдылық. Ендігі ретте, кенттегі шөп тұрағына айналған Құрманғазы көшесінің басына барып, шөптің жайын байқадық. Таңертеңнің өзінде 4 КамАЗ автокөлігіне тиелген пресс шөп саудаланып тұр екен. Бір пресс шөптің бағасы 900 теңгеден саудалануда. «Шөптің бағасы неге қымбат? – деген сауалымызға:
– Шыны керек, мен алыпсатармын. Диқандардан саудалап алып келем, білесіздер бензин бағасы қымбаттады. Бағаны реттейтін біз емес. Біз диқандарға кінә артудан аулақпыз, өйткені, қымбатшылық тек малдың жем-шөбінде ғана емес, базардағы бағаны да тербелтіп тұр. Сондықтан да, былтырғы жылға қарағанда қымбат сатылып жатыр. Көріп тұрсыз ғой, алушылар аз, оның үстіне малдың барлығы өрісте. Сондықтан жұрт әзірге асықпайды деп ойлаймыз. Жылдағы қалыптасқан әдет қой. Қазір күн жылы, ертең күн салқындай қалса малы бар жандар таласа-тармаса шөп алуға асығады. Бұл да маусымдық кәсіп қой, – дейді.
Одан әрі шаруа қожалықтарына хабарласып, төрт түліктің және жем-шөптің қоры туралы сұрадық. Алдымен «Мырзабай» шаруақожалығының иесі Әбсаттар Мырзабаевпен сөйлестік.
– Біз 40 гектар жерге жоңышқа егіп едік. Бұл жиналған жоңышқа малдың қыстан шығуына жетпейді. Қосымша жан-жақтан шөп сатып алып жатырмыз. Биыл шөп бағасы аспандап тұр. Бәрібір алуға мәжбүрміз. Жазда оттықпаған малдың қысқа түскені тіпті қиын болғалы тұр. Әупірімдеп аман жеткізсек те, ол мал қыстан қалай шығады? Өйткені, биылғы жаздың жағдайымен бірінші рет бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір ауданда шөп жоқ емес, бар. Оның бағасы әжептәуір қымбаттады. Бұрын престің бір данасы 500-700 теңге болса, қазір 1000 теңгеге дейін көтеріп жатыр. Негізі, қысқа керек шөптің өзі қараша айына дейін жиналуы тиіс. Дегенмен, ойлап қарасақ, қысқа жету үшін де 1-2 бас сиыры бар үйдің өзіне 4-5 тонна шөп керек. Жалпы қыстан ширығып шыққан мал көктемде босаңсиды. Сондықтан мұндай қуаңшылық айрықша ауыр тиеді, – деп бүкпесіз шындығын баяндады.
Осы ретте сала ардагері Керімхан Егізбаевты сөзге тарттық.
– Шындықтың бетіне тура қарасақ, өте ауыр жағдайда тұрмыз. Биыл жаз мал жемейтін жантақтың өзін мал жеп түгесті. Ал жантақтың астында өсетін шөптер шықпады. Осыған қарап, қыстың күні өте ауыр өтетінін байқауға болады. Өзім ақпарат көздерінен үзбей күнделікті жаңалықтарды қарап отырамын. Жалпы, мұндай ауыр жағдайлар егіз болады деп жатады. Үлкен ақсақалдар үшем болуы да мүмкін деседі. Бұрын бұндай жағдайлар болған ғой. Малдың жайы бағымнан бұрын табиғаттың жай-күйіне қатты тәуелді. Қазір, байқап қарасаңыз, малдың қоңы өте төмен. Әлбетте, осындай күрделі мәселелер, яғни малдың көтерем болатын уақыттары болған. Бірақ әупірімдеп Сыр беткейге түсіп, өтіп кететінбіз. Төрт түлік жазда тауды, қыста Сырды жайлаған ғой. Қазір Сырдың өзінде шөп тапшы, жағдай мәз емес. Құмда боса да шөп жоқ. Ауыртпалық қыс мезгіліне түсейін деп тұр. Шөп еккен біздің өзімізде малға қажеттісі ғана бар. Ал артық жоқ. Сонымен қатар, халықтың шөпті сатып алу қабілеті төмендеді. Өйткені, көпшілігінде ақша жоқ. Өткенде жұрттың бәрі дүрлігіп шөп алып жатқанда, қамыстың өзін 500 теңгеден таппай жатты. Қазір шөп сататын орынға барып қарасаң, алушы жоқ. Қазір қарапайым халықтың уайымы басым. Өйткені, біздің өңір егіншілік пен мал шаруашылығымен күн көріп отыр ғой. Малдың қоңы төмен болғаннан кейін өзбек ағайындар жапатармағай сатып алып жатыр. Олар мал етін шетелге саудалап жатыр. Өйткені, шетелге еттің келісін 5000 мыңнан өткізеді. Байыбына барып қарасаң, болашақты айту оңай болмай отыр. Меніңше, тиісті сала мамандары тез арада жүйелі жұмыс жасап, батыл қадамдар жасамаса өте ауыр болғалы тұр, – дейді.
Қордаланған мәселе шаруалардың шымбайына батып тұр. Биыл судың тапшылығына байланысты шөптің шығымы төмен.
Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын ауданда малдың басы артып келеді. Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Сондықтан мал азығына сұраныс кеміген емес. Алайда нарықтың заңы – сұраныс пен ұсынысқа сай құрылады. Мәселе тығырықтан жол таба білуде.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ




