№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданда шөп қоры жеткілікті ме?

Ауданда шөп қоры жеткілікті ме?


Қыс – қатал сыншы. Содан болар бабалардан «қыстың қамын жаз ойла» деген аталы сөздің қалғаны. Жаңақорғандық шараулар қыстан қысылмай шыға ала ма? Қытымыр қысқа жаз бойы шаруалар мен басшылық қалай әзірленді. Жем мен шөптің қоры табиғаттың тосын сыйына қаншалықты төтеп бере алады? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп, жауапты мамандармен пікір алмастық.


Ауылшаруашылығы бөлімінің бас­шысы Талғат Зейдалиевтен аудандағы шөп қоры жөнінде мәлімет сұрадық.
– Мал шаруашылығы – ауыл шаруа­шылық өндірісінің маңызды саласының бірі. Жаңақорған ауданы бойынша биылғы жылы 66 574 бас мүйізді ірі қара, 275 476 бас уақ мал, 200 98 бас жылқы, 1 737 бас түйе тіркелген. Аудан бойынша 24 499 гектар малазықтық дақылдары бар. Оның ішінде, жаңа жоңышқа 5370 гектар, ескі жоңышқа 14 262 гектар, күздік бидай 4592 гектар, жаздық бидай 225 гектар, жаздық арпа 50 гектарды құрап отыр. Қазіргі уақытта 139 мың тонна шөп дайындалып, оның ішінде, 85 мың тонна жоңышқа, 54 мың тонна табиғи шөп, яғни, шаруа қожалықтардың 80 пайызы шөппен қамтылып отыр. Алдағы уақытта жоңышқа дақылдары қалдықтарының жиналуымен қыстауға қатысатын мал басына қажетті жем-шөп қорымен толық қамтамасыз етілетін болады, – дейі сала басшысы.
Айта кетейік, биылғы жылы орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты Арал ауданына көмек көрсету бойынша Қамыстыбас, Ақирек, Бекауыл ауылдық округтеріне «Сұңқар», «Түгіскен», «Нұрбол-И» шаруа қожалығының атынан 1000 дана жоңышқа шөбі тегін жеткізілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, ел басына күн туған кезде қол ұшын созғанға не жетсін. Енді, тау беткейдегі ауылдардың мал азығы қалай болып жатыр соны саралап көрейікші. Ауыл шаруашылығының мәліметінше, Бесарық ауылында 5903 тонна, Талап ауылында 2000, Манап ауылында 4000, Ақүйік ауылында 6104,9 тонна, Қосүйеңкі ауылында 4000 тонна, Қыраш ауылында 5155,6 тонна, Сүттіқұдық ауылында 5000 тонна, Шалхия ауылында 3026 тонна, Жайылма ауылында 3614,4 тонна, Төменарық ауылында 3005 тонна, Қожамберді ауылында 3104,4 тонна, Кейден ауылында 2083 тонна, Жаңақорған кентінде 5306 тонна шөп жиналыпты. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзінше қыстан шығуға болады дейді.
Әйткенмен шаруа қожалықтарға хабарласып, төрт түліктің және жемшөптің қоры туралы сұрадық. Алдымен «Мырзабай» шаруа қожа­лықтың иесі Әбсаттар Мырзабаевпен сөйлестік.
– Біз 40 гектар жерге жоңышқа егіп едік. Бұдан жиналған жоңышқа малдың қыстан шығуына жетпейді. Қосымша жан-жақтан шөп сатып алып жатырмыз. Биыл өзі шөптің бағасы аспандап тұр ғой. Басқа амалымыз жоқ, сатылатын шөп көрсек дереу алып қалуға тысырамыз. Өйткені, қақаған аязда ақшаға да таппай қалуымыз мүмкін. Жазда отықпаған малдың қысқа түскені тіпті қиын болғалы тұр. Әупірімдеп аман жеткізсек те, ол мал қыстан қалай шығады? Бұрын ауыр қыстарда өзге өңірлерден жем-шөп таситын. Бірақ тап осындай жағдай жазда болғаны есімізде жоқ. Қазір ауданда шөп жоқ емес, бар. Оның бағасы әжептәуір қымбаттады. Бұрын престің бір данасы 500-700 теңге аралығы болса, қазір 1200-ге шықты. Негізі, қысқа керек шөптің өзі қарашаға дейін жиналуы тиіс. Дегенмен, ойлап қарасақ, қысқа жету үшін де 1-2 бас сиыры бар үйдің өзіне 4-5 тонна шөп керек. Жалпы қыстан ширығып шыққан мал көктемде босаңсиды. Сондықтан мұндай қуаңшылық айрықша ауыр тиеді, – деп бүкпесіз шындығын баяндады.
Сыр беткейдегі шаруалар қол қусырып қарап отырмай, тау беткейдегі шаруаларға көмек қолын созуда. Бұл жайында ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаев егжей-тегжейлі айтып берді.
– Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тапсырмасы бойынша тау беткейдегі елді мекендерге Сырдағы күріш егумен және мал азығын дайындаумен айналысатын ауылдар орналасу ерекшелігіне қарай шөппен қамтамассыз ету бағытында бөлініс жасап, мал азығын дайындады. Тау беткейдегі Қыраш, Қосүйеңкі ауылдық округінің тұрғындары Аққорған ауылдық округіне қарасты «Түгіскен ТШ» ЖШС иелігіндегі 500 гектар егістік жағалауларындағы қалың мия аралас қамыс шөбін орып, қысқа мал азығын дайындауға септігін тигізді. Сонымен қатар, күріш, жоңышқа өсірумен айналысатын ауылдарда бұл жұмыстар қарқынжы жүргізіліп, тау беткейдегі мұқтаж азаматтар қажетті жем-шөппен қамтамассыз етілуде. Осы тұста айта кетейік, «Ынтымақ» ЖШС-нің директоры Р.Құтыбаев, Нематилла Рүстемов, «Екпінді» ЖШС төрағасы А.Орынбаев сынды елге сыйлы азаматтар тау беткейдегі ағайындарға аянып қалмады, – дейді бас агроном.
Расымен де, биылғы қуаңшылық көп нәрсені ұқтырды. Арал ауданының ғана емес, аймақ халқын алаңдатып отырған мәселені шешудің оңтайлы жолы да әзірге табылмай отыр. Осы ретте сала ардагері Керімхан Егізбаевты сөзге тарттық.
– Шындыққа тура қарасақ, өте ауыр жағдайда тұрмыз. Мына мал жемейтін жантақтың өзін мал жеп тауысып тастады. Ал, жантақтың астында өсетін шөптер жоқ, шықпады. Осыған қарап, қыстың күні өте ауыр өтетінін байқауға болады. Өзім ақпарат көздерінен үзбей күнделікті жаңалықтарды қарап отырамын. Жалпы, мұндай ауыр жағдайлар егіз болады деп жатады. Үлкен ақсақалдар үшем болуы да мүмкін деседі. Бұрын бұндай жағдайлар болған ғой. Малдың жайы бағымнан бұрын табиғаттың жай-күйіне қатты тәуелді. Қазір, байқап қарасаңыз малдың қоңы өте төмен. Әлбетте, осындай күрделі мәселелер яғни малдың көтерем болатын уақыттары болған. Бірақ, әупірімдеп Сыр беткейге түсіп, өтіп кететінбіз. Төрт түлік жазда тауды, қыста сырды жайлаған ғой. Қазір Сырдың өзінде шөп тапшы, жағдай мәз емес. Құмда босада шөп жоқ. Ауыртпалық қыс мезгіліне түсейін деп тұр. Шөп еккен біздің өзімізде малға қажеттісі ғана бар. Ал артық жоқ. Сонымен қатар, халықтың шөпті сатып алу қабілеті төмендеді. Өйткені, көпшілігінде ақша жоқ. Өткенде жұрттың бәрі дүрлігіп шөп алып жатқанда, қамыстың өзін 500 теңгеден таппай жатты. Қазір шөп сататын орынға барып қарасаң, небәрі 250-300 ден сатып жатыр. Бірақ, алушы жоқ. Қазір қарапайым халықтың уайымы басым. Өйткені, біздің өңір егіншілік пен мал шаруашылығымен күн көріп отыр ғой. Малдың қоңы төмен болғаннан кейін өзбек ағайындар жапатармағай сатып алып жатыр. Олар мал етін шетелге саудалап жатыр. Өйткені, шетелге еттің келісін 5000 мыңнан өткізеді. Байыбына барып қарасаң, болашақты айту оңай болмай отыр. Меніңше, тиісті сала мамандары тез арада жүйелі жұмыс жасап, батыл қадамдар жасамаса өте ауыр болғалы тұр, – дейді.
Иә, жергілікті шаруаларда мем­лекет тарапынан тез арада нақ­ты шаралар қабылданса дейді. Шаруашылықтардың барлығына бірдей жем-шөп жеткізу мүмкін бол-маса да, есепте тұрған мал басына қарай ақшалай көмек берілсе, жұртшылық өздері де қам жасап, сырттан алдырудың жолын табатынын алға тартуда. Көпшілігі малмен күнелтіп отырған аудан жағдайы алаңдатарлық. Қыста қатты қар түспеген. Жер түгі ерте көктемде жаңбырмен көтеріледі деп күткен ел үміті де ақталмады. Қуаңшылық ұлан-ғайыр жеріміз бар деп мақтанғанымызбен, сол жердің мүмкіндігін мал шаруашылығына толық пайдалана алмай отырғанымызды да көрсетіп отыр. Негізінен биыл шөп қымбат болса да, «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, шаруалар ала жаздай жарғақ құлағы жастыққа тимей мал азығын дайындап жүр. Мал азығы қазіргі кезде өңірдегі күрделі мәселенің бірі болып отыр. Шөп тапшы, табылса да былтырғыдан қымбат. Дегенмен шаруалар шама-шарқынша шөп жинауда. Енді қалғанын алдағы уақыт көрсетеді.

Әсел РЗАЕВА
31 тамыз 2021 ж. 478 0