№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жоңышқа саудасы қызып тұр

Жоңышқа саудасы қызып тұр

Былтыр жаңақорғандық шаруаларды алаңдатқан мәселенің бірі – төрт түлік азығының күрт қымбаттауы болатын. Себебі Түркістан облысының Сарыағаш, Жетісай аймағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты жем-шөпке сұраныс артты. Нәтижесінде біздегі жоңышқа, қамыс қымбаттады. Ал, биылғы жағдай қандай? Мал азығынан аудан тұрғындары тапшылық көріп жатқан жоқ па? Жалпы, шөп саудасының шаруасы қалай? Біз соны зерделеуге тырыстық.

Шыны керек, биыл жауын-шашынның мол болуынан таудағы қойшылар қауымы мал азығынан қиындық көрмей, дала еңбеккерлері жоңышқаның алғашқы орымын арзан бағада нарыққа шығарды. Тіпті былтырғы бағадан 15-20 процентке арзан дейді саудагерлер. Десе де, шөп бағасының мың құбылуы әдетке айналғаны рас. Оның басты себебі жанар жағар-май бағасының тұрақсыздығы. Алдымен, мән-жайды білмекке ауылшаруашылық бөліміне бардық. Жауапты маман Дәурен Абибуллаев:
– Біз биылғы межеден асыра орындадық. Диқандар 13 000 гектарға дән сеуіп, зейнетін көруде. Қазір 9000 гектардан астам жоңышқа орылды. Иә, былтыр шөптен аздап таршылық көргеніміз рас. Түркістан облысында жауын-шашын мен аяқ судың аздығы мал азығын жеткілікті деңгейде жинауға кедергі келтірді. Азық іздеген шаруалар тіпті аудандағы шөпті егін басынан тиеп кеткені рас. Ал, биыл алаңдайтындай мәселе жоқ, – деді.
– Оларға субсидия қаралған ба?
– Егін-жай мен төрт-түлікке болмаса, мал азығына жеңілдік қарастырылмаған.
Арпа, бидайды қоспағанда ескі мен жаңа жоңышқадан Келінтөбе, Аққорған және Қожакент ауылы көш басында тұр. Жауапты мамандардың жауабын тыңдағаннан кейін, 2017 жылы аудан әкімінің бастамасымен ашылған «Мейірім» әлеуметтік базарына қайта келдік. Алайда, базар айналасынан біз саудагерлерді аз кездестірдік. Басым бөлігін әдетінше кенттегі Құрманғазы көшесінің бас жағындағы колбаса цехының маңынан таптық. Істің мәнін түсінгеннен кейін саудагерлер бірден жауапқа көшті.
– Шүкір дейік, биыл жауын-шашынның мол болуы шөптің бітік болуына оң септігін тигізді. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да мамырдың 25-не дейін шөпке бірінші орақ түсті. Иә, былтыр ауа-райының кесірінен 20 күн жерге дән кеш тасталып, 2000 пресс шығатын жерден 1200-1300 ғана пресс ала алдық. Ал, биыл азық жеткілікті, – деді Қожакент және М.Нәлібаев шаруалары.
– Жалпы нарық бағамы жауын-шашынға ғана байланысты ма?
– Жоқ әрине. Дизель отынының бағасы жыл сайын қымбаттамаса, арзандайтын түрі жоқ. 2017 жылы 100-120 теңгеден алатын жанар-жағар майдың бағасы былтыр 174-ке дейін жетті. Ал биыл 180-190 теңгеден сатылымда. Бұл қалтаға өте ауыр тиді, – деді сатушылар.
– Қазіргі шөптің бағасы қанша?
– Егін басынан алып кететін болсаңыз 220-250 теңге аралығы. Ал, біз 300-350 теңгеден саудалаудамыз, – деді камаз иелері.
Біз сауалымызға тұщымды жауап алғаннан кейін сатушылардың да өтінішін тыңдап, жазуымызға тура келді. Олардың уәжі біреу – әлеуметтік базар тұтынушыларға өте қолайсыз, себебі орталықтан алыс. Екіншіден, мұнда жағдай мүлдем жасалмаған, яғни ауыз су, тамақтанатын орын және жарық жоқ. Дегенмен, лаждауға тура келеді деп отыр. Шамасы жеткендер белгіленбеген орынға күніне 500 теңгеден салық төлеп тұруда. Ендігі олардың тілегі Сыр беткейге емес сауда орны тау беткейге ауыстырылса дейді. Біздікі өтінішті жеткізу ғана, қалғаны жергілікті билікті құзыретіндегі іс.
Сонымен, тұтынушылар не дейді?
– Әзірге төрт түлік азығынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Былтырғыға қарағанда биыл баға қалыпты. Алайда, нарық бағамына сенім жоқ. Себебі дала еңбеккерлеріне ауыр тиетін тұсы дизель отынының қымбаттауы. Сондықтан мал азығының тұрақты болуы бізге де қолайлы, – дейді жаңақорғандық ағайын.
Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын ауданда малдың басы артып келеді. Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Сондықтан мал азығына сұраныс кеміген емес. Алайда нарықтың заңы – сұраныс пен ұсынысқа сай құрылады. Биыл жоңышқаға сұраныс артты, өнім мол болды. Сондықтан, бағасы да былтырғымен салыстырғанда төмендеді. Ең бастысы, жерге еткен еңбек жерде қалмай, төрт-түліктің жем-шөбінен тапшылық көріп жатқан жоқ...

Әли ТЕМІРБЕК.

25 маусым 2019 ж. 1 305 0