№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жем-шөп қымбаттады. Неге?

Жем-шөп қымбаттады. Неге?

Төл басылымның №47 (8448) нөмірінде «Жоңышқа бағасы шарықтап тұр?» тақырыбында жазылған мақалада мал азығының қымбаттауы, алдағы жоспар мен меже жазылды. Онда бұқара мен егінші қауымның уәжі айтылды, жауапты мамандардың бұл мәселеге қатысты нақты жауабын берілді. Дегенмен нәтиже шығар емес. Қысқасы, нарықтағы жем-шөп бағасы ырыққа көнбей тұр. Бұған аудан әкімі Руслан Рүстемов те алаңдаушылық білдіріп, салалық орынбасарына малшы қауымның қысқа қажетті шөпті жинап алуына мүмкіндік жасауды тапсырды. Өйткені соңғы жылдары ауданда мал басы күрт көбейді. Тіпті Сыр өңірінің төрт түлігінің жартысы біздің ауданда деген ақпарат бар. Ал, қысқа қажетті мөлшерде мал азығы жиналмаса, оның арты мал шығынына алып келетіні анық.

Әдетте жанар-жағар май қымбаттаса, базар бағасы құбылып, азық-түлік бағасы бірден көтеріледі. Сол секілді, биыл шөптің нарықтағы құны шарықтауының салдарынан еттің келісі қымбаттады. Шынында, Жаңа­қорғанда жоңышқа жылдағыдан қымбат сатылуда. Былтыр жоңышқаның бір бумасы 400-500 теңгеден сатылса, биыл екі есеге қымбаттады. Онда да тапқаныңа қуанасың.
Нарықта бағаны сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы реттейді. Дегенмен несібесін төрт түліктен ажыратып жүрген шаруаларға бұл ауыр тиді.
Бұдан шығар жол бар ма? Осыны зерделеп көрейік...
Жаңақорғанда әрбір үшінші үйде кем дегенде бір-екі ірі қара бар. Олар сүтін ішіп, артылғанын құрт-май, айран ретінде пұлдап отыр.

Мал азығы неге қымбат?

Алдымен осының басын ашып алайық. Бұған жауапты ауылшаруашылығы бөліміне хабарласып, мән-жайды білмекке тырыстық.
– Жалпы Жаңақорған ауданы бойынша – 23 260 гектар малазықтық дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, жаңа жоңышқа – 4300, ескі жоңышқа – 14 170, күздік бидай – 4590, жаздық бидай – 150, арпа – 50 гектарға егілді. Биыл ауа-райы шаруаларға қолайсыз болып, жайылымдарда от аз болды. Соның салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан облысы шаруаларының сұранысы біздің аудандағы жоңышқа, бағасының қымбаттауына әкелді, – дейді бас агроном Дәурен Абибуллаев.
Расында, осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысының шаруалары жоңышқаның бірінші орымында-ақ шөптің бағасын шарықтатып жібергені есімізде. Дәл сол үрдіс биыл қайталанды. Тіпті өңіріміздің солтүстік аудандарында мал оты болмауы әсерінен мал шығыны белең алуда. Ол жақтан да сұраныс артып, алдын-ала төлем жасауларының әсерінен жоңышқа бағасы өсті.
– Бүгінде 14 170 гектар ескі жоңышқаның (өткен жылы 13800 га) 13 000 гектары орылып, 40 000 тонна шөп жиналды. Алдағы уақытта жоңышқа дақылдарының екінші, үшінші орымдарынан және табиғи шөп, күріш, бидай дақылдарының қалдықтарының жиналуымен мал басына қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Аудан әкімдігінің өкіміне сәйкес, жұмысшы топ құрылып жоңышқа шөбінің бағасы мен мал азығын дайындауға байланысты тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді жауапты маман.
Міне, көптің көкейінде жүрген сауалдың қысқаша жауабы осы. Қымбатшылықтың себебі мен алдағы жоспарды түсіндік. Қалғаны уақыт таразысында. Енді жауапты әкімдік қандай шара қолдануда, соған ойыссақ.

Меже мен міндет қандай?

Қазірге дейін ой мен қырға шалғы салған шөпшілер көп жылдық дақылдардың алғашқы кезеңін аяқтап, еңбегін пұлдап үлгерді. Әлі де кент орталығында шөп саудасы қайнап тұр. Десе де, баға ырыққа көнер емес. Сондықтан аудан әкімінің өкімімен құрылған арнайы топ ауыл-ауылды аралап, елмен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастады.
Жан-жақты талқылаудың нәтижесінде ауданымыздың тау беткейіндегі мал азығын қажет ететін азаматтардың Сыр беткейіндегі елді мекендерге барып, табиғи шөп, қамыс орып, жантақ шөбін шауып алуына мүмкіндік жасалуда. Бұл жөнінде аудан әкімінің жанындағы жұмысшы топқа кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе жұмыс жасау тапсырылды.
Апта басында аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов бастаған жұмысшы топ Аққорған, Ақүйік және Сунақата ауылдық округінде болып, тұрғындармен жүздесті. Алдымен жол Түгіскенке түсіп, халыққа түсіндірме жүргізілді.
Оңал Жанатұлы бірінші кезекте, тау беткейдегі ағайынға мал азығын өз деңгейінде жинап алуына қолғабыс болуға шақырды. Ол үшін Сыр беткейдегі шаруалар қол ұшын созса болғаны.
– Елдегі өтпелі қиын-қыстау кезде ағайынға салып, бір-бірімізге демеу білдіру азаматтық іс. Ақүйік-Қыркеңсе, Жаңарық-Шалқия кенті, М.Нәлібаев-Қыраш, Өзгент-Кейден, Қожакент-Жаңақорған кенті, Аққорған-Қосүйеңкі-Манап, Келінтөбе-Жаманбай батыр, Қаратөбе-Талап ауылдық округі бірлесіп, халыққа қажетті шөп жеткізіп беруге тиістіміз, – деп нақты ұсынысын айтты.
Жан-жақты талқылаудың нәтижесінде ауданымыздың тау беткейіндегі мал азығын қажет ететін азаматтар Сыр беткейіндегі елді мекендерге барып, табиғи шөп, қамыс орып, жантақ шауып алуы тиіс.
Оңал Ержанов бастаған жұмысшы делегат құрамында аудан әкімінің кеңесшісі Алмас Нәлібаев, ауылшаруашылығы бөлімінің бас­шысы Талғат Зейдалиев Сунақата ауылдық округіне де арнайы барды. Ондағы мақсат біреу, ол – бағаны тұрақтандырып, шөптен тарыққан ағайынға мүмкіндігінше қол көмек беру.

Ел не дейді,
егіншілер
не дейді?

Аудан орталығындағы шөп сататын тұраққа барып, шөп жайын білмекке бекіндік. Саудагерлермен сөйлесіп, ойын бағдарладық.
– Жігіттер, жоңышқаның бағасы неге шарықтап кетті? – деп сауалды төтесінен қойдық.
– Мәселе көп. Шөпті артудың өзіне қомақты қаржы жұмсаймыз. Мынау тұраққа да ақша алады. Одан МАИ қызметкерлері келіп жағадан алса, дизель отынының бағасы жыл сайын шарықтап барады, – деп шөп сататындар нақтысын айтты.
Біз диқандарға кінә артудан аулақпыз, өйткені, қымбатшылық тек малдың жем-шөбінде ғана емес, базардағы бағаны да тербелтіп тұр.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев жоңышқаға мемлекеттен субсидия қаралмағанын жеткізді. Оның үстіне, судың бағасы қымбаттады, оған шөп оратын, пресстейтін техниканың қосымша бөлшектері 30-35 пайыз қымбаттады.
Ауылшаруашылығы саласының білікті сала маманы Керімхан Егізбаев өз пікірін ортаға салды:
– Ауыспалы егістерді дұрыс орналастыруды басты назарға алу керек. Бізге осы қажет, екіншіден, жоңышқаны субсидияласа дұрыс болар еді. Егісте фитономус деген зиянкес жоңышқаға 60-70 пайыз зиянынын тигізеді. Ал оны дәрілеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы мәселелер шешілсе нарық ырыққа көніп, баға тұрақталар еді, – деді.
Енді ел не дейді, соған ығысайық. Әсіресе, тау беткейдегі ағайында уайым басым. Ақүйік ауылының тұрғыны Орынбек қажы алдымен мал азығын аудан халқына төмен бағамен сатса деген өтінішін білдірді. Бұл ұсыныс қыркеңселіктерге жетті, ауыл әкімі Тәттімбет Әбдіреймов Қосүйеңкіге мал азығын жеткізуді ұйымдастыратынын айтты. Әрі, «Ынтымақ» ЖШС директоры әлеуметтік аз қамтылған әр отбасыға 100 пресс мал азығын өз есебінен беретінін айтып, қуантты.
Сол секілді, «Түгіскен ТШ» ЖШС директоры Немат Рүстемов Қосүйеңкі мен Манап ауылының тұрғындарына 2000 бауланған қамысты 500 теңгеден беруге уағдаласты. Келінтөбе әкімі Жақсылық Әбілхайыров былтырғы бағамен пұлдауға әзір екенін жеткізді.
Мұның бәрі ауданда мал жұты болдырмаудың ұтымды әдісі. Бір өкініштісі, егін-жай мен төрт-түлікке болмаса, мал азығына жеңілдік қарастырылмаған. Биыл арпа, бидайды қоспағанда ескі мен жаңа жоңышқадан Келінтөбе, Аққорған және Қожакент ауылы көш басында тұр. Жалпы жоңышқа гүлдей бастағанда орылады. Орылған соң егістік жақсы тыңайтылса, жоңышқаның екінші орымынан да мол өнім алуға болады.

Көрші өңірдегі
ахуал қалай?

Өңірдегі топырақтың құнарсыздығы, малдың аштықтан қырылғандығы сынама нәтижесімен расталды. Оның үстіне аймақта жем-шөп бағасы күннен күнге шарықтап барады. Ол жақтағы нарық бізден әлде қайда жоғары. Қордаланған мәселе шаруалардың шымбайына батып тұр. Биыл судың тапшылығына байланысты шөптің шығымы төмен. Әсіресе Арал өңірінде жағдай қиын. Көк шөпке аузы тимеген төрт түлік көтерем боп, қаншамасы арам өлді. Олардан сынама алған мамандар малдың аурудан емес, аштықтан қырылғанын растап отыр.
– Мал ішетін құдықтардан және қосымша көлдерден, сондай-ақ, өлген жылқы мен мүйізді ірі қарадан сынама алынды. Сөйтіп облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Нәтижесінде ауру жоқ деген қорытынды шығарылды. Қуаңшылыққа байланысты мал қысқа өте күйсіз түскен. Соның есебінен болып отыр, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Жағдай расында мәз емес. Қазалыда да баға бізбен жобалас, бір десе жөп 1000 теңге бағаланады. Тек Шиелі ауданында ғана бағада тұрақтылық бар.
Мәселенің мәні осы, бұқара мен атқарушы билік шаруалардың бағаны бірізділікке, төмендеу құнға түсіруіне тілекші болып тұр. Әйтпесе, солтүстік өңірдегі жұт бізге де келіп жүрмесіне кім кепіл, ондайдан сақтасын әрине, сол үшін бірлікте тірлік істеу тиімдірек болмақ.

Әлібек Жарықбаев
26 маусым 2021 ж. 1 752 0