№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданда шөп қоры жеткілікті ме?

Ауданда шөп қоры жеткілікті ме?


Жаздың бір күні – қысқа азық. Алдындағы төрт түлігінің жайын қамдаған ауылдағы ағайын мал азығының дақылдың мол қорын жасауға бүгіннен кіріспесе, ертең кеш болады. «Қыс – қатал сыншы», «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей жаңақорғандық шаруалар қыстан қысылмай шыға ала ма? Қысқа әзірлік барысы қалай? Жем мен шөптің қоры табиғаттың тосын сыйына қаншалықты төтеп береді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп, жауапты мамандармен пікір алмастық.


Алдымен аудандық ауылшаруашылығы бө­лімінің басшысы Талғат Зейдалиевтен аудандағы шөп қоры жөнінде мәлімет сұрадық.
– Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылық өндірісінің маңызды саласының бірі. Жаңақорған ауданы бойынша биылғы жылы 66 574 бас мүйізді ірі қара, 275 476 бас уақ мал, 200 98 бас жылқы, 1 737 бас түйе тіркелген. Қазір далада от жақсы, яғни мал азықтан тарықпайды. Сол үшін шаруалар алғашқы арзан орымға мойынсұнбайды. Үшінші, төртінші орымда барып қозғалады. Ол кезде сұраныс еселеніп, баға ырыққа көнбей кетеді. Мүмкіндік болса осы кезде малдың қоңын реттеп қойса дұрыс болар еді. Әзірге егіс басында 200-250 теңгеден сатылуда. Күз басында бұл баға екі, тіпті үш есе өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан осы бастан қам-қарекет керек. 2024 жылдың 1 тамызындағы мәліметке сүйенсек, ауданда 75 227 бас мүйізді ірі қара бар, бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 132,0 пайызды құрап отыр, 345 537 бас қой, 11610 ешкі, 25 011 бас жылқы, 2 153 бас түйе, 19510 бас құс бар.
Өндірілген мал өнімдерінің көлеміне келсек, осы кезеңде 4 226,0 тонна ет, 4 104,9 тонна сүт, 1 103,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 103,7, сүт 101,9, жұмыртқа 99,9 пайызға орындалып отыр. 2024-2025 жылдың қысқа түсетін ауыл шаруашылығы жануарларына 185,8 мың тонна шөп, 37,5 мың тонна жем, 37 тонна сабан дайындау жоспары бекітілген. Бүгінгі күнге 139 мың тонна шөп (75,0%), 17,0 мың тонна жем (46%) және 11,0 мың тонна сабан (33%) дайындалып отыр. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп отырмыз. Алдағы уақытта жоңышқа дақылдары қалдықтарының жиналуымен қыстауға қатысатын мал басына қажетті жем-шөп қорымен толық қамтамасыз етілетін болады, – дейді сала басшысы.
Жалпы ауданда 781 шаруа қожалығы болса, соның 321-і мал шаруашылығымен айналысады. Міне, осы шаруашылықтың барлығында қара күзге дейін жем-шөптің қорын қамдап, қаражатқа айналдыратындар да аз емес. Ал, қолында төрт түлік ұстап, мал шаруашылығымен айналысатын еңбек адамы үшін қара жерден өнгеннің бәрі алтынға бергісіз. Ақшаға сатып алып, қаржы шығындағаннан қара топырақтан өнгенді өрістегі мал-жанның қысқы азығына айналдырған әлдеқайда артығырақ.
Егінді жинап алғаннан кейін орнында қалатын масағының өзі көңілге тоқ. Сөз басында қос кәсіп бірін-бірі толықтырады деуіміздің де сыры осында. Дала төсінде тер төккен егіншінің несібесі – алған өнімі мен орымының нәтижесімен өлшенеді.
Алты ай жазғы еңбектің сыналар шағы – егінші қауым үшін маңызды кезең. Жиналған өнім мен одан түскен табыс егіске жұмсалған техниканың жанар-жағар майы мен басқа да шығындарын өтесе жарты бақыт, ал асып түскен болса – маңдай тердің ақталуы, міне осы болмақ.
Алайда, биылғы шөп жинау маусымының алғашқы кезеңі өңірдегі шаруаларды біраз абдыратып тастады. Құнын күрт төмендетуге тура келді. Оған себеп, тосыннан келген көк нөсер. Климатымызға жат жауын-шашын егінге едәуір шығын келтіріп, нәпәқасын егіннен терген еңбекші қауымның еңсесін түсірді. Әне-міне дегенше орақ түседі деп күтіп отырған бидайдың дәні төгіліп, алқаптағы жоңышқа жаңбыр суынан көгеріп, шіри бастады. Салдарынан бастапқыда 500-700 теңгеден сатылған шөп бағасы әп-сәтте 200-250 теңгеге бағаланып, алушы азайды.
Осы ретте, өңірдегі шаруа қожалықтарға хабарласып, төрт түліктің және жем-шөптің қоры туралы сұрадық. «Мырзабай» шаруа қожалығының иесі Әбсаттар Мырзабаев:
– Биыл 40 гектар жерге жоңышқа ектік. Бұдан жиналған жоңышқа малдың қыстан шығуына жетіп қалады деп жобалап отырмыз. Әйткенмен, қосымша жан-жақтан шөп сатып алып жатырмыз. Өйткені қақаған аязда ақшаға да таппай қалуымыз мүмкін. Қазір ауданда шөп жоқ емес, бар. Бірақ, жауын-шашыннан кейін шөптің көпшілігі қурап тұр. Негізі, қысқа керек шөптің өзі қарашаға дейін жиналуы тиіс. Ойлап қарасақ, қысқа жету үшін де 1-2 бас сиыры бар үйдің өзіне 4-5 тонна шөп керек. Жалпы қыстан ширығып шыққан мал көктемде босаңсиды. Сондықтан, шаруалардың барлығы да жазда мүмкіндігінше қораларын шөпке толтырып алуға барын салып жатыр, – дейді ол.
Иә, қазір аудан орталығындағы тұрақта шөп тиелген жүк көліктері жетеді. Олардың көбі алыпсатарлар. Сондықтан үстіне тиын қойып пұлдайтыны заңдылық. Уақыт оздырмай шөп тұрағына айналған кенттегі Құрманғазы көшесінің басына бардық. Таңертеңнің өзінде 5 КамАЗ автокөлігінде кемінде 700-800 пресс шөп иесін күтіп тұр.
«Жоңышқаның бағасы неге төмен? – деген сауалымызға.
– Өйткені алушылар аз, оның үстіне малдың барлығы өрісте, одан жайлауда жайылуда. Сондықтан жұрт әзірге асықпайды деп ойлаймыз. Жылдағы қалыптасқан әдет қой. Қазір күн жылы, ертең күн салқындай қалса малы бар жандар таласа-тармаса шөп алуға асығады. Бұл да маусымдық кәсіп қой, – деген нақты жауап алдық.
– Қандай да бір кедергілер бар ма?
– Жоқ, әзірге бәрі ойдағыдай. Тек өнім сәл кешеуілдеп өтуде. Еңбек егіншілердікі, біз тек алыпсатармыз. Десе де, тасымал жасау оңай шаруа емес, арғысы Арал, бергісі Шымкент шаһарына жол жүруге мәжбүрміз. Тағы айтамыз, бағаны реттейтін біз емес. Біз диқандарға кінә артудан аулақпыз, өйткені, қымбатшылық тек малдың жем-шөбінде ғана емес, базардағы бағаны да тербелтіп тұр. Шыны керек, дәл қазір қалтаңда тиының болса престің бір данасын 250 теңгеден алуға мол мүмкіндік бар, – деді олар.
Ерте заманнан қазақ баласы бір-бірімен амандасқанында «Мал-жан аман ба?», – деп жөн сұрасқан. Амандық-саулықтың бұл түрі бүгін де өзекті. Ұлттың негізгі күнкөріс өзегі төрт түлікпен тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан да, шаруалар ала жаздай қарекеттеніп қапыда қалмағаны жөн.

Әсел РЗАЕВА
27 тамыз 2024 ж. 438 0