Еліміздегі көлік қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейді. Оған ауыл аймақтардағы жолдарды тағы қосыңыз. Бұл жаппай дүрлігіп жатқан алыс жолға қатынайтын жүргізушілердің жанайқайы. Соңғы күндері ел назарын өздеріне аудартқан ауыр жүк көлік иелері жүріп өтпеген жолға ақы енгізілуіне қарсы. Тәуліктің тең жартысын тас жолда өткізетін жүргізушілер біріншіден, ақылы учаскелердің атына сай болғанын қалайды. Екіншіден, жол бойындағы сервистің ақсап тұрғанын, жүргізушілерге лайықты жағдайдың жасалмағанын айтуда. Ал ең сорақысы көлік тізгіндеген жандардың артығымен ақы төлеуі. Осыдан мәселе ушығып, билік басында отырғандардың назарына іліккен еді. Жарты жылға жуық өз талаптарынан бас тартпаған жүргізушілердің арызы назарға алынып, аймақтағы ағайынның мұңмұқтажы оң шешімін тапты.
Бүгінге дейін қала және аудан көлеміндегі ауыр жүк көлік иелеріне Батыс Қытай-Батыс Европа автожолының ақылы сервиске өтуі, тарифтің шектен тыс қымбаттауы қалтаға салмақ салды. Ал жүргізушілер ақылы жол елдегі жол сапасын арттыра отырып, халықтың қауіпсіздігіне және жүргізушілердің көп шығындалмауына кепілдік бере алатынын жақсы біледі. Алайда ауыр жүк көлік иелері жүріп өтпеген жолы үшін артық ақы төлеуі қарызға батуына себеп боғанын алға тартуда. Сондықтан олар «Артық ақыны не үшін төлеуіміз керек?!» деген мәселені алға тартып, үлкен мәселе көтерді.
Тіпті жүргізушілер наразылық акциялары өткізіп, ақылы жолдың стандартқа сай келмейтіні жөнінде қаншама басқосулар болды. Мәселенің ушыққаны сонша бұл тақырыпта Мәжіліс депутаттары ауданға келіп, бірнеше рет жиын өтті.
Жүк көлік жүргізушілердің ақылы жол мәселесі бойынша төленетін абоненттік төлемдерін қайта қарастыру бойынша өткен жиындарға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, Автомобиль жолдары Комитетінің Пайдалануға беру басқармасының басшысы Ғабит Шымырбаев, «Ақылы жолдар дирекциясы» директорының орынбасары Сәкен Әділбеков, «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов, «Қазақавтожол» ЖШСның Қызылорда облыстық филиалының директоры Нұрбол Абызбайұлы келіп, өзекті мәселе ауыр жүк көлік жүргізушілерінің қатысуымен талқыланған болатын.
Бастапқы кезде билік басындағы жауапты саланы басқарып шенділердің барлығы дерлік аудандық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Арман Мажитовтың ұйымдастыруымен жиналғанын айта кеткен жөн. Қашанда тұрғындардың мәселесіне бейжай қарай алмайтын Арман Әбілпейісұлы алдына осындай өтінішпен келген жүргізушілердің мәселесін жоғары жаққа жеткізіп, басшылардың ауданға ат басын бұрып, арыз-шағым иелерінің ойын тыңдауға қолқа салды.
Арнайы кездесу барысында сала мамандары жүк көлік жүргізушілерінің ақылы жол мәселесі бойынша туындаған наразылықтары мен сауалдарына жауап берді. Тіпті әр облыс бойынша тарифтер алдағы уақытта қайта қарастырылып, тиісті тариф бағасы белгіленетінін, абоненттік төлемдердің өзі жанжақты зерттеулер мен есептеулер жүргізілу арқылы шешімін табатынын жеткізді. Ал аудан жігіттерінің көтерген мәселесіне байланысты нақты бір шешімге келу алдағы уақыттың еншісінде екенін жауапты сала тарапынан қайта қараудан өтетінін айтты.
Алайда арада екі-үш ай өтсе де жүргізушілерге ақылы жолға қарыз екендігін растайтын қағаздар, төленбеген жағдайда есепшоттары бұғатталатынын, тіпті сотқа өтетіндігі жөнінде хабарламалар жиі мазалаған. Ашынған жігіттердің бастаған ісін ақырына дейін жеткізуде араға аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының өзі араласады. Облыстың жауапты сала мамандарына «тірідей тоналып жатқан» жігіттердің мәселесін шешуде жоғары жаққа өтініш айту керектігін немесе азаматтардың өзекті тақырыпты өздері жеткізу үшін Астана қаласына баруына жұмыс жасалса деген талабын жеткізеді.
Аталмыш тақырып аясында облыстың жауапты сала мамандары мәселенің шешілу жолдарын қарастырды. Бұған Парламент депутаты Геннадий Шиповских өзі мұрындық болып, ауыр жүк көлік жүргізушілерінің бас қалаға барып, заңға сәйкес жүргізіліп жатқан міндетті қарызды өтеуді тоқтатуға жұмыс жүргізгенін айта кетейік. Ұлттық арнадағы үздік бағдарламаның бірі «Ашық алаңда» жан-жақты талқыланған тақырып аясында мемлекеттік орган мамандарының Жаңақорғанға келуіне сеп болған халық қалаулысының бұл қадамы нәтижесіз қалмады.
Алты айдан аса уақытқа созылған өзекті мәселе оң шешімін тауып, жүргізушілер араларынан Мұхамеджан Ахметов, Батыржан Әлімбетов, Данияр Досантаев, Қайрат Сарбалаевты өкіл ретінде сайлап, Астана қаласына бастамашыл топ мүшелері ретінде аттандырады. ҚР Транспорт және инфрастуктура министірлігіне бағыт алған ел аманатын арқалаған жігіттер шешуші жиналыста осылайша бас қосады.
Кездесу барысында халықтың көкейінде жүрген мәселенің барлығы егжей-тегжейлі талқыланып, жігіттер мойынға артылған жүктің ауырлығы мен маңыздылығын ескеруді, мүмкіндігінше жан-жақты қарастырып, бір шешімге қол жеткізудің амалын қарастыруды айтады. Әйтпегенде күре жолдың бойында күннің ыстығы мен суығына қарамастан нәпақасын тауып отырған жігіттердің алды 300 мың теңге қарызға батқанын, осылай жалғаса берсе мынадай қымбатшылық қысқан уақытта тапқан табысы қарызға кететінін, жолдың сапасыздығынан ауыр жүк көліктерінің жиі істен шығып жататын мәселесін де қоса жеткізеді.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында жалпы ұзындығы 682 км болатын 4 ақылы учаске бар. Оның біріншісі – «Нұр-Сұлтан – Щучинск». Бұл автожол 2013 жылдан бастап ақылы болса, 2019 жылдың қаңтарынан бастап «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» жолдары іске қосылды. Ал жалпы ұзақтығы 24,4 мың шақырым болатын республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының ішіне «Батыс ЕвропаБатыс Қытай» автожолының кіретінін ескерсек, жүргізушілер «Ақылы жолдар атына заты сай емес. Қарапайым дәретханамен де жабдықталмаған. Жолда бұзылып қалса, ірі жүк көлігі түгілі жеңіл машиналарды жөндейтін орталық жоқ. Кей магистральдардың ені қысқа болғандықтан, жолға шығудың өзі қорқынышты. Ақысына қызметі сай болса, оған қарсылық болмас еді» деген ойларын алға тартты.
Тап осындай орынды уәжден кейін жүрмеген жолға ақы талап ету орынсыз екенін айтып ашынған жүргізушілер мәселені тез арада шешіп беруді сұрады. Нәтижесінде барлық талап-өтінішке құлақ асқан министрлік өкілдері келісім бойынша жүргізушілердің осы күнге дейінгі ақылы автожол берешегін әр ай сайын өтеу жолдарын қарастырып, айына 35 мың теңгеден төлеу керектігі жөнінде арнайы график жасалып бекітілді.
Ақылы жолдың бұған дейінгі тарифі бойынша жүк көлігіне 1 киллометріне 25 теңге белгіленген және ол тариф халыққа өте тиімсіз болатын. Ал Жаңақорған-Қызылорда аралығында жол жүрген бір жүк көлігі барыпкелуіне 11-13 мың теңге аралығында ақы төлейтін.
Қазіргі қол жеткізген келісімге сәйкес, жүк көліктеріне ай сайынғы абоненттік төлем бір жүк көлігі үшін Жаңақорған-Қызылорда аралығына әр барғанына 1000 теңге, ал абоненттік төлемді бір айға сатып алған жағдайда 30 мың теңге жұмсалатын болады. Артықшылығы, бір айға сатып алған абонтөлеммен жүрсеңіз сізге көлік жүргізуге еш шектеу жоқ. Бұдан бөлек, тағы басқа санаттағы автокөліктердің тарифтерінің де жеңілдеуіне жол ашылып, шешім қабылданды.
Бұл мәселе бір ғана біздің облысымыздың емес Шымкент қаласынан Қызылорда қаласына дейінгі орналасқан елді-мекен халқының көкейінде шешілмей жүрген күрделі мәселенің бірі еді. Оның шешімі табылып, осындай келісімдер арқасында жүк көлік жүргізушілердің мәселесі оң шешімін тапты.
Лаура Бибасараова