» » Көпті көрген қария

Көпті көрген қария


Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету мемлекет тарапынан ғана емес қоғамның барлық өкілдерінің, әсіресе жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн. Ел бірлігін ойлап, ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке бар. Сондай қазыналы қарттарымыздың қатарында Сейданов Әбіл мен Нұрдинова Күлайым апаның орны ерекше.

  Егеменді еліміздің іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға өнегелі тәрбие беруде, белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда осындай ардагер атаапаларымыздың өмірі мен еңбек жолы үлгі болмақ.

Ал бүгінгі кейіпкеріміз ата қонысқа 1968 жылы Ташкенттен көшіп келіп, еңбекке араласады. Аудан орталығындағы №187 кәсіптік-техникалық училищеге оқытушы болып орналасып, 1970 жылдан бастап аудандық сельхозтехника мекемесінде шебер болып қызметін жалғастырады. Осы мекеме қарамағында жүргенде он беске жуық елді мекеннің шаруашылықтарында механик болып жұмыс атқарып, жауапты маман болып бекітіледі. Біліктілігімен, көзге түсіп, Ленинград қаласына арнайы курсқа тәжірибе жинақтау мақсатында оқуға барады. Оқу курсынан кейін «К-700», «Т-150» техникаларының тілін меңгеріп үздік маман атанады. Осылайша ауданның ауыл шаруашылығының өркендеуіне 40 жылға жуық еңбегі сіңген қарияның ерен еңбегі еш кетпеді. «Бесжылдықтың үздігі», «КССР-дың 50 жылдығы» мерекелік медальдарын кеудесіне тақты.

Ал еліміз тәуелсіздігін алған тұста алғашқылардың бірі болып аудандық кеңеске депутат болып сайланады. Халық сеніміне ие болғаннан кейін елдің аманатын арқалаған ақсақал көшелердегі аялдама құрылысын қолға алып, ел игілігіне берілуіне үлкен ықпал жасайды. Әбіл ата зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Сол кездегі «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау бөлімінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, мекеме есігін қағып келген талай жанның өтінішінінің орындалуына себепкер болды.

Отбасында жұбайы, Батыр Ана Күлайым апа екеуі он бес баланы өсіріп, жетілдіріп отырған ынтымағы жарасқан жарасымды жанұя. Бүгінде шүкір ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, саналы адамның өз өмірінде жасайтын маңызды қадамдарының үлгісін көрсетіп келеді.
Әбіл ата мен Күлайым әженің берекелі шаңырағы 1994 жылы Халықаралық «Отбасы жылы» құрметіне жарияланған конкурста облыста үздіктер қатарынан көрініп, «Үлгілі отбасы» номинациясының жеңімпазы атанды. Қазірде 58 немере, 38 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Құдай қаласа, шөпшек күтіп отырған қария отбасының беріктігі, қызметте табысты болудың сыры өмірлік жұбайының мінезінің жайлылығына байланысты екенін айтады. Ал апамен әңгімелесу барысында оның бойында тазалық пен пәктіктің, адалдық пен әділдіктің, биік парасаттың тамаша нышандарын аңғардық.

«Қариясы бар елдің дариясы бар» демекші, қарттардың ақылпарасаттылығына кейінгі ұрпақ біз әрдайым мұқтажбыз. Қарт дегеніміз ағып жатқан дария іспетті. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қариялардың да білетіні соңдай терең. Сонау соғыс жылдарында ата-бабаларымыз елбасына қиын-қыстау күн туып, «ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» аласапыран заманда халқының тыныш өмір сүруі үшін қасық қаны қалғанша ел қорғаған. Алапат соғыстан аман оралып, халқының тілеуін тілеп өткен ардагерлеріміз осы күні арамызда болмаса да сол соғыстың шет жағасын көзбен көріп, ел асып, небір азапты күнді бастан кешірген осындай қарияларымыздың амандығын тілеу парызымыз деп білемін.

Ендеше құдіреті шексіз Жаратушысына құлшылығын жасап, сөз маржанын ішкі ойдың асыл қазынасымен жіпке тізіп айтар, сан түрлі дауылдардан өтіп, тарих пен шежірені қиыстыра өрнектеп, баяндап берер, бүгінгідей қарияларымызды қалай сағынбайсың?! Ел қазынасын, қариясын жоғалтса, қасиеті жоғалары анық. Қазыналы қартын «жазып қойған хатқа теңеген» халқымыз үлкенге деген құрметке сызат түсіріп, кемшілік жібермеуге шақырғанын біле отырып, қарияларымызды мерекесінде ғана еске алмай, әркез ескере жүрейік. Мұның тәрбиелік мәні зор.

Қарттықтың қадірлісі – озық дәстүрлерді, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға өзіндік үлес қосу. Байырғы тарихымызға ой көзімен қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына тартпауымен көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан. Бүгінгі кейіпкерлерімізде осы сара жолды жалғастырушылар. Сондықтан желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалардың өнегелі ісін бойына сіңірсе еліміздің ертеңі жарқын болады. Өйткені қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиет-кие деген айналып өткен емес!

ТҮЙІН. Әлемдік өркениеттен өз орнын тапқан қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы келер ұрпаққа мәңгілік міндет, халықтық қасиет болып қала береді. Оған ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қосар үлесі зор. Демек, қарияларымыз қазынамыз барда тұғырымыз биік, туымыз жоғары болатынына күмән жоқ.

Лаура Бибасарова

01 қазан 2022 ж. 723 0