Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ғибратты ғұмыр сәулесі

Ғибратты ғұмыр сәулесі


Қазақ қашанда қариясын құрметтеп, қартын қадірлеген халық. «Қарты бар елдің қазынасы бар», «Ақылды қария – ағынды дария» дегендей, дана ата-әжелерімізді ардақтай білетін ұрпақпыз. Тағы бір ерекшелігіміз, – үлкенді сыйлап, оның сөзіне тоқтап, құлақ асу да қанға сіңген қасиет. Демек, болашақ ұрпақтың рухани өсуіне де қарттарымыздың ықпалы зор. Осындай қарияның бірі, бүтіндей бір ауылдың ақсақалы атанып, алқалы топта алдыңғы саптан танылып жүретін ел ағасы Әлімхан Құрбанбеков Машбек ауылында ерекше құрметке ие.

Қазақ қартының сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, айтар ойы терең. Осындай теңеуге лайықты қазыналарымызды жыл­дың қай мезгілінде болмасын құрметтеуіміз керек. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген терең мағыналы сөзді бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Ақжол ауылында туып-өсіп, осында орта мектепті аяқтап, Қызылорда поли­техникалық колледжінде механизатор ма­ман­дығы бойынша білім алады. Оқуды аяқтап ауылда механизатор болып жұмыс­қа орналасып, сонымен қатар алып ком­байнның тізгінін ұстайды.
1973 жылдан осы ауылда күріш бригадасының бригадирі, сол уақытта ауылда жұмыс жасаған үш бригаданың басқарушысы болып кеңес үкіметі тар­қағанша еңбек етеді. Одан соң шаруа­шылықтар жекешеленгенде «Көк­тас» шаруақожалығының төрағасы жұ­мысын атқарады. 2005 жылы ауылды көгал­дандырумен айналысатын коопе­ративтің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, 2011 жылы зейнет демалысына шығады. Кезінде ерен еңбегі бағаланып комсомол жастар бригадасының «Алтын масақ», 1972 жылы «Еңбек Қызыл ту» ордені және «Халықтар достығы» медальімен мара­патталады. Осы орайда ағаның өмір жолына қанығып, қарапайым еңбекті пір тұтқан тұлғасын танығандаймыз.
– Зымыраған уақыт-ай десеңші, сағат тілінің тоқтаусыз тықылына мән бермеген біздер уақыттың қалай жылдам өткенін сезбей қалыппыз. Кеше ғана бізде сендер секілді жас болдық. Ойнадық. Күлдік. Қазір бір отбасының ғана емес, ауылдың тағдырына, елдің мәселесін шешуге ара­ласып жүрген жағдайымыз бар. Шүкір, айтқан сөзіміз тыңдаусыз қалған емес. Нәтижелі жұмыстың жемісін көріп келеміз. Қазіргі кезде үкімет тарапынан қарттарға үлкен мән беріліп, көңіл бөлінуде. Сондықтан біз де ел болашағы үшін өлшеулі өмірімізде игі іс жасап, өз үлесімізді қоссақ кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық, – дейді Әлімхан ақсақал.
Атамыздың жастарға айтар ақылы: «Біздер төріңнен қарт кетпесін деп тілеген халық қатарынанбыз. Жасы үлкенге құрмет етіп, белі бүгілген қарттың беліне сүйеу болу – ата дәстүрімізден келе жатқан құндылық. «Дүние кезек» дегендей ата-анаға не істесең, алдыңа сол келеді. Осыны әрдайым естен шығармау керек», – деп өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Осы орайда Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы есіме еріксіз оралды. Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі қолы қалтырап, ас ішіп отырған ыдысты сындырып алады да, келіні атасына тамақты ағаш аяққа құйып беруді әдет қылады. Бір күні шалдың немересі ағаш жонып отырады.
Әке-шешесі:
– Балам, не істеп отырсың? – деп сұрайды.
– Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, – депті баласы.
Ақсақалдың айтқан ақылы осы тектес мағынаны бойымызға бекем орнық­тырғандай. Әсілінде, кімде-кімнің үйінде қазыналы қарты, қымбатты қонағы болса ол отбасының құты болмақ.
Әлімхан өмірлік серігі Шаркүл Қалжанова екеуі 5 ұл-қызға жарық дүние есігін сыйлап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 10-нан аса немере мен шөберенің қызығын көруде.
Отбасын – несібем деп білетін қария жеткен жетістігі жары Шаркүлдің арқа­сында екенін еш жасырмайды.

ТҮЙІН. «Әдемі қартая білу де – өнер» дегендей, өткен өмірі өнегеге толы осындай жандар алдымызда аман жүргенде арқамызды тауға сүйегендей алаңсыз жүретіндейміз. Қария – елдің берекесі. Олай болса батасы қабыл, айтқаны – ақыл Әмірхан ата секілді арда­герлерімізге Алла қуат берсін дегіміз келеді.

Лаура БИБАСАРОВА
01 қазан 2019 ж. 863 0