Өркениетті заманда өмір сүрген жақсы. Қол күші азайып, тұрмыс түзеледі. Физикалық жағынан жеңілдеу баршылық. Су, газ, электр желелері үйге кірген, онан қалды түрлі техникалық прогрес өмір сүрудің өзектілігін жойды.
Дегенмен баяғы дәуірдің денсаулыққа зор ықпалын айтпасқа болмайды. Өзіміз қарапайым өмір сүрдік. Мүмкін бәрі солай шығар. Киіздің үстіне көрпеше төсеп, дастарханды жайып жіберіп, қып-қызыл бауырсақты шашып, самаурынның ыстық шәйін сораптап, шұрқырасып отыратын шынайы кезең көзден кетпейді. Ең керемет шақ секілді маған.
Шығыс халқы (кәріс, жапон) әліге дейін жерде отырып, жерде жатады. Біз де шығыс халқы секілді емес, дәстүрден аластып барамыз-ау. Олар жердің қуатын адам сезіну керек деп есептейді.
Қазір әрбір үйдің мүшесі орындыққа шығып отырады. Жұмыста да солай, үйде де солай. Осы денсаулыққа көп зиян сияқты.
Мұны о баста ойлап тапқан ежелгі гректер екен, мұнысы қонаққа құрмет ретінде қарастырылған. Содан бастап, бұл үрдіс тұрмысқа етене енді. Белгілі дәрігер Евгений Скрепник: «Орындық - тізе мен омыртқанның залалы» дейді. Анатомия бойынша адам ағзасының генетикасы орындыққа сәйкес емес екен. Мұны әлем зерттеушілері де растайды. Олар: «Орындықта отырған әрбір сағат өмірдің 22 минутын азайтады» деп мәлімдеген.
Орындықта ұзақ отыру салдары диабет, семіздік, остеопороз ауруларына ұшыратқан. Сондықтан орындықтан біржола бас тартпай, арасында көп қозғалыс жасап, мейлінше дене, әсіресе аяқ-қол жаттығуына ден қойсақ дұрыс болар еді. Әйтпесе, диабет те, семіздік те ушығып тұр.
Қаныбек ӘБДУОВ