«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Дәмету» ырым ба, салт па?

«Дәмету» ырым ба, салт па?

Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (Халық өлеңі). ДӘМЕТУдің түрлері көп.
Соның ішінде жас ананың, яғни, емшектегі баласы бар келіншектің дәметуі бір бөлек. Мұндай жағдайда ол үйге қонақ болып барған адам немесе сол үйдің бір мүшесі (енесі, абысыны) қонаққа барып келген жағдайда үйде қалған жас анаға дәмнен ала келеді. Ата-әжесі қонақтан келсе алдынан жүгіріп шығатын немерелердің олардан тәтті дәмететін әдеті бар. Сондықтан, мұны қазақтың салты деп түсінетін адамдар баласы бар үйге құр қол бармайды. Баланың шаттанғанын көрген қонақтың да көңілі көтеріліп, үй иесі де көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алады. Бұл жерде сый-құрметтің, сыйлықтың адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, бір-біріне жақындастыра түсудің бір амалы ретінде қарастырсақ болады. Әсіресе, жас балалы келіндердің дәметуіне меселін қайтармау үшін міндетті түрде ырымын жасау керек. Әйтпесе, дәметіп қалып, ойындағысы орындалмай қалса, кеудесі ісіп кетеді. Яғни, бала емізіп жүрген әйелдің омырауына ауыртпалық туады. Бұл дәлелденген, өмірдің шындығы. Аналар мен әжелер ғана емес, жалпы үлкен кісілер (ағалар, аталар) бір-екі жастағы баласы бар үйге оның анасы дәметіп қалар деген оймен, қалтасына дәм-тұзын ала жүрген. Бұл көнеден келе жатқан ырым қазірге дейін жалғасып келеді. Бірақ ел арасында бұл салтты ұстанбайтындар да, бұл ырымға сенбейтіндер де бар екен. Оған өзім куә болған едім. ...Оңтүстіктің қызымын. Тұрмысқа шыққан жерім Шығыс жағы. Ол жақта да салт-дәстүрді қатаң ұстанбаса да, ырымға мән беретіндер, күнделікті тіршілікте қолданатындар бар. Бірақ менің барған жерім, келін болып түскен отбасым заманауимыз деп есептейді өздерін. Сондықтан, қазақтың ежелгі салттарына аса мән бере бермейді. Келін болған алғашқы жылдарымда аса қатты айырмашылық біліне қойған жоқ. Өйткені, қыз ұзату, үйлену салттары еліміздің барлық жеріне бірдей, ұқсас қой. Құдалық жоралғылары жасалып, ата-анамның айтуы бойынша, қалыңмал беріліп, сүтақысы, әке күші деген секілді басты-бастылардың барлығы дерлік орындалды. Бұл жөнінде ешқандай арада түсініспеушіліктер туындаған жоқ. Тек қана бір жылдан соң, мен тұңғышымды өмірге әкеліп, ана атанғаннан кейін, тіпті салт-дәстүрді берік ұстанған өлкеден шыққан болсам да өзім біле бермейтін салттарды біле бастадым. Анам «бесік апарамын» дегенде енем түсінбеді. Біз жақта осындай салт бар. Қызын ұзатқан ата-ана бір жылдан соң, қыздары тұңғыш сәбиін өмірге әкелгенде балаға арнап бесік жабдығын апарады. Ал құдалар жағы бесік әкелген құдағиларды сыйлап, дастархан жайып, сый-сияпатын беріп шығарып салады. Мұны да енеме түсіндіріп жүріп, кішігірім етіп, «бесік тойын» да жасадық. Шыны керек, мұндайды біраз жасқа келсе де көрмегендер таң қалысты. Таңсық дүние болды ғой олар үшін. Сонымен, оны да өткердік. Күнделікті өмірімізге еніп, баламды өсіріп, үй шаруасымен айналысып отырдым. Байқаймын, енем бір жаққа қонаққа барып келсе, әсіресе құр қол қайтып келгенде омырауым сыздап ауыратын. Суықтатып алған шығармын деп жеңгелерімнің ыстық таба нанды таза майлыққа орап, кейде тозығы жеткен майлықтардың өзін ғана қатты қыздырып (үтіктеп) омырауына басып жататындарын көргенмін. Менде де солай болған шығар деп көргендерімді қайталадым. Бірақ менің «дертім» басқа екенін ол кезде ұқпадым. Сөйтсем, мен енем қонаққа барып келгенде барған жерінен дәм тататын бірдеңе алып келеді деп дәметкен екенмін. Бірақ енем «Ұят қой, мен дастарханнан қалай бірдеңе аламын? Өздері қолыма ұстатып жатса бір жөн» дейді. Шынында да енемнің де сөздерінің жаны бар, келін болған әулетімде мұндай салтты ұстанып, мән бере бермейді. Олар үшін бұл ырым ұсақ-түйек болып көрінуі де мүмкін, алайда, осы болмашы ғана ұстанымның үлкен салмағы бар, сауабы бар. Енді оны өзім қолға алып, үйімізге келген қонақтың үйінде емізулі ана болса, келіндері бар болса міндетті түрде дастарханымнан оларға ауыз тисін, дәметіп қалады ғой деп тәттіден, жеңсік астан салып беріп жіберемін. «Алмаймын, қой керек емес. Осындай тәттілер үйде де бар» деуі мүмкін келген қонақ. Бірақ мұның ырым екендігін, әрбір үйден табылатын бір үзім нанды салып берсеңіз де «біздің үйдің дәмі» деп беріп жіберу керек. Өйткені, сіздің үйіңізге қонақ болып келген кісілердің кейбірі «үйде жас балалы келінім бар» деп айтуға ұялуы мүмкін. Сондықтан, міндетті түрде келген қонақты құр қол қайтармаңыз.

Материал Төлеуғали Есетұлының парақшасынан.
20 желтоқсан 2020 ж. 472 0