Нақты тапсырма – нәтижелі түйін
Апта соңында аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлының төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.
– Ауданымызда 2022 жылдың 5 айында жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда тұрақты жағдай қалыптасып, 7 көрсеткіштің 6 көрсеткіші бойынша өсу қарқыны байқалды. Атап айтқанда, өсім өнеркәсіп өнімі, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары саласында, тұрғын үйді пайдалануға беру мен бөлшек сауда саласында байқалса, негізгі қорға салынған инвестицияда төмендеу көрсеткіші тіркелген. Жалпы ауданда 2022 жылдың 1 мамырына халық саны – 86 731 адамды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 34952. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға кем. Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде аудан халқының саны 86,7 мың болып, жалпы өсу қарқыны 1,6 мың адамға жетіп, көрсеткіш 101,9 пайызды құраған. Дегенмен алаңдатарлық жағдай да жоқ емес. Аудан халқының өсуі байқалғанымен көші-қон бойынша теріс сальдо, яғни аудан халқының сыртқа кетіп жатқаны да орын алуда. Ал ауданымыз күнкөріс деңгейі төмен санатындағы халық саны бойынша облыста көш басында. Бұл дегеніміз әр бір он екінші адамның күнкөріс деңгейі төмен дегенді білдіреді. Жұмыссыздар саны 1731 болса, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 6941. Демек жалпы халықтың 8 пайызы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып отыр. Сондай-ақ өздеріңізге белгілі, халықтың тұрмыс тіршілігіне қазіргі инфляция деңгейі де қатты әсер етуде. Инфляция 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға артып, мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалынып отырған қадамдары оң нәтиже бермей отыр. Соған сәйкес әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азықтүлік бағалары да көтерілген. Негізінен көкөніс өнімдері, яғни қырыққабат 63 пайызға, жуа 89 пайызға, сәбіз 6, картоп 7, құмшекер 80 пайызға қымбаттаған. Күнделікті тұтынатын ас атасы нанның бағасы басқа аудандармен салыстырғанда 15 пайызға қымбат. Ал 2022 жылдың 1 маусымына аудан бюджетінің жалпы кірістері 104,5 пайызға, соның ішінде аудан бюджетінің өз кірісі 152,1 яғни 51,1 пайызға орындалды, – дей келе алдағы уақытта атқарылуға тиісті жұмыстарға тоқталып өтті.
Баяндаманы мұқият тыңдаған аудан басшысы биылғы жылы халық санының өсуін айтқанда қуанғанын, артынша тұрғындардың басқа облыс, қалаларға көшу салдарынан азаюын естігінде көңілі су сепкендей басылғанын жасырмады. Мұның себептерін анықтау үшін орынбасары Дархан Есалыұлына нақты тапсырма жүктеді. Қойын дәптеріне берілген тапсырманы түртіп алған орынбасар алдағы уақытта жұмыс жасайтынын, нақты шешімін жақын арада айтатынынан хабардар етті.
– Бүгінде Жаңақорған ауданы дамудың даңғыл жолында. Атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Соған қарамастан қазіргідей дағдарыс кезінде ел еңсесін тіктеуге бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қабылданып жатқандығы болашаққа деген сенімімізді нығайта түсетіні анық. Осы бағытта ауыл әкімдері мен бөлім басшылары өздеріне жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек. Тұрғындар мәселесін шешу мемлекет ұсынатын қызметтер сапасының артуынан көрінеді. Сондықтан сіздердің атқарған қызметке баға беретін халық, – деді әкім.
Одан әрі Аққорған ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ауыл әкімі Серік Сәрсенбайұлы баяндама жасады.
Ол өз сөзінде, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауылішілік жолдарға тас төсеуге 3,8 млн теңге, Түгіскен көшесіне асфальт төсеуге 11,3 млн теңге, ауылішілік аяқ су арықтарын тазалауға 1,3 млн теңге, «Аллея» салуға 4,6 млн теңге, санитарлық тазалық жұмыстарына 1,4 млн теңге жұмсалғанын айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өтінішіне байланысты №209 орта мектепке қатынау үшін ұзындығы 340 метр жаяу жүргіншілер жолы, яғни тротуар салынып, шаруашылық құрылымдарына су жеткізуге арналған Р-11 каналы 5,0 млн теңгеге тазаланған. К-1 су қашыртқысының үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірге Б.Момышұлы көшесі тұрғындарының қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 13 жарық шамы қойылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 23 жоба қорғалып, 13,4 млн теңгенің грантына қол жеткізілгенін, «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 5 азамат 37,3 млн теңге, егін шаруашылығы үшін 90,5 млн мал шаруашылығы үшін 15,9 млн теңге, техника сатып алуға 12,3 млн теңге несие алынып жұмыс жасалып жатқанын айтты.
Ал ауылшаруашылығы саласы, шаруаларға көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары, білім мен балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуына, мәдениет және жастар саясаты, сондайақ спорт, денсаулық саласынан хабардар еткен ауыл әкімі сөз соңында салық түсімдерін кеңейту мақсатында ауылдық округтегі жеке тұрғын үй құрылысы және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, жеке кәсіпкерлікпен заңды түрде айналысу үшін кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарды аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеуге қоюға жұмыстар жасалғанынан хабардар етті.
Осы ретте аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы жиында бас қосқан ауыл әкімдеріне ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, оның жұмысын үйлестіріп қосалқы шаруашылықты дамытуда ең бастысы халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігіне екпін салды. Бөлім басшыларына да жүктелген тапсырма бойынша жұмысты босаңсытпай, ширақ қимылдауға мән беру керектігін нақтылады.
Кезек Келінтөбе ауылдық округінің әкімі Абылай Досжановқа келді. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан баяндама оқыған әкімнің сөзі орта жолдан кілт үзілді. Өйткені аудан басшысы баяндамада жазылғандай әкімгершілік ғимаратты темір қоршаумен қоршауға республикалық қаражат есебінен ешқашан қаржы бөлінбейтінін, оқитынын қағазға түсіргенде осындай өрескел қателіктерге неге назар салмағанын сұрады. Әдеттегіше, ауыл әкімі баяндаманы есепші дайындағандықтан мұндай қателік сол қызметкердің тарапынан кеткенін айтып ақталды. Ашуға мінген аудан басшысы жіберілген қателік есепші тарапынан кетсе де оның бүтіндей бір елді басқарып отырғанын, әкім деген атқа лайық болуда сауатты жұмыс жасау керектігін еске салып, бүгінгі жиынға дайын еместігін айтып, ескерту жасады.
Бұл күнгі жиын өзгеше форматта өтті. Жаттанды жүгіртпе цифр мен ұзын сонар баяндаманың нүктесін қойған аудан басшысы алдағы уақытта аудан үшін қызмет етіп отырған әр ауыл әкімі мен бөлім басшыларының белгіленген кесте бойынша жеке-жеке есеп тапсыратынын нақты айтты. Осылайша ашықтыққа көшуді қолға алған Мұрат Жолкелдіұлы мұндай басқосулар нәтижесі алдағы уақытта әлеуметтік желіде жарияланатынын, бағасын халық таразылайтынын жеткізді.
P.S. Мәжілісте күн тәртібіне шығарылған мәселелер осылайша талқыланып, әрқайсысы бойынша қаулы қабылданатыны белгілі болды.
Лаура Бибасарова