» » Жаңа Кодекс жаңғырудың бастамасы

Жаңа Кодекс жаңғырудың бастамасы


Мемлекет басшысы азаматтардың жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалатынын айтты. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін ескертті. Осыған орай, мұндай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында Президент әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс берді. Міндетті орындау мақсатында 2020 жылғы ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, ол 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бір жылға жуық қолданыстағы бұл заңның мақсаты қандай? Халық мүддесіне тиімді тұсы бар ма? Осы сауалдардың жауабын аудан әкімдігінде өткен “Әкімшілік әділет-дауларды шешудің ерекше тетігі” атты семинардан іздедік.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш қабылданған жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Бұл Кодекс мемлекеттік және әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, жеке, заңды тұлғалардың теңдігін тұрақтандырады. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ашып, семинардың салмағын түсіндіріп, Кодекстің ерекшеліктеріне тоқталды.

– Мемлекеттің, мемлекеттік институттардың дамуымен қатар қазіргі заңдық базасын жетілдіру де маңызды аспектілердің бірі болып табылады. Яғни қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік-құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Соның бір дәлелі еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, жүзеге асырылған осы Кодекс. Жаңа кодекс Президенттің Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өткен жөн. Жалпы, Кодекс мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің, соның ішінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау сапасын арттырары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, енді мемлекеттік қызметкерлерге артылар жүк еселенді. Сондықтан жаңа Кодекс басымдықты жеке тұлғалардың өтінішіне жұмыс жасайды. Бұл заман талабы, – деді Дархан Есалыұлы.

Семинарға аудандық сот судьялары, прокуратура, адвокатура өкілдері, медиаторлар, сот орындаушылары және аудан, кент, ауыл әкімдері қатысты. Өйткені, бұл заңдылық көбіне осы мемлекеттік қызметшілердің аясында өрбиді. Мұнан кейін қатысушыларға жаңа Кодекс талаптары бойынша мәлімет беретін Жаңақорған аудандық сотымен дайындалған бейнеролик көрсетілді. Ал, әкімшілік-рәсімдік Кодекстің міндеттерін, әкімшілік рәсімдердің, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттерін, әкімшілік рәсімдердің қағидаттары жайлы аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева түсіндірді.

– Жаңа заңнаманың қолданыста болғанына бір жылға жуық уақыт өтті. Кодекстің мақсаты дауларды шешудің ең тиімді тәсілі. Жалпақ тілмен айтқанда, бұрындары сот негізінде мемлекеттік органдар қандай істе болмасын бұқараны жеңіп шығатын болса, енді үстеме тұрғындар тарапына қызмет етеді. Бұл заң көбіне Еуропа елдерінде кеңінен қолданады, өйткені, бұл Кодекстің тиімділігі өте көп. Сондықтан, біздің елде де кеңінен қолдануға жұмыс жасап келеді. Әкімшілік органның әкімшілік рәсімдерді жүргізу барысында заңдылық, әділдік қағидаттарын қатаң сақтауы қажет. Сондай-ақ,  Құқықтар басымдығының қағидаты, яғни барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі, – деді Әлия Бердібекқызы.

Төраға сенім құқығын қорғау қағидатына, азамат қабылданған шешімнің заңды екеніне, егер оның кінәсі болмаса, күші жойылмайтынына сенімді болуы қажет екенін алға тартады. Мемлекеттік органның не лауазымды адамның кінәсі адам үшін қолайлы актінің күшін жоюға әкеліп соқпауы тиіс. Адамдар олардың қызметтеріне тыңғылықсыз қарап, салғырттық танытуы салдарынан зардап шекпеуі тиіс екенін түсіндірді.
Әкімшілік орган шағым түскен күннен бастап 3 күн мерзім ішінде өзінің қателігін жөндеп, істі жоғарғы тұрған органға жолдамай-ақ әкімшілік рәсімге қатысушы үшін қолайлы акт қабылдауға құқылы. Бұл өз кезегінде адамдардың бұзылған құқығын жылдам қалпына келтіріп, уақытын үнемдеуін қамтамасыз етеді. Кодекс бойынша жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынастағы мәртебесіне де төраға тоқталды. Олардың әкімшілік рәсімге қатысу құқығы; өз ұстанымын білдіру құқығы; әкімшілік акт қабылданғанға дейін қосымша материалдар ұсыну құқығы бар екенін білу қажет. Жаңа Кодекс бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану тетіктері де сөз болды.
Аталмыш Кодекс негізінде туындайтын дауларға қандай істер жатады? Оған әкімшілік органның немесе лауазымды адамның әрекетіне, сот орындаушысының шешіміне, уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша, нұсқамаларына дау айту жатқызылады. Сондай-ақ, сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы, жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқығын бұзатын шешімдеріне дау айтуы жатады.
Семинар барысында ауданның әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Жаннұр Дүйсенбаева баяндама жасады.
Қорыта айтқанда, жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі азаматтардың құқығын қорғаумен қатар, жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар арасында туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған.


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
17 маусым 2022 ж. 358 0