Қарымды қаламгер, қайран дос
Әдетте шығармашыл жандардың қаламгерлік қабілеті мектеп қабырғасында-ақ қаланады деуге болады. Өйткені көбінің тырнақалды өлеңмақалаларын мектеп қабырға газеттерінен оқитынбыз. Талабы асқанның туындыларын ішнара «Қазақстан пионері» газеттері беттерінен де көретінбіз. Мысалы, ауданымыздан шыққан ақын-жазушылар Адырбек Сопыбековтің, Әкім Мейірбековтің, Айдархан Бибасаровтың да шығармашыл жолы солай басталған деуге болады.
Алпысыншы жылдар, менің туған ағам Нәріштің ауылда пошташы кезі. Аптасына екі рет Бесарық бекетінен атпен газет артып әкеліп, ауылға тарататын. Біз солардың ішінен өзімізге танымал аудандық «Екпінді» газетін және оқушыларға арналған газет-журналдарды қызыға парақтап, ішнара аталған ағалардың өлең-мақалаларын көріп қалып оқитынбыз. Жоғарыдағы үш кісі де еңбек жолын кітапханашы болып бастапты, яғни кітапқа жақын болған, оны сүйген.
Айдархан ағамыз сол жолмен аудандық «Екпінді» газетінде корректор (1959- 1962жж), болып істесе, одан соң Шиеліде радиохабар таратушы, аудандық «Өскен өңір» газетінде корректор, әдеби қызметкер болып (1962-1966жж) қызмет атқарған екен. Аудан Шиеліден бөлініп шыққан соң да (1966ж), аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жиырма жылға жуық (1986ж дейін) ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды.
Кеңес заманында түрлі деңгейдегі партия комитеттері жанында бастауыш ұйымдары болды, олар елге саяси-коммунистік тәрбие, насихат жүргізді. Оның басында аудандағы ең білімді, саяси сауатты кадрлар тұратын.
Айдекең сондай кадр ретінде біраз жыл осы кабинетте меңгеруші болып істеді. Кабинет саяси оқуларға басшылық жасайды, олардың мектебі, бағдарламалары бар. Мысалы мен «Талап» кеңшарында «Кругозор» деген саяси мектептің оқуын жүргіздім. Айдархан ағамызбен сол кезде жақын таныстым. Бізді түрлі аудандық, облыстық, тіпті республикалық семинарларға шақырып, жіберіп отыратын. Мен ол кісіге «Мен баратын болсам, ауданда «Өзгентте» №224 мектеп директоры Шалқыбековті қосыңыз» деп өтініш жасайтынмын. Ол кісі күліп, дәл солай жасайтын. Бір жолы Айдекең Бірліктік Болат екеумізді ауданнан комсомолдық саяси оқу жүйесінің республикалық семинар-слетіне Қарағандыға жібергені бар. Облыстан 10-15 делегатпыз. Үлкен семинар-кеңесті сол кездегі белгілі жазушы, Орталық комитеттің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов басқарды. Комсомолдар жиналған шара қызық әрі мазмұнды өтті.
Бір есте қаларлығы, шараның соңындағы банкетте біз – Қызылорда делегациясы хатшы Қалаубек ағамызбен кездескенімізде, ол кісі Айдархан ағамызды сұрап, дұғай-дұғай сәлем айтып қалды. Сол жолы біздің Қарағанды қаласына алғаш баруымыз еді. Осы шарадан үлкен ризалықпен оралып, Айдекеңе рахметімізді айтып, әріптесінің сәлемін жеткізгенім есімде. Келген соң Айдекең мені «Озат насихатшы» белгісіне ұсынып, суретімді «Ленин жолы» газетіне шығарды. Кейіндері бір жиналысқа шақырса, «Зәке, Шалқыбековті қосайын ба?» дейтін күліп. Осыдан 40-50 жыл бұрынғы Қарағандыға бірге барған Бірліктік Болатты кездестіре қалсам, сол жолсапар есіме түседі.
Айдархан аға 1985 жылы аудандық «Коммунизм жолы» қазіргі «Жаңақорған тынысы» газетіне бас редакторлыққа ауысып, осы қызметті зейнетке шыққанша абыроймен атқарды. Айдекең зейнетте жүрген жылдарында да ауданның қоғамдық өмірінен сырт қалған жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына да атсалысты.
Құрметті демалысқа шыққан соң өзінің сүйікті шахмат ойнау өнерімен қайта қауышып, біздің Ордакентке келіп ардагерлер арасында «Шахмат клубының» жұмысын ұйымдастырды. Ардагерлер күн сайын 4-5 тақтада сайысқа түседі. Ардагерлер арасында бірнеше рет, өмірден жастай өткен екі журналист інілерінің атында турнир де өткізуге атсалысты. Жазушы- журналист Айдархан Бибасаров пен құқық саласының ардагері Жасұзақ Аманбаев екеуі әрдайым аудан шахматшыларының көшін бастап жүрді.
Жалпы Айдекең қызмет істеп жүрген жылдарында ішінара ғана шығармашылықпен айналысқанымен, ол шаруаға шындап кірісе алмаған еді. 2000 жылдары біріңғай еңбек демалысына шыққаннан кейін ғана бар ғұмырын шығармашылыққа арнады. 2009 жылы Хақназар ханның бас қолбасшысы болған өзінің бабасы Қожамберді батыр жайлы тарихи роман және Құйысқансыз руының шежіресін жазып шығарды. Сондай-ақ, Төменарық өңірінің тарихи және еңбек адамдары жайлы «Дала перзенттері», «Өнегелі ғұмыр» кітаптары жарық көрді. Одан Құлан ақын мен Шәймен ақын жайлы «Өмір дәурен» кітабы мен Алаш ардақтысы болған біздің елден шыққан Серқұл Алдабергенұлы мен дуалы ауыз, аты аңызға айналған атақты би Қалкөз Сіргебайұлы туралы жазылған «Бәйтеректің қос бұтағы» атты кітабының орны бөлек еді. Осы еңбектерімен Айдекең ҚР Жазушылар Одағының мүшесі құрметті атағына ие болды. Сонымен қатар Айдекең алғашқылардың бірі болып ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған және оған нағыз лайықты жан еді.
Өзінің өмір жолы туралы көп айта бермейтін. Оны бала кезінен білетіндердің айтуынша, ол жасынанақ көп оқитындардың, көп ізденіп, елжер тарихы мен тарихи тұлғалардың өмір жолдарына құлақ сала жүретін, жады мықты ерекшелігімен ел жұртқа жағымды азамат еді. Айдекеңнің әсіресе шежірешілдік қабілеті ешбіріміздің бойымыздан табылмайды десем қателеспеймін. Ол қазақтан тарайтын қай рудың болсын шежіресін жүйежүйесімен айта жөнелгенде оның (Жалғасы. Басы 1-бетте) барлығын санада қалай түзіп, қалай сақтап, жаңылмай айтып беретініне әлі күнге таң қалып келем. Сол қасиеттері өзінің қарапайымдылығымен үндескендей, көп сұрамасаң білем деп кеуде қаққанды білмейтін, «бетегеден биік, жусаннан аласа» кісі еді. Лауазымды қызметте отырса да тірі жанға тізе батырған кезін естіген емеспіз өте қарапайым ғұмыр кешті.
Артық жүріс-тұрысы жоқ, уақыттың қадірін білетін, арзан күлкі, сауыққа қызықпайтын, өмірінде темекі шегіп, карта ойнап, ащы суға ауыз былғамаған зиялы жан еді. Уақыты артылса, шахмат ойнауды, кітап оқуды (жазуды) өміріне серік еткен нағыз зиялы да өнегелі кісі болды. Өнер және шығармашыл адамдар арасында кездесетін пендешіліккөреалмаушылық секілді теріс әдеттен ада, таза болып өтті.
Өзінің құрдасы аудандық газеттің бас редакторлығын бұрын атқарған, біріақын, бірі- жазушы Адырбек Сопыбеков екеуі бір-бірінің талантын құрметтеумен, егіз қозыдай, бір-бірі туралы тек жақсы сөз айтумен өтті. «Жаңақорғанның қос таланты, қос шежіресі-тарихы» деген аттың иесі болып өтті. Ол кісілердің есімін келешек көше, мәдени нысандар атына беру жөнінде туған халқынан ұсыныс түсіп ұлықталары хақ. Екеуі де туған елден, жерден табан аудармай жүріп-ақ ҚР Жазушылар Одағының мүшесі болды. Сөз өнерінің майталмандары атанып, еліне 50-60 жыл шығармашылықпен қызмет жасап, өшпес мұра қалдырып кеткен ауданымыздың бетке ұстар, мақтан тұтар перзенттері болып өткенін аудан халқы ұмытпайды.
Зинабдин Шермұхаммедұлы,
ардагер ұстаз,
Жаңақорған ауданының
«Құрметті азаматы», ел ағасы