№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алпыс жылдан бері асыға күтемін

Алпыс жылдан бері асыға күтемін


Мен «Жаңақорған тынысының» алпыс жылдан бергі оқырманымын. Яғни, мектепте оқып жүрген кезімде-ақ ата-анамыз жазылатын «Коммунизм жолы» газетін қызыға оқитынмын. Оқып қана қоймай, мектеп жаңалықтарынан өзімнің қысқа мақалаларым басылып, төбем көкке жеткендей болатын.


Бірліктегі №55 мектепте оқыдым. Жан қалауыммен музыкант болуды армандап, жоғары оқу орнында білім алып, еңбек жолымды Құрманғазы атындағы оркестрде бастадым. Ата-анамның жағдайымен туған жерге оралып, өзім оқыған мектепке орналасып, музыка пәнінен сабақ бердім. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі, зейнетке шыққанға дейін мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқардым. Қазір зейнеттемін. Білім беру, тәрбие жұмысынан қолым босағандай болғанмен білімге құштарлық, жаңалыққа ұмтылу сынды адам жанына рухани азық сыйлайтын әдеттен қол үзе алмағанымды мойындаймын.
Адамға ас-судан кейінгі бірінші қажеттілік рухани байлық. Оның кілті – кітапта, содан кейін күн сайын тасқа басылып, бояуының иісі кеппеген күйі қолымызға тиетін газеттер мен журналдарда десем қателеспеймін.
Жалындаған жастық шағымда Одақ көлемінде шығып жататын беделді басылымдарды жаздырып алып оқып, ой-санамның салмақты қалыптасуына, таным-деңгейімнің биіктеуіне солардың көп көмегін көрдім. Олардың қатарында «Права», «Известия», «Советский спорт», «Ленин жолы», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Наука и религия», «Советская эстрада», «Білім және еңбек» журналдарының мен үшін орны ерек. Пошта қызметі мемлекеттік деңгейде бақыланып, алыстағы мол отарларындағы малшы қауым мен егістік басындағы диқандарға дейін мерзімді баспасөзді қалдырмай оқитын. Кеңестік идеологияның пәрменділігі де содан
болса керек.
Тәуелсіз ұлт ретінде 30 жылда қол жеткізген жетістіктерімізді дәріптеп, қаламгерлеріміз қаншама ойлы дүниелерді тудырып, газет-журнал бетінде жарқыратып жазып жүр. Бірақ жақсылық – жаңалықтар дер кезінде халықтың құлағына жетіп, жүрегіне орнығуы үшін оқырманға сүбелі сөз арнаған журналист-жазушы ағайынның еңбегі есіл болмай, мерзімді басылым мәрелі мекеніне тезірек жетуі керек қой. Бізде осы жағы ақсап жатыр. Елді мекендердегі пошта қызметінің сапасы сын көтермейді. Жазылған газет-журналдарымыз зарықтырып он күнде бір қара көрсетеді. Жиналып келетін ақпарат құралын уақытысында оқымаған соң мейірің қанбай, өтіп кеткен жаңалықтар құндылығын жойып, қызығушылығымыз кәдімгідей басылып қалады екен. Менің тілегім, үкімет пошта қызметіне ерекше ден қойып, таратушылардың айлық жалақысын көбейтіп, бұл салада қордаланған мәселелер шешілсе екен дейміз.
Қым-қуыт тіршілігі қайнаған қала өмірі өз алдына, шаруасын күйттеп, күйбең тірлігі бітпейтін ауыл өмірінде ең бір жаныңа тыныштық беретін, жаймашуақ рухани ләззат сыйлайтын бір ғана сәт – кітап оқу және түрлі-түсті, мазмұны сан қырлы, зияткерліктің лебі есіп тұратын мәнді де, мағыналы мерзімді газет-журналдарды ақтару десем асыра айтқандық емес. Мен осы күні де республикалық және жергілікті мерзімдік басылымдардың оқырманымын. Адалын айтсам, төл газетіміздің орны бөлек. Үлкен форматта шығып жатқан газеттің көтерер жүгі артып, салмағы да еселене түскен. Адам жанына рухани нәр беретін ізденісті материалдар шығып жатады. Қаратау өңірінен шыққан танымал, талантты тұлғалар қатарында ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері, ғалымдармен сұхбат жиі жарық көреді. Осы орайда, тер төгіп, газет жанрын байытып келе жатқан қаламгерлер қауымына қалың оқырман атынан шын ризашылығымды
жеткізгім келеді!

Әметхан ӘДІЛХАНОВ,
ағарту саласының ардагері

04 желтоқсан 2021 ж. 424 0