№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көңіліне көлеңке түсірмеген

Көңіліне көлеңке түсірмеген

Қашан қарасаң жарқылдап, күліп-жүретін, жағдайын сұрай қалсаң іші-бауырындағысын ақтарып салар ақжарма пейілді кәріс қызы – Наташаға қарап өмірде өкініш-мұңы жоқ, армансыз жан осындай-ақ болар деп ой түйесің.
Тағдырының тереңіне үңілсек, нартұлға көтеруге жаралған күрделі өмір тарихы бар. Бірақ соның барлығын нәзік иығымен көтеріп, айналасына көңіл шуағын шашып жүретін үлкен жүректілігіне қарап қанағатшылдық деген де Тәңірдің қалаған пендесіне тарту етер бір қайырлы сыйы ма деп қалғандайсың.
Тоталитарлық жүйенің жекелеген халықтарды депортациялау саясатын қаншама ұлт пен ұлыстың құқына қол сұғуы деп бағалаған жөн. Осындай қиянатты бастан кешкен кәріс диаспорасы да қазақ жерінен қоныс тауып, ұрпақ жалғады.
Бір эшелон корейдың Төменарық станциясына түсіріліп, жергілікті халықтың жүзінен жылу күткен мұңды шежірені Наташа ата-әжесінен тыңдап ержетті. Қазақ халқына деген ата-баба құрметінің әсері ме, ол өзі туған Төменарық топырағын керемет қастерлейді. Әкесі Пягай Генман Иванович Төменарықтағы «Горняк» орта мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет етті. Өзі математика пәні мұғалімі болатын. Анасы Хен Сунха үй шаруасында, бала тәрбиелеумен айналысты. Наташа отбасындағы алты баланың ең кенжесі болды. Мектепте жүргеннен заң қызметкері боламын деп армандайтын. Орта мектептен соң 1973-76 жылдар аралығында Алматы милиция мектебінде білім алды. 1979-84 жылы Қарағандыдағы жоғары милиция мектебін бітірді. Жиырма жылға созылған еңбек жолына зер салсақ, аудандық ішкі істер бөлімінде хатшы-машинист, одан әрі аудан орталығындағы №169 орта мектебінде инспектор, аудандық ішкі істер бөлімінде аға инспектор, соңғы жылдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдары менің жас тілші ретінде милиция Наташамен талай жолым тоқайласты, күн-түн қатқан қызметіне куә болдым. Бірақ мен оның бірде-бір рет жасөспірімдер тәрбиесінде талапшылдықты желеу етіп жаңылыс басқанның жанын жаралаған кезін көрген емеспін. «Қиын» балалардың өзіне анасындай қамқор болып, мейірімділік танытудан жаңылған емес. Осы жылдары саланың түрлі марапаттауларын иеленіпті. Зейнетке 1997 жылы полиция майоры шенінде шыққан Наташа Чулкова әлі де тұғырдан түскен жоқ. Ел тыныштығына, жас өркеннің тәрбиесіне алаңдап, қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене атсалысып жүр.
Бүгінде Алматы мен ауылдың арасын жол қылып, балалары Денис пен Ленаның және немерелерінің хал-күйіне көп алаңдайтын Наташа сол баяғы өмірге құштар, еңбексүйгіш, қағылез қалпынан танбаған. Өзі жүрген ортаға ілтипат пен ізгіліктің шуағын төгіп жүретін кәріс қызы Чулкова Наташа, шынымды айтсам, бізге осынау шырайлы мінез, шынайы болмысымен қымбат, қадірлі.
Баян Алаудинқызы.
01 мамыр 2018 ж. 1 085 0