№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жүрегі – мейірім мекені

Жүрегі – мейірім мекені


Егерде адамдардың барлығы дүниеауи армандардың жетегінде кететін болса жердің беті қиян-кескі арпалыстың алаңына айналған болар еді. Атақ үшін, ақша үшін. Соның барлығынан жоғары тұратын, жақсы сөзімен, аппақ ниетімен айналасына шуағын шашып жүретін жандар болады. Олар – өнер адамдары.
Қаламгер атаулының міндеті – жер бетіндегі тіршілікке ізгіліктің нұрын сеуіп, адамдардың жүрегіне мейірімді орнатуға бағытталады. Мен бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ қояйын, өз анам, ұлағатты ұстаз, «Қазақ ССР Оқу ісінің үздігі», ақын Хадиша Баязитованың бүкіл болмысы, тағдыр тарихы, табиғаты бұған айқын мысал бола алады.
Анамыздың жастайынан қолынан қаламын тастамай, талбесікті таянып отырып та өлең жазғанына қарап, бұл құдыретті сөз өнерінің ақын көңілінің айнымас ақжелкені, желеп-жебеуші періштесі, қажет жерінде намысты жанып, жігерін қайрар наркескені бола алатынын еріксіз мойындайсың. Ақын– ана бұл туралы былай деп толғанады:
Ақын ұста асыл сөздің шебері,
Жан сезімін ақын ашып береді.
Ойды билеп, бойды алатын еріксіз,
Ерітетін соның отты өлеңі.

Міне ғажап, қараңыздар қызықты,
Өмір сырын маржан сөзбен тізіпті.
Алғы үмітін, артқы асуын арманын,
Қос қатарға түгелдей сиғызыпты.

Сергігендей сайрандап, саз гүл бағын,
Көзбен оқып, көкірекпен тыңдадым.
Сөз сұлуын терген шебер, шын зергер,
Қандай жақсы жайма шуақ жырларың.

Тәтті әуенге ұйығандай бар адам,
Тудыңдар ма дарын болып анадан.
Ойланбай-ақ отты жырды селдеткен,
Жүректерге жылу болып тараған. (1970 жыл)
Биыл ақын сексенге толды. Құдайдың берген жасына тәубе деп, әр таңды құлшылықпен қарсылап, арманын асыл үмітке жалғаудан жалықпайтын әз-ананың тілегі елдің үстінде. Өзім ғана болсам, толсам деуден аулақ, ағайын аман болсын, көкөрімдердің көкірек көзі ашылсын, адасқандардың алды жарық болып, санасына сәуле түссе екен деумен ет жүрегі езілгенде қауырсын қаламына жүгінеді.
Ақсың ба, есеп емес, қарасың ба,
Ерік жоқ тегіңді айтып, таласуға
Шырылдап шыбын жаның дәрмен іздер,
Қалғанда от пен судың арасында.

Кеш болар өкінгенмен өтпес айла
Сиратул көпір барын бүгін ойла
Барарсың Алла алдына амалыңмен
Есепсіз жиған мүлкің бермес пайда...

Шығармашыл адамның жүрегі баладай нәзік, сәл көңіл бөлмесең жасып, жанарына мұң қонақтайды. Бұл туралы өзі:
Ақтарып көр, парақтарын тарихтың,
Күлкісінен күліп шығар жарық күн.
Күрсінгенде қара орман қақ айрылған,
Ана деген жаны нәзік рухы биік алыптың.

Ана көңілін көктем етер етіп іс,
Қуантыңдар, құрметтеңдер өтініш.
Жас баладай жаутаңдаумен жасумен,
Бір кетпегей сол жанарда мәңгі өтелмес өкпе нала, улы запыран өкініш, – деп толғанады.
Ақынның студенттік жылдардан бастап бүгінге дейін ақ қағазда қатталған өлеңдерін жинақтап «Бақытымды босағамнан күтемін» деп аталатын жинағы 2005 жылы жарық көрген болатын. Қаламгер тек поэзиямен ғана емес, прозаға да жиі қалам тартады. Ұстаз-ананың болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні зор «Шәкіртіме хат», «Қызыма хат» деген тақырыпта ұдайы баспасөзде жарияланып жүрген циклдық материалдары бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
30 жылға жуық еңбек жолында қоғам өміріне де белсене араласып, Төменарық ауылдық кеңесінің, Жаңақорған қоныстық кеңесінің депутаты болып, елдің әлеуметтік-саяси өміріне де етене араласқан қайраткер-ана еңбегі орынды бағаланып, саланың марапаттауларымен қоса, аудандық, облыстық партия комитетінің Құрмет грамоталарымен наградталып, 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болу құрметіне ие болды.

***
Кезінде жас қанат өлеңдері «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әйелдері» журналына жарияланып, ақсұңқар таланттар Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынованың оң бағасына ие болған ақын шығармашылығының суаты әлі сарқылған жоқ. Сөз өнерінде сабақтастық әлі үзілмеген. Жақында қаламгер ана алғаш Мейрамбек Беспаевтың орындауында тұсауы кесілген «Бозторғай» әніне жауап мазмұнында жаңа ән жазу туралы қолқаны қабыл алып, жарым көңілді жұбатуға арналған «Анаң бар бала» деп аталатын туындыны өмірге әкелді. Әнін де, сөзін де өзі жазған бұл өлең жолдары төмендегіше өріледі:
Бозала таңда бозторғайменен мұңдасқан,
Жазықсыз жәудір жанарың тұнық сырды ашқан.
Сезімтал шерлі, жүрегіңнен пәк айналдым,
Сағыныш, аңсау арманмен аппақ жымдасқан.

Күйзелтіп сені күңіренткен күндер азабын,
Жүрген де шығар анаң да тартып жаза мың
Ойнақтап жүріп от басқан ойсыз ботадай,
Сыздатқан табы жазылмас мәңгі жараның.

Тағдырға налып суықта ызғар тоңғаның,
Көз ашпай жатып қайысып қара орманың.
Назары түсіп, шапағатыңа бөлейтін,
Жаратқан ием бір Алла болсын қорғаның!

Қайғырма бала, сары алтын түбі сабырдың,
Тік көтер басты таусыла бермей жаның тым.
Сенен де гөрі ауырлау халі бар жандар,
Жанында жүрген ананың білмей қадірін.

***
Биыл ауданда ақын – ананың 80 жылдығына орай шығармашылық кешін өткізу жөнінде жоспарланған екен. Соның іс-шарасымен бұл шаңыраққа аудандық мәдениет үйі директоры Зульфия Шалабаева арнайы бас сұқты. Келе апаны қолқалап, сырлы сұхбатқа ден қойды. Балалық шақтан бүгінге дейін үзік-үзік сырларды санада сақтап, ертең сахнада көркем қойылымның арқауына айналдыруға бел шеше кіріскен сыңайы бар. Образды көрініспен көркемдеп, сахна тілімен жарқырата ашудың кілтін меңгерген талантты сценаристің бұған дейін де талай еңбектеріне куә болып жүргендіктен бұл жолы да сәтті қойылымнан көрермен рухани мол тағылым аларына сеніміміз зор еді.
Сексеннің сеңгір толқыны жағаға ұрған ғұмырдарияның сыр тиегіне құлақ түрелікші.
1938 жылдың қыркүйегінде Баязиттің отбасында бесінші перзент дүниеге келді. Отағасы елге белгілі ишан кісі еді, сәбидің есімін «Хадиша» деп өзі қойды. Хадиша 4 жасқа толар-толмас анасы Әмзе науқастанып, қайтпас сапарға аттанды. Жаны жұмсақ, көңілі тым нәзік әкені бәрінен бұрын бүлдіршін Хадишаның халі қатты толғандырды. Әлі ешнәрсенің байыбына бармайтын еркетайының бабын қалай табады? Бейкүнә балақан әке мұңын сәби түйсігімен түсінді. Көз алдында құлынтайдай секіріп ойнап, сақылдап күлгені болмаса, ішін өртеп бара жатқан сағынышты басу үшін есік алдындағы қалың қамыстың ішіне бой жасырып, «апа-а-а-ау» деп ішек-бауырын солқылдата бақырып жылап алатын. Әбден шерін тарқатып алған соң домбығып ісініп кеткен бет-аузын әкесі байқап қалмасын деп өп-өтірік еңбектеп, еркелеген боп әкесінің қойнына қойып кетіп, ұйқыға кететін. Ботақанының алаңсыз қалпынан әке жаны да әжептеуір жай табатындай еді.
Әке мейірімі арқасында жетімдіктің не екенін білмеді. Өзі де аса нәзік, сезімтал боп ер жетті. Өзінен үлкен апаларынан өзгешелеу, шаруаға икемі аз, бірақ оқу озаты. Шүберек қалтаны арқаға іліп маңдайалды шәкірт атанды. Жаз болса бала біткен мақта терімге шығады. Мектепті алтын медальға тәмамдап, Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. Оны бітірген соң, 1962 жылы тұрмыс жағдайымен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бөртескен елді мекенінде тұрып жатқан Үсейін Мағзұмның шаңырағына келін болып түседі. Ең алғаш аудан орталығындағы №51 орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Одан әрі №163 орта мектебіне математика пәні мұғалімі болады.
1963 жылы аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен Төменарық совхозына қарасты «Коммунизм» (қазіргі Қожамберді ауылы) бөлімшесіндегі №162 сегізжылдық мектепте директор болып тағайындалады. Мектеп кейін орта мектепке айналады. Осы білім ошағын 14 жыл басқарып, одан әрі аудан орталығындағы №125 орта мектебіне басшылық етті. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбей аудандық әйелдер ұйымы жұмысына белсене ат салысты. Отбасында ері Үсейінов Алаудин екеуі 9 ұл-қыз тәрбиелеп жетілдірді.
Туған жерге деген сағыныш жұмыр басты пенденің жүрегінде мәңгілікке ұялап, өзімен бірге өмір сүрер аяулы да қымбат сезім екеніне осы өмірінде анық көз жетті.
Мақтаралдың май топырағын жалаңаяқ кешкен балалық дәурені алыстан қол бұлғап, тәтті қиялға берілетіні бар. Ондайда:
Аязды қыс, ақпан өтіп, ызғар кеткенде,
Келдіңдер ме, біздің жаққа ерте көктемде.
Жолай қонып, өттіңдер ме жолаушылардай,
Мен қадаған балғын шыбық бәйтеректерге
Ақ құстарым, айтыңдаршы, хабарларыңды,
Бассаңдаршы сағыныштан алау жанымды.
Балаусасын белден кешкен көкорай жонда,
Көрдіңдер ме мен ойнаған алаңдарымды?
Бауырларым жүр ме асыр сап көңілдері шат,
Ақ самайлы аналарым айтып аманат.
Бауырымыздан ұшқан қарлығашқа деп,
Қайрылдырып қанатыңа жазбады ма хат?.. деп аңсар көңілдің арманын жеткізеді.
Жас күнінде балапандарын тізілтіп туған жерге қыдырып барып, мауқын басып қайтушы еді. Кейін бауырлары Түркістанға қоныс аударып, ата-мекеннен қатынас сиреген еді. Ауыл халқы әкесі отырған шаңырақтың орнын қоршалап, талай жыл тірі жанға аяқ бастырмай, тәу етіп келіпті. Биліктің пәрменімен үйдің орнын сыпырып тастап, бір кешен құрылысы бастандырылмақ екен, елден ешкім шықпаған соң бір немісті жалдап, бульдозермен сүргізіпті. Онысы аяқ-қолы істемей сал болып қалған көрінеді. Баязиттің бала-шағасы кеңесе келе,, құран бағыштап, ас беріп, әке шаңырағының орнына балалар бақшасы ғимаратын тұрғызып, оған қазірде жиен немересі басшылық жасап отыр.

***
Ақын – ананың ғұмырбаянымен тереңірек танысқан сайын тынысы кеңіп, тыңғылықты деректер жинап қайтқан Зульфия қыз түнімен көз ілмеді. Таң ата тылсымнан аян келгендей, кесек-кесек ойлар кезектесе өріліп, айшықты жүрек үні ақ қағаз бетіне көк сиямен көмкеріле берді...

***
Жұма күні Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Сексен жылдық ғұмырдың сырлы баянын көркем қойылыммен сахналаған мәдениет майталмандарының өнері соншалықты әсерлі шықты.
Шара шымылдығын ашқан аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы ұлағатты ұстаз Хадиша Баязитқызының аудан ағарту саласындағы қажырлы еңбегіне тоқталып, одан әрі замандастарын, жас жеткіншекті Отаншылдық, елдік рухта тәрбиелеудегі ақын-ананың шығармашылдық ғұмырнамасы жөнінде жан-жақты айтып өтті.
Мерейтой иесіне аудан әкімі атынан Алғыс хатын және күріштен бедерленген портретін тарту етті. Иығына шапан жапты. Келесі кезекте ақын-ананың баспадан жаңадан басылып шыққан «Айнымас асыл» деп аталатын кітабының тұсаукесер лентасын салтанатты түрде қию үшін сахнаға көтерілген Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшелері, ауданның «Құрметті азаматтары» Айдархан Бибасарұлы мен Файзулла Сахиев ел алдында әріптестік лебіздерімен бөлісті. Ұстаздың кезінде бірге қызмет еткен әріптестері, ел ағалары Мұзарап Махмудов пен Зинабдин Шермағанбетов сөз алып, құттықтау лебіздерін әдемі арнаумен, мағыналы өлең жолдарымен жеткізді. Одан әрі ұстаз ана 1983-1993 жылдары басшылық еткен аудан орталығындағы №125 орта мектептің директоры Жеңіс Ибрагимов пен педагогикалық ұжымы, №13 кәсіптік мектеп директоры Мадияр Ахметов пен ұжымы тілектестіктерін жеткізіп, сый-сияпат жасады.
Кеш мазмұнын ашқан ақынның жырларын жатқа оқыған өнер саңлақтары орындауындағы «Шәкірт сағынышы», «Қазақ әйелдері», «Жайлау толғауы», «Ана жүрегі» сынды ақын туындылары көрермен жүрегіне берік орнығып, әр көңілге терең ой салғандай.
Сазгер-ақынның әндері «Әже әлдиі», «Қоштасу вальсі», «Ана жүрегі», «Қызыма» әндерін оның өз перзенттері Айнұр, Хамит, Гүлзада, Айша Алаудин шырқаса, «Жұбату» әнін талант иесі Өмірсерік Бейсенбиев орындап берді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
17 сәуір 2018 ж. 1 711 0