Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АРМАНЫ БӨЛЕК АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ...

АРМАНЫ БӨЛЕК АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ...


Біз Сыр өзінінің бастау алатын жер Шиелі каналының сағасында өстік. Білім ордасы 2-3 шақырым жерде орналасса да, тобымызбен шұбап, шаршамай мектепке жететінбіз. Біздің топқа каналдың арғы бетіндегі ауыл «Ақарықтан» Сәпи де қосылатын еді. Қашан көрсең де, жайдары жымиған қалпы жылы амандасып, ағалық пейілін білдіріп жүретін азамат туралы бүгін өткен шақпен естелік жазамыз деп ойлаппыз ба?!
Ағайындық қарым-қатынастан басқа білім ордасында бізді ортақтастырған бір нәрсе болды. Екеуміздің де сынып жетекшіміз ұлты украин қызы Антонина Щербенина апайымыз еді. Орыс әдебиетінен берілетін тақпақты жаттап, сайрап айтқанымызбен, берілген тапсырманың мазмұнын айтуда кідіріп, тіліміз жетпей, шатасып қала беретінбіз. Ал бізден екі-үш сынып жоғары оқыған Сәпихан мен оның құрдастарын апай үнемі үлгі етіп, жиі айтатын. Расында да балалық па, шетінен білгір, озат оқушылары көп, өте белсенді әрі жақсы оқитын жоғары сыныптың оқушылары бізге сол кезде атпал азаматтардай көрінетін. Сәпихан да мектепте жақсы оқыды. Щербинина апайымыздың айтуынша, ол бала кезде елгезек болды. Тапсырманы жедел орындап, тақпақ, өлеңдерді тез жаттап алатын. Сөйткен бала Сәпихан Жүсіпбеков Кеңес Одағының батыры А.Романов атындағы №53 орта мектепті жақсы бітірді. Бірден Қаратаудағы политехникалық оқуға түсті. Онан кейінгі өмір жолы Қызылордада жалғасты. Институтты бітіріп келген соң, Сыр өңірінде жұмысын жалғастырды. Ауыл баласының қатарынан қалмай жүріп, қызмет етуін ойлағанынан шығар, елге келгенде бізді кездестіріп қалса, «оқуға түсуге талпыныңдар» деп жиі айтатын. Өзі де Қызылордада жүріп, алған білімінің, еңбегінің жемісін көрді.
Сәпиханның бірінші сыныпқа барғаны да қызық. «Әжемнің талқанын жеймін» деп бір жыл мектептен бас тартқан. Ол 1962 жылғы балалармен бірінші сыныпқа барып, солармен бірге мектепті кейінірек бітірді. Сөйтсек, оның да тағдырлы себебі бар екен ғой...
Аталарымыз ағайынды Жүсіпбек, Қамбарбек және Тайлан (Қалдыбек) 1941 жылы соғыс басталған уақытта майданға аттанады. Сол соғыстан Қамбарбек оралмады, 1943 жылдың күз айында оның артынан қара қағаз келді. 1945 жылы Тайлан мен Жүсіпбек ағаларымыз елге қайтты. Содан Қамбарбек ағамыздың әйелі Шәдігүл апамыз жесір қалады да, ал қыздары Үржамал мен Бибіжамал, бой жетіп, 1960 жылдары тұрмысқа шығып кетеді. Шәдігүл апамыз жалғыз қалғасын Жүсіпбек атамыздың баласы Әуелхан мен келіні Ақнұр апамыздан туған үлкен ұл Сәпиханды бауырына басады. Кішкентай шақалақ Сәпихан жарық дүниенің есігін ашқанда, Шәдігүл апамыз ат арбамен барып, перзентханадан өзі шығарып алған деседі. Сөйтіп, әке-шешесі бола тұра, «әжесінің баласы» атанған Сәпиханның мектепке кеш баруының да осындай сыры бар екен. «Әжемнің талқанын жеймін» деп қиғылық салған бала Сәпихан оқушы кезінде әжесіне талай рет сауалдар да қойған. Мектепте жүргенде ата-анасы жоқ балаларға киім-кешек беретіні белгілі. «Маған неге бермейді?» деп Сәпихан ағамыз кемпірдің де мазасын алған. Сонда әжесі ақыл айтып, оны уәжбен тоқтатады екен. Жасы 16-ға толғанда Сәпи бауырымыз әкесі Әуелханға келіп, «менің тегімді Қамбарбеков етіп өзгертіп бер» деп те қолқа салған көрінеді. Өз баласының қиылып сұрағаны әкейге оңай тимейтіні білгілі. Ол әкесінің тегімен Сәпихан Әуелханұлы Жүсіпбеков болып кете барды.
Бәріміздің де есімізде, мектеп бітірер жылы Сәпихан қатты ауырып, құлағына ота жасады. «Бала – бауыр еті» емес пе, оның басы-қасында әке-шешесі Әуелхан мен Ақнұр апамыз жар құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрді. Сол кезде ғана бала жүрек өз әке-шешесінің өмір бойы қамқоршы болып жанында жүргенін сезгендей болған.
Сәпихан институт қабырғасында оқып жүргенде 1984 жылы әжесі Шәдігүл қайтыс болады. Ол әжесінің үйін «Төменарыққа» әкесі Әуелханның үйіне көшіріп әкеледі. 1986 жылы институтты бітірген жылы женешеміз Дарияшпен отау құрып, ауылда үлкен той жасады, Қызылорда қаласына жұмысқа орналасты. Қалада жылу тарату мекемесінде, қалалық әкімшілікте бірқатар беделді жұмыстар атқарады. Достары көп болды, үлкен абыройға жетті. Жеңгеміз екеуі балалы болды, 2 ұл, 2 қыз дүниеге келді. Әжеміздің тәлімін көріп өскен ұл үлкен баласы Перизатты 2 жасынан бастап әкесі Әуелханның тәрбиесіне берді. Перизат 7 сыныпқа көшкен кезде Әуелхан Перизатты өз ата-анасы Сапихан, Дарияштың қолына қайта берді. Міне әже мен ата тәрбиесінің кейінгі кейінгі ұрпаққа берер тағлымды ісі. Ағамыз Сәпиханның өмір жолына қарап отырып, кейінгі отау тіккен жастар шырайлы шаттық қонған осындай шаңырақтан үлгі алса дейсің.
Тәрбиелі ұл Перизатты Сапихан ерте үйлендірді. Құдай сездірді ме, өзі де үш немересін көріп кетті. Бақытты шығар, ол, бірақ өзі тәрбиелеп азамат етіп өсірген Шәдігүл әжеміздің майданнан оралмай қалған жан-жары Қамбарбек атамыздыңбасына барып, туған жерінен бір уыс топырақ сала алмады.
Інісі Қалдар айтар айтады: –«Өмірден өтерін жан-жүрегі сезді ме, білмеймін. Қайтыс боларынан біраз уақыт бұрын «Украинаның Запорожье облысында бауырластар зиратында жатқан Қамбарбек атамызға туған мекенінен бір уыс топырақ салып, Құран бағыштап қайтайық» деп айтып жүрді. Ол кезде Украинада азаматтық соғыс жүріп жатты. «Жағдай тұрақталғаннан кейін жолға шығайық» деп жүрдім. Ауылға келсе, «Қалдар, не тапсырма бар?»дейтін, маған. «Жаңақорғанға көшіп келемін, үй саламын, елге жақындаймын»деуші еді. Ауруханада жатқанда жанында болдым. Бір уақытта «апам келді ме?», – деп сұрады. Мен түсінбей қалып, «кім?» деп сұрадым. «Ақнұр ше?,–деді маған қайталап. Әжеміздің тәрбиесін көріп, 55 жасқа дейін «Апа» деп айтпаған ағам қайтыс боларынын бір күн бұрын ана деген қасиетті ұғымның қандай болатынын осы бір ауыз сөзі арқылы білдіріп кетті. Ол әкесін Аухан, анасын Ақнұр деп атымен атайтын. Анам Ақнұр да Сапиханды «Әжесінің баласы» дейтін.Ағамның асыл арманы көп еді. Енді қалған қызықшылықты балалары мен немерелері көрсе деймін».
Артында қалған ұрпағы асыл азаматтың ойында орындалмай қалған арманын жүзеге асырарына бек сенеміз. Бірақ бізді тебіренткен бір нәрсе, ата-баба дәстүрін нық сақтап, ұрпақ сабақтастығын үзбей келе жатқан осындай берекелі, тағлым аларлық шаңырақтың тәлімді тәрбиесі еді...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.
09 қаңтар 2018 ж. 1 666 0