Телефонға тәуелділік бар ма?
Ұялы байланысты шамадан тыс пайдаланудың салдарынан адамда психологиялық ауытқу пайда болады. Сөзімді дәлелдеп берейін.
Жақында Елордаға оңтүстік аймақтан бір ағайын келген-ді. Басымыз ауызашарда қосылды. Әңгіме таусылсын ба, ауыл-аймақтың жай-күйі, ағайын-туыстың қал-жағдайын біліп, сыр тарқаттық. Әдет бойынша қолда телефон тұрады. Соңы байқаған бала жерден алтын тапқандай жетіп келіп, ә-шәй жоқ телефонға жармаса кетті.
– Бермеңіз! – деді әкесі.
Бергенім жоқ.
Сол-ақ екен бала қылығын көрсетіп, үйді басына көтеріп, есімізді шығарды.
Құтты ең құнды затына қол жеткізе алмағандай әсер қалдырды. Әкесі мен анасы екі жақтап жүріп жұбатып, әйтеуір сабасына түсірді-ау! Аң-таңмын.
Өзімді кінәлідей сезініп отырмын...
– Нұреке, мұнда баланы емдету үшін әкелдік... – деп мәнін түсіндірді.
Бірнеше минуттан кейін ойын қайта сабақтап:
– Мен күн ұзақ жұмыстамын. Келініңіз де бір уақыт жұмысқа барады. Әжесі қарайды. Тұңғыш немересі ғой, еркелетті, қаланын істеді. Біз де мән бермептік, телефон сұрайды, тыныш отырсын деп бере саламыз. Бәленің бәрі осыдан басталды, – деп ойын бір шегеледі. Әлгі баланы қарадым, өкпесі әлі басылар емес. Қалт-құлт етеді. Түрі де бозарып кеткен.
– Не керек, Мирасымыз нағыз дамитын уақытында телефонмен қалып, өз-өзімен болған, біз оның беймаза еместігіне мәз болып жүре беріппіз. 4 жасқа толса да тілі дұрыс шықпады, сәл телефонсыз қалса, мінез көрсететін болды, – дейді ол.
Содан Нұр-Сұлтан қаласына келіп баласын білікті дәрігерлерге көрсетіп, басын арнайы аппараттарға түсіріп, тексертеді. Психологтарға да жүгінеді.
Сондағы диагнозы: – Баланың дүниетанымы дамитын уақытта сыртқы әлемнен оқшауланып, телефонмен қалған. Соның салдарынан телефонға тәуелділік қалыптасқан, – депті мамандар. Емі не? Емі: балаға көп уақыт бөліп, бірге серуендеп, бірге ойнап, оның жалғыз емес екенін сезіндіріп, сенімді серігі ретінде қолдау көрсету.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ