№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТЕЛЕФОНҒА БАЙЛАНҒАН ӨМІР

ТЕЛЕФОНҒА БАЙЛАНҒАН ӨМІР

Осыдан жиырма жыл бұрын мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәт әлі есімде. Әріп танып, ұстаздың ыстық алақанын сезініп, жаңа достарға қауышқан күн. Сабақтан қолымыз қалт етсе асық ойнап, доп қуалай жүгіретінбіз. Таңалакеуімнен үйден шығып, кешқұрым оралатын едік. Түнде кітап оқымасақ та, ата-әже ақылын тыңдап, ертегісіне елітіп отыратынбыз. Ал қазір бәрі керісінше. Телефонға телмірген түн. Қызарған көз. Мазасыз ұйқы. Соңында суицидке кез болған бала өмірі. Бұл тақырып бүгінгі қазақ қоғамның ең түйіткілді мәселесіне айналды. Оған көз жеткізу үшін тақырыпты тереңірек талдай түсуді жөн көрдік.

Телефонға тәуелділік қазіргі заман дертіне айналды. Бала да, үлкен де кез-келген жерде смартфоннан бас көтермейді. Олар телефондағы виртуалды әлемнің тұрғындарына айнал­­ғанына көз куә. Оларды номо­фо­бия деп атайды. Номофобия – қазіргі уақыт­та кең таралған тәуелділік түрі. Бұл аурумен әрбір екінші адам ауырады. Көп адамдар бұны тәуелділік санамайды, тек өмір сүру стилі ретінде қарайды.
Өкініштісі де сол, кез келген әке мен шеше баланың тыныштығы үшін қолына телефонды ұстата салады. Түнеукүні түн ортасында досымның үйінде едім. Шіліңгір шілденің аптап ыстығында масаханадан біз байқаған жарық сәуленің не екенін айтпай-ақ түсіндік. Бала тәуелділігін осыдан аңғаруға болады. Мұның бәрі баланың келешегіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Олар қоғаммен араласпайды, мінезі тұйық­талады, ата-анасын тыңдамайды. Бұл баланың психикалық ауытқуына үлкен әсер етеді. Осы жөнінде аудандық емха­наның психологы Гүлзипа Сарбасова тарқатып айтып берсін.

– Шыны керек, соңғы кездері осы тақырып ата-аналарды жиі мазалайтын болды. Жуырда №51 мектепте оқитын төртінші сынып оқушысының ата-анасы келді. Сондағы мәселесі ұлдары ұялы телефоннан бас көтермейді, алып қойса тамақ ішпейді. Баланың өзімен сөйлесіп көрдім, дені сау, сөзі жинақы екен. Айтатыны, достармен араласқым келмейді, маған телефонның ішіндегі ойындар ұнайды, осындағы достармен уақыт өткізген қызық дегенде таңырқап қалдым. Осындай жәйттар жиілеп барады, – деді психолог.

Сіздерге қай жастағы балалардың ата-анасы көп жүгінеді деген сауалға: «Көбіне 4-5 сынып оқитын, әсіресе 7-8 сынып оқитын қыздар арасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Себебі қыз балалар осы жаста есейіп, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайды. Осындай кезде ауытқу басталады, сондықтан ата-аналар қадағалауды күшейткені дұрыс. Күн сайын балаңызбен сөйлесу арқылы оның өміріндегі оқиғалардан, қуа­ныштары мен күйініштерінен, проб­лемалары мен жетістіктерінен хабардар болған дұрыс. Барлық қол­жетімді құралдармен оның ой-өрісін кеңейтіңіз. Бірге саяхатқа, көрмеге немесе мұражайға, тіпті кешқұрым кафеге де баруға кеңес беремін», – деп жауап қатты маман.
Соңғы жылдары әлем ғалымдарын таңқалдырған мына жайтқа қараңыз. Ақылды балалары бар елдердің көшінде Азия мемлекеттері тұр. Сингапур, Жапония, Корея, Қытай, оның ара­сында біздің ел де бар. Техникаға жаны құмар жапондықтардың мектеп қабырғасындағы білім беру жүйесі көпті тәнті етті.
Біз сөз еткен телефонды бұл елдің жасөспірімдері өте аз қолданады. Керек десеңіз қолданбайды да. Оған қатаң тиым салынған. Тек оқушылар мектепте интерактивті тақтаны ғана пайдаланады. Ол аздай ата-баба дәстүрін сақтау үшін олар бала кезден күріш өсіреді, тоғызыншы сыныпта қандай да бір жаңалық ойлап табуы тиіс. Былайша айтқанда, бос уақытын тиімді істерге пайдаланады. Әсіресе, дәстүр сабақтастығын үзіп алмауы үшін Күншығыс елі ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Олар бала денсаулығына алаңдағандықтан, смартфонмен күре­суді бұрын бастаған. Өйткені телефон ең бірінші көздің көру қабілетін төмендетеді.
Бұл жөнінде аудандық емхананың көз дәрігері Бекзат Анжаевтан білдік.

– Кейінгі жылдары балалар арасындағы көз ауруы көбейді. Оның ішінде туабітті аурулардан бөлек, жүре пайда болған сырқат түрлері жиі кездеседі. Мектепте бес баланың бірі көзілдірік киюге мәжбүр. Сыртқы факторлардың барлығы оған өзінің әсерін тигізеді. Қазір балалардың көпшілігі ұялы телефон, планшет, гаджет, компьютер пайдаланады. Әрине, көз ауруының барлық түрін телефоннан көруге болмайды. Бізге 1-5 сынып оқитын оқушылар жиі келеді. Көз аурулары үш сатыға бөлінеді. Төмен, орта және жоғары санатты болып. Біз арнайы көзілдірік киіп отыруға және көз жаттығуларына күнде жасап тұруға кеңес береміз, – деді дәрігер.

Мамандар пікірінше, ересек адамдардың өзі бір сағаттан артық компьютермен жұмыс істемеуі керек. Миопия деген көз ауруы бар екен. Ол – көздің шыны тәрізді мөлдір қабығының бұзылуы, түбінің зақымдануы, жақыннан көргіштігінің бұзылуы. Ал компьютерден, телефоннан шыққан ультракүлгін сәулелер көздің нұрлы қабығы арқылы оның түбіне жетеді. Егер аталған заттарға ұзақ уақыт және жақыннан қарайтын болсақ, көз түбі нервісіне күш түседі, ол өз күшінен екі есе артық жұмыс істеугемәжбүр болады. Осылайша көз ауруы басталады. Балалар организмі жас болғандықтан ауру бірден байқалмайды. Біртіндеп, сатылап миопияның күрделі түріне ауысады. Егер бала бір сағат компьютердің алдында отырса, бір сағат демалуы керек.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, респулика бойынша 1 сыныпқа келген оқу­шылар арасында көзілдірікті киетіндер 10 процент болса, олардың саны 11 сыныпқа келгенде 50 процентке жетеді екен. Ал, біздің ауданда офтальмологтардың мынандай қорытынды шығарды. Балалардың нысаналы топтарын скриннигтік тексеріп қарау кезеңінде 1025 оқушы анықталған. Оның ішінде, бала саны көп кенттегі білім беру ошақтарында жиі кездескен. №163 мектепте – 125, №125 мектепте – 86, №3 мектеп-интернатта 65-ті көрсетіп тұр.
– Мойындау керек қазір балаларды өзіміз емес, телефон тәрбиелеуде. Сабақ үстінде телефон қолдануға шектеу қойғанымен, үзіліс кезінде немесе сабақтан кейін пайдаланады. Тығырықтан шығатын жол біреу ғана, – оқушының бос уақытын тиімді жұмсауға үйрету керек. Яғни спорттық немесе өнер үйірмелеріне қатыстыру, ғылыммен немесе өнертапқыштықпен бала кезінен айналысуға баулу керек, – деді №163 мектеп ұстазы Жанат Ахметова.
Әлеуметтанушылардың зерт­теуінше, балалар әлеуметтік желі­лерде көп отырады. 15 жастан асқан Қазақстан тұрғындарының 70 проценті «Facebook», «YouTube», «Twitter», «VKontakte», «Instagram» сияқты­ әлеуметтік желілерде тіркелген. Екінші орында – онлайн-ойындар. Ал үшінші орында – бейнероликтер сақталатын сайттар. Былтыр Tengrienws.kz сайты «Қазақстанда балалар әлеуметтік желілерге басқа елдегі қатарластарынан көбірек кіреді», – деп жазады. Зерттеу мәліметтеріне сенсек, еліміздегі жасөспірімдер ғаламтор белсенділігі жағынан Латын Америкасының балаларына ғана жол береді екен. Міне, біз осының алдын алудың тетігін талқыладық. Біз талдадық, шешімді қабылдайтын ата-ана.
Мақала түйінін мына сөзбен аяқтағанды жөн көрдік. «Баяғы қазақ дәстүрінде төрт түлік мал өсірген ата-бабамыз желіге құлынды байлаушы еді. Бұл күнде желіге адамның жұлыны байланған бір заман болды». Одан арылудың жолы алдымен өзімізді тәрбиелейік, сосын ұрпағымызды телефонның құлы болудан сақтандырайық, ағайын!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 шілде 2019 ж. 1 704 0