Бүгінгі полицияның беделі
Бүгінде полиция қызметкерлерінің қоғамдағы беделі жоғары деп айту қиын. Өйткені, оларға деген халықтың көзқарасы әр түрлі. Тіпті, ауданның бас прокуроры Дарын Әбіш те жақында өткен жиында осы мәселенің өзектілігін сөз етті. Әсіресе, полиция әдебі турасында айтқан сыны ойдағыны дөп басты. Жалпы қазір қалың бұқарамен жұмыс жасау оңай шаруа емес, медицина, білім, құқық қорғау саласына айтылар сын тым көп. Сондықтан елдің өкпе-назын зерделеп, қандай бағыт-бағдар керектігін бағамдап көруге тырыстық.
Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда, тәртіпсіздікті тұрақтандыруда бұл сала өкілдерінің еңбегі зор. Десек те, олардың қызметін бағалау критерийлері қайта қарауды қажет етеді. Өйткені, бұл мамандыққа екінің бірі келіп кетіп жүре беретін деңгейге түскені қынжылтады. Ал, шынына келгенде бұл саланың салмағы өте ауыр. Бұрын полицияның беделі биік, елге еткен еңбегі зор бағаланатын. Ал, қазір осындай қадірлі мамандықтың құтын қашырып алғандаймыз. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау саласын реформалауды қатаң тапсырды.
– Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет. Елдегі қазіргі жағдай құқық қорғау органдарына деген жаңа талаптарды қажет етеді. Олар азаматтардың сұранысына құлақ асуы қажет. Азаматтардың құқығы мен еркіндігі шектелмеу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Реформаның өзі Грузиядағыдай түбірімен өзгеріс немесе белгілі бір нүктелер ғана өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді. Мәселен, Балтық елдері мен Грузиядағы полиция қызметін реформалау кезіндегі жолдары мен тәсілдері баршаға мәлім. Бұл реформалар шыны керек, оңайлықпен іске аспайды. Сондықтан, полиция болмысы қазақ ұлттық полициясына айналуы тиіс. Ол үшін, билеп-төстеуге бейімделген кеңестік милиция тұжырымына тоқтау салып, біржола жерінуіміз қажет. Өйткені, тарихты парақтап, парықтасақ, кеңестік милиция о баста құрылған кезде адамды, адам құқығын, Конституция мен заңды қорғау үшін құрылмағандығын түсінесің. Олардың басты мақсаты саяси режимді қорғау, соған қарсы шыққандарды аяусыз жаншу, отарлау, күресу болатын.
Әрине, біз бір іске біржақты қарамауымыз керек. Өйткені, бұл салада қызмет етуді кез келген адам толықтай игеріп кете алмайды. Жұмыс жасай береді, тек турашылдық пен тиянақты болу өте қиын. Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан – адам санына шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны жағынан әлем бойынша алтыншы орында тұрған мемлекет деп саналды. Оған мысал – «Forbes» журналының зерттеуінде келтірілген деректер. Қазіргі кезде Қазақстандағы күштік құрылым қызметкерлерінің саны қайтадан кеңес заманындағы көрсеткіштерге жеткен екен.
Бізге шетелдің тәжірибесі көбірек керек деген пікірді осы саланың ардагерлері алға тартады. Мәселен, Мысыр бұл саланың қызметкерлеріне көбірек сенім артып, қорған ретінде көреді. Ал, Анталиядағы полиция қызметі көптің көңілінен шығуда. Қала ең «ақылды» инновациялық технологиялармен жабдықталған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң – өте қатал. Айыппұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды.
– Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілмей, тың серпіліс болмас. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болуы тиіс. Сондықтан, құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерін оңтайландыру шарасы күтіп тұр. Осы орайда функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы нақты қадамдар жасап, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты дұрыс шешімдер қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Яғни, саннан сапаға көшу міндеті тұр, – дейді сарапшылар.
Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те, жүрек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі аға учаскелік полиция инспекторы Медет Пернебеков.
– Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай үлкендердің қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторлары асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс, – дейді ол.
Жасыратыны жоқ, полиция қызметкерлеріне «шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жаудырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «қыл үстінде» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз. Қоғамда тағы мынандай пікір бар, бай-бағландардың балаларына заң жоқ деген, ол рас енді. Өйткені, күнделікті өмірімізде оны көріп жүрміз. Полиция қызметкерлерінің көлік аңдудан басқа жұмысы жоқ па деген ел арасында сөз көп. Ал балаларына неге құзыреті жүрмейді?
Түйін. Біздің мақсатымыз – полиция құрылымы жұмысының тың беттерін көрсету еді. Қазақстан да жақсыны қабылдап, Грузияның тәжірибесін өзіне пайдалануды жөн көрді. Осының барлығы қайткен күнде сыбайлас жемқорлыққа тоқтау саламыз деген ізденістен туған игі қадамдар екендігі де анық. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз. Біз даттауды немесе мақтауды мақсат етпейміз. Тек қоғамдағы тәртіп бәріне ортақ болғанын қалаймыз, оған құқық қорғау саласы қызмет ете береді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ