№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?

Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?


2022 жылдың қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен көші-қон саласындағы 20 функция Ішкі істер министрлігімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Атап айтқанда, еңбек иммигранттарына рұқсат беру, босқындармен жұмыс, халықтың көші-қон саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру, процестердің мониторингі және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен тікелей байланысты емес бірқатар басқа да өкілеттіктер берілді.


Босқындар мен еңбек мигранттарының Қазақстанда болудың белгіленген ере­желерін сақтауын бақылау бұрын­ғысынша полиция құзыретінде қалады. Яғни, босқын мәртебесін және жеке тұлғадан еңбек қызметіне рұқсат алғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушылар орналасқан жері бойынша полицияға уақытша тұруға рұқсат алу үшін міндетті түрде жүгінуі тиіс. Бір түсінгеніміз, босқындар біздің елде білім алуға, отбасын құруға да құқылы екен. Дұрыс-ақ делік. Десек те өзіміз жарымай жүріп өзгені жарылқағанымыз қызық екен.
Соңғы жылдары жұмыссыз жүрген жастардың жартысы шет ел асып, нақтысын айтқанда, Ресейде нәпақа табуға жалданып жүргені көпті алаңдатады. Бір ғана біздің ауданнан бейресми дерек көзіне сүйенсек, жүзге жуық жас көрші елде күнелтіп жүр. Керісінше, өндірісі озық өзбек ағайындар біздің елде жалданып, қара жұмысқа жегіледі. Жылда келіп, ет жақынындай боп кеткендерді биыл да күтіп жүргендер көп. Ал, отбасымен өзге елді паналап, құрылық асқан отандастарымыз бен туған жерін аңсап келген қандастарымыздың хал-ахуалы ешкімді толғандырмайтын секілді.
Былтырғы III тоқсанда еліміз бойынша жұмыссыздар саны 450,7 мың адамды құраса, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14 932 шетелдік азамат Қазақстан аумағында жұмыс істеп жүр. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Пар­ла­мент Мәжілісінің оты­рысында «Шетелдік ма­мандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?» деп сұрақты төте­сінен қойды. Әрине, бұл сауалға ешкім нақты жауап бере ал­майды. 2019 жылы Мемлекет басшысы өзі­нің бағдарламасында жəне өңірлерді аралаған ке­зінде шетелдік жұмыс берушілер тарапынан отан­дастарымызды кемсіту­шілікке жол бермейтіні туралы айтып, кейін шетелдік жұмыс күшін тартатын кəсіпорындарда еңбек жəне көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілген еді. Сол кезде 95 компания тексеріліп, 930 заң бұзушылық фактісі анықталған. 2019 жылы 49 мың адам біздің елде емін-еркін жүрсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 29 мыңға дейін, яғни шамамен 40 пайызға азайды.
Еңбек мигранттары тартылатын негізгі елдердің қатарында Қытай (3 738 адам), Түркия (1 979 адам), Үндістан (1 228 адам), Ұлыбритания (1 019 адам) және Өзбекстан (427 адам) бар.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек көші-қонын мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы Берік Есқараевтың айтуынша, квота еліміздегі жұмыс берушілердің қажеттілігіне байланысты белгіленеді. Алайда жергілікті комиссия жұмыс беруші сұраған мөлшерді басыбүтін қолдай салмайды. Мәселен, жұмыс беруші компания шетелден 200 адамды алдыртуға ұсыныс берсе, комиссия соның 50-ін немесе 150-ін қысқартып тастауы мүмкін. Себебі комиссия сол өңірдегі жергілікті тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейін назарға алады. Егер шетелден 200 адам келетін болса алдағы уақытта компанияда еңбек ететін 200 отандасымыз жұмыстан босатылуы, қысқартуға ұшырауы ықтимал.

Жалдануға жалақы аздығы себеп

Біздің елде мұғалімдер мен дәрігерлердің, мемлекеттік қызмет­керлердің айлық табысы расында қомақты. Қалған салаларда жалақы деңгейі жоғарылаған жоқ, кейбірін естуге де ұят. Оның ішінде, кәсіп төресі құрылысшы да бар. Осындай жағдайда жастар жақсы табыс үшін жат елге жалдануға мәжбүр.
«Еліміздегі жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты ескере отырып, еңбек ететін адамдарды шетелден емес, өз отандастарымыздың арасынан тарту керек. Бүгінде елімізде 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді. Сондықтан шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаны әлі де азайту қажет. Ол үшін ең алдымен менторлық бағытты жолға қойған жөн болар еді. Ментор дегеніңіз – бұл өз еркімен тәжірибесімен бөліскісі келетін, азаматтарға жеке және кәсіби мақсаттарына жетуіне көмектесуге дайын кадр деген сөз. Мәселен, Қазақстанда ірі өндіріс орындары, өнеркәсіптер бар. Шетелдің білікті мамандарын осындай жұмыс орындарына келісімшарт негізінде 2-3 жыл қызмет етуге тарту қажет. Олар өз кезегінде отандастарымызды үйретуге тиіс болады», – деді «Ынтымақ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков.
Оның айтуынша, шетел азаматтарын тек осындай келісімшарт негізінде шақырған жөн. Себебі отандастарымыз көптеген жаңа технологиялардың тілін түсінуі керек. Дегенмен, тартылған шетелдік жұмыс күшінің үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарының үлесін қайтсе де азайту қажет. Бұл жұмыстарды өз отандастарымыз істегені дұрыс. Алайда, мамандардың келіспейтін екінші тұсы бар. Қазіргі жастар қиындыққа шыдай алмайды дейді. Бірақ, Ресейдегі қара жұмыстан туған өлкенің тіршілігі жеңілдеу емес пе?

Аудандағы ахуал

Жақында ғана аудан әкімі мәжілісте жас кәсіпкерлердің еңбегін арқау етіп, осындай еңбек иелерін қолдау керектігін айтты. Яғни, егін шаруашылығы, оның ішінде бақша, көкөністен табыс табатын Олжас есімді кәсіпкерден бір гектар картоптан ала жаздай еңбек етіп, тапқан табысын сұрады. Жас жігіт 4 млн теңге таза табыс тапқанын айтты. Ары қарай өздеріңіз бағамдай беріңіз. Бізде еңбек етемін дегенге күрек те, кетпен де табылады. Тек жалқаулықты жиып қойған дұ­рыс. Мигранттар бойынша аудандық полиция бөліміне хабарластық.
– 2022 жылдың қаңтарында аудан аумағында түрлі мақсатта келген 12 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. 27 өзбек азаматы еңбек мигранты ретінде жұмыс жасауға уақытша тіркелді. Жұмыс жасау үшін келген азаматтардың барлығы еңбек мигранты саналады. Маусымдық жұмыстарда қосымша күш жұмылдырылып, мигранттар саны артатыны түсінікті. Барлығын заң шеберінде жасайтын болады, – деді полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Н.Рүстемов.
Орайы келіп, Ресейдің әр өңірінде жүрген жастармен тілдесіп көрдік. Кемі 3 ай, тіпті жылдап туған елге келмегендері де бар. Жалақылары 400 мың мен 700-800 мың аралығында. Ал, бізде жүрген өзбек ағайындарымен сөйлессек, олардың алатын еңбекақылары 150 мыңнан асады, бұл табыс Өзбекстанның валютасымен шаққанда әжептеуір қаржы болады. Бірақ, жаңақорғандықтардың дені құрылыс жұмысына өзіміздің жігіттерді тартуға көше бастапты, оған себеп те жоқ емес.
– Мигранттардың бір артықшылығы, жұмысты уақытынан бұрын бітіреді. Ал, алар қаражаты пара-пар. Себебі де түсінікті, біздің қолдан іс келетін жігіттер шыны керек, кәсібилікті көтере алмай қалады. Әйтпесе, біздің ауданның өзінде құрылыстың, басқа да саланың майын ішіп, жілігін шағатын азаматтар жетерлік. Тек, кісілікті кішілікке идірсе болғаны, әйтпесе, берер баға бір. Сондықтан өзім өзгелерді емес, өзіміздің жігіттерге жүгінуде жөн көріп жүрмін, – деді кент тұрғыны Айдар ағамыз.
Қорыта айтқанда, біз бүгін босқын деп айтуға аузымыз бармаса да қазақстандықтардың шет елде, шетелдіктердің Қазақстанда жүріп отбасын асырап жүргені жөнінде шираттық. Қалғаны уақыт еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

09 ақпан 2022 ж. 326 0