№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚР Еңбек кодексіне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер.

ҚР Еңбек кодексіне еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер.



         ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 04.05.2020 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған.
           Бұл Заң еліміздің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдасына сәйкес әзірленген.
           Қазіргі уақытта қолданыстағы 23.11.15 ж. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне (ары қарай-Кодекс) 131 өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Нақтылағанда,  67 бап өзгертіліп, 41 талап жаңарған.
           Жаңа енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ішінде маңыздыларына тоқталатын болсақ, Кодекс еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды ұйымдастыру, тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілерді еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіруге және оның жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асыруға міндеттейді (Кодекстің 182 бабының 2 тармағының 18) тармақшасы).
            Сонымен қатар, Кодексте құрылыс алаңдарында бір мезгілде бірнеше ұйым (екі және одан көп) жұмыс жүргізген кезде осы Кодекске және ҚР өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауы бойынша жұмыстарды жалпы үйлестіруді бас мердігер жүзеге асыруы тиіс екендігі нақтыланған (ҚР ЕК 184 бабының 6 тармағы). Бұл талаптар бұрын Кодексте мүлдем болмаған.
           Аталған жаңа Заңмен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және есепке алу тәртібіне де өзгерістер енгізілген.
           Кодекстің 187 бабында еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезіндегі жұмыс берушінің міндеттері қамтылған.      Яғни, аталған баптың талаптарына сәйкес, жұмыс беруші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орнындағы жағдайды (жабдықтар мен механизмдердің, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйін), егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе, ал өндірістік процестің үздіксіздігін бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегі күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жерді фотосуретке түсіруге, зардап шеккен адамның жақын туыстарын жазатайым оқиға туралы дереу хабардар етуге және осы Кодексте, өзге де нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хабар жіберуге, арнайы тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүшелерін еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшін оқиға орнына жіберуге міндетті.
           Сонымен қатар, жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға, қауіпті өндірістік объектілерде болған жазатайым оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, кәсіптік ауру немесе улану жағдайлары туралы халықтың санитариялық - эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне,  жұмыскерлердің өкілдеріне, жазатайым оқиға болған жердегі құқық қорғау органына және арнайы тергеп-тексеруге жататын жағдайларда өндірістік және ведомстволық бақылау мен қадағалаудың уәкілетті органдарына хабарлауға міндетті болып табылады.
           Бұл ретте, жаңа Заңмен осы тармақтың 5) тармақшасы алынып тасталған. Онда, жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымына хабарлауға міндетті делінген болатын.  
           Жаңадан толықтыруларға байланысты осы бапқа 2-1 тармағы енгізіліп, онда жұмыс берушіні жазатайым оқиғаның басталғаны туралы өзiне белгiлi бола салысымен дереу, бiрақ үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға шарт жасасқан сақтандыру ұйымын хабардар етуге міндетті деп көрсетілген.  
           Жұмыскердің еңбек қабілеттілігін жоғалтуына әкеп соққан және еңбек қызметіне байланысты әрбір жазатайым оқиға медициналық қорытындыға (ұсынымға) сәйкес тергеп-тексерілуге жатады. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, адам өлімімен аяқталған және еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар арнайы тергеп-тексерілуге жатады (ҚР ЕК 190 бабының 1 тармағы).

           Жазатайым оқиға тергеп-тексеру актісі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес және комиссия мүшелері көпшілігінің пікірлері ескеріле отырып ресімделуге тиіс.

     Кей жағдайларда, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия мүшелері арасында тергеп-тексеру, ресімдеу және тіркеу мәселелері бойынша келіспеушіліктер туындап жатады.  
      Осы ретте, Кодекске енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келіспеушілік жағдайында мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот, ал, жұмыс беруші, жұмыскер мен төмен тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы не қауіпті өндірістік объектілерде болған оқиғалар кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор арасындағы келіспеушілік жағдайында тиісті жоғары тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы немесе сот қарайтындығы белгіленген.
Қызылорда облысының еңбек саласындағы
бақылау басқармасының – еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы

Нұғыманова Гулсім Зейнуллақызы. 
01 қазан 2020 ж. 1 182 0