№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Такси қызметі қымбат па?

Такси қызметі қымбат па?


МАИ бекеті аумағына көшкелі таксидің тұрақты тұтынушысы болдық. Бастапқыда 500 теңгеге кент орталығына жетсек, қазір 700 теңгеге қымбаттады. Енді қараңыз, Жаңақорғаннан 70 шақырым қашықтықтағы Шиелі кентіне бару үшін 600 теңге төлесек, МАИ бекетінен арақашықтығы 5-6 шақырым ғана болатын кент орталығына 700 теңгемен жетеміз. Бұл қалай болғаны? «Қосмостық такси бағасы» қалай қалыптасты? Әлде біздің таксилерде ерекше жағдай жасалған ба? Осыны білуге тырыстық...


Таксидің ауыларалық, қалааралық жолақысын білу мақсатымен такси тұрақтарына арнайы бардық. Жаңа­қорған кентінен Қызылордаға дейін 2500 теңге, Түркістанға дейін 1000-1500 теңге, Шиеліге 600 теңге болса, Төменарыққа 600 теңге, Бірлікке 400 теңге, Қосүйеңкіге 700 теңге, Қандөзге дейін 1000 теңге, осылай кете береді. Жүз шақырым қашықтықтағы Көктөбе мен Қандөз тұрғындары аудан орталығына келгісі келмейтінінің себебі түсінікті болған болар. Ал, шиеліліктер елді мекенге бару үшін автобус қызметін пайдаланады. Осыдан-ақ бізде елді мекен арасында қатынау қымбатқа түсетінін аңғару қиын емес. Бұған не себеп? Әрине, санасы нарыққа байланған жерлестерімізде ынсап пен қанағат азайғанынан деп білеміз. Абайдың пәлсафалық ойларын зерделесеңіз, қанағат – қол қусырып, несібеңнен қағылып, қарап отыру емес, керісінше, шектен шықпау, өзіңе тиесілі емес дүниеге ұмтылмау, рухани болмысқа қиянат жасамау екенін ұғасыз. Ал, ынсап туралы ізденгенде Абайды қайта табамыз. Ақын: «Талап, еңбек, терең ғой, Қанағат рақым ойлап қой» деп талап пен қанағатты қатар айтады. «Ынсапсыздың ұяты жоқ» дейді халық даналығы. Енді журналистік қисынға салсаңыз, ұят кеткен жерде ынсапсыздық орнамайтынын оңай ұғуға болады. Міне, біздің шиелілік таксистермен салыстырып, сабақтауымыздың сыры осында.
Бұл ойымызды Төменарық елді мекенінде тұратын ел ағасы Өмірәлі Шәдімханұлы растап:
– Шиелі ауданымен ертеден құдан­далымыз. Жақында құдалар жақта өлім-жітім болып, садақа асына бардық. Сонда Шиелі кентіне дейін 600 теңге төледік. Қайтарда тағы 600 теңгемен келдім. Бұл қалай болғаны, ә! Көлігі ерекше болса мейлі ғой! Шиелінің автобекетінен Қызылорда мен Түркістанға қатынайтын таксилер көп. Олар Қызылордаға 1000-2000 теңге, Түркістанға 1200 тең­геге қатынайды екен. Мәселен, Түр­кістан қаласы мен Жаңақорған кентінің ара-қашықтығы 108 шақырым болса, Түркістаннан Шиеліге дейін 166 шақырым. Солай бола тұра, Жаңақорған-Түркістан бағытындағы такси қызметі Шиелі-Түркістан бағытынан әлдеқайда қымбат. Неге? Сонда біздің таксистерде қанағат деген жоқ па? – деді.
Бұған қатысты таксистердің де айтары бар. Бұл жөнінде сәл кейіндеу сөз етсек. Бірінші жауапты мекеме – аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарынан мән-жайды сұрасақ. Біздің сауалымызға бөлім басшысы Қайрат Әбдірахманұлы егжей-тегжейлі жауап берді.
– Кенттің ішінде және ауылдық округтерге қатынайтын таксилерге бағаны бақылай алмаймыз. Олар жеке кәсіпкер ретінде Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, салық төлейді. Яғни заңды жұмыс атқарып отырған таксистерге кедергі келтіре алмаймыз, – деді сала басшысы.
Ауыларалық таксидің жайы түсінікті болды. Бала кезімізде елді мекендерге автобус арқылы жететін едік. Бұл қызмет қаншалықты қол жетімді?
– Кентте қоғамдық көлікті жеке кәсіпкер «А.Шайыхов» пен «Ж.Абишев» жүргізеді. Бүгінде Қандөз, Бесарық, Қыркеңсе, Байкенже ауылдық окру­гіне маршрут жүреді. Қандөз бен Бесарыққа аудан орталығынан 13.00-де шығып, ертесіне таңертегісін қай­тады. Жолақысы – 400 теңге. Сол ауылға дейінгі елді мекен тұрғындары қатынайды.
Қыркеңсеге таңертең және түскі уақытта, Байкенжеге күніне 3 мезгіл қатынайды. Билет құны – 300 теңге. Дегенмен тұрғындар қоғамдық көліктен гөрі такси қызметіне көп жүгінеді.
– Қазір Жаңақорған кентінің әкімшілік аумағы кеңейіп, территориясы ауқымды бола түсті. Әсіресе МАИ бекеті, Саяжай, Қорғантоғай және Ипподром аумағы­ның тұрғындарына қоғамдық көліктің қызметі ауадай қажет. Осы ретте маршруттардың жүру жиілігі қандай?
– Өзіңіз білетіндей, 3 бағытта мар­шрут қатынайды. Әр бағытта 4 көліктен 20 минут сайын жүреді. Халықтан маршруттың арақашықтығы ұзақ деген ескерту жиі түседі. Оған техниканың бұзылып қалуы және т.б әсер етуі мүмкін.
Шыны керек, бүгінде кәсіпкерлер үлкен қолдауға ие. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін кәсіпкерлік субъектілер жұмысын тексеруге тыйым салынды. Алайда кәсіпкерлер мемлекеттің қамқорлығына лайықты жауап беріп отыр ма? Міне, көп сұрақ осы жерден туындайды. Кәсіпкерлер жолға асфальтты сапасыз төсейді немесе әлеуметтік нысан құрылысын сапасыз салады, осыны ескеріп атқарушы билік сотқа арыз берсе, жосықсыз деп шешім шығады. Содан болар бірнеше таксист пікірлесіп, ауыларалық таксидың бағасын қым­баттататын болса, оған шектеу қою мүмкін болмай тұр. Әрине, көлік ауамен жүрмейді. Бір жылдың ішінде жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Алайда жоғарыда жазғандай, Шиелі ауданымен салыстырғанда бізде қым­батшылық едәуір сезіледі. Мұның бәрі халықтың қалтасын қағатыны айтпаса да түсінікті болар. Егер аудан орталығына немесе кенттің шеткі аумағындағы тұрғындар күнделікті жұ­мысқа қатынайтын болса, табысының қомақты бөлігін шығындайтыны анық.
– Біздің ауданда жол жүру ақысы қымбат. Кент ішіндегі қоғамдық көлікті күтсек баратын жерімізге уақытылы жете алмаймыз. Қатынас құралының бұл түрімен қатынайтын оқушылар сабақтан, азаматтар жұмыстан қалады. Сосын амал жоқ, такси шақырады. Олар да күн өткен сайын бағаны қымбаттатуда. Мәселен, қазір МАИ бекетінен орталыққа жету 500-700 аралығы. Кеш түссе 1000-1200 теңге болады. Түсінбеймін, түнде жол ұзарып кете ме? – дейді кент тұрғыны Сержан Алтынбеков.
Бұл пікірге таксистер не дер екен?! Оны таксистің өздерінен сұрап білдік.
– Қазір көліктің қосалқы бөлшектері қымбаттады. Бинзиннің де, газдың да бағасы ай сайын аспандап барады. Біз отбасымызды асырауымыз керек. Амал жоқ, жол ақысын көтеруге тура келеді, – деді такси жүргізушісі Болат Ерболұлы.

P.S.: Такси қызметі қымбат па? Бұл тақырыпты ашу үшін мемлекеттік қызметкерлермен де, тұрғындармен де, таксистермен де тілдесіп, пікірлерді бір арнаға тоғыстыруға тырыстық. Санаға түйгеніміз, қарапайым халық қымбатшылықтан қиындық көруде. Таксистер де отбасы қамымен қарекет етуде.
Журналист ретінде нарықта қоғамда күнелтіп жүрген адамдардың санасын қаржы билегенін түсіндік...

Айсұлу АЛДАНАЗАР
11 желтоқсан 2021 ж. 390 0