№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғамдық көлік қоғам үшін қызмет ете ме?

Қоғамдық көлік қоғам үшін қызмет ете ме?

Төтенше жағдай кезінде көлік қатынасы тоқтағаны белгілі. Енді кентішілік, ауданаралық көлік қатынасы орнай бастады. Такси қызметі тым қымбаттап, халық та наразылығын әлеуметтік желі арқылы білдіруде. Ынсап қайда? Қанағат ету қайда? Біз көпшілік көкейіндегі осы сауалдарды жауапты сала мамандарына жолдадық.

Біздің сауалға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімінің басшысы Зейнулла Әширбеков жауап берді.

– Тасымалдаушы кәсіпкер жыл басында ұсыныс білдіреді. Комиссияға ұсынған жобасында көлік билетінің мөлшері айқын көрсетіледі. Көлік бағасын және басқа да ережесін комиссия мүшелері талдап барып бекітіп береді. Тасымалдаушылар бекітілген құжатқа сай қызмет көрсетуі тиіс, – деді сала басшысы.

Бірақ бұған бағынатын такси қызметі бар ма? Күмәнді сұрақ. Тіпті кент ішінде және ауыл арасында қатынайтын таксистерде патент жоқ. Бір болса, санаулысында ғана. Мұны реттеудің жолы бар ма?..
Бөлім басшысының сөзінше, аудан­да үш тасымалдаушы жеке кәсіп­керлер бар. «А.Шайыхов», «Ж.Абишев», «Ж.Айтенов» тасымал­даушы кәсіпкер­лігі халыққа қоғамдық көлік қызметін ұсынып отыр. Онда 30-дан аса адам қызмет көрсетеді.
«А.Шайыхов» дара кәсіпкерлігінің иесі Абдіхан Шайықов қоғамдық кө­ліктің бекітілген ережесіне сай қызмет ұсынып отырғанын айтады. Құзырына кент ішілік КТУ, Жаңауыл және ауыларалық Байкенже, Шалқия, Қандөз, Әбдіғаппар, Төменарық бағытындағы көлік тасымалы кіреді. Осы аталған бағыттағы көлік қызметін Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебіне кіреді. Ал Қызылорда бағытындағы көлік қызметі облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бекіткен құжатнамасына сай жүргізіледі.
– Көліктер күнделікті жүру кестесіне сай, көрсетілген уақытта жүреді. Қызылорда қаласына билет бағасы – 1000 теңге. Таңғы сағат 7.00-ден бастап жөнелтіледі. Ауылдарға билет құны – 150-300 теңге аралығында, – деді кәсіпкер.
Халық – сыншы. Тасымалдаушы­лар­дың қызметі туралы көпшілік сын да, алғыс та айтады. Соның ішінде КТУ бағытындағы қоғамдық көлікке деген халық ризалығы басым. Кент тұрғыны Айкүміс Бақытбек:
– КТУ көлігімен күніне екі рет жұмысқа қатынаймын. Саяжайға дейін жүргелі қоғамдық көлікті тұтынушылар саны артты. Жүргізушілер де бізді әбден танып алды. Саяжайлықтар аудан басшысына және кәсіпкерге дән риза. Себебі бұрын үйге дейін 500-600 теңгеге көлік жалдайтын едік, –деп ағынан жарылды.
«Ж.Абишев» тасымалдаушы кә­сіп­­­керлігі кентішілік Алтынсарин-Ип­по­дром бағытында және ауыл­аралық Талап, Жайылма, Кейден­ге, ал «Ж.Айтенов» Сунақата мен Екпінді ауылының тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін ұсынып отыр. Кәсіпкерлердің сөзінше дизинфекция тұрақты жасалып, тиісті сақтық шаралары мұқият қадағалануда.

ТАКСИ ҚАЛТАНЫ ҚАҒЫП ТҰР

ХХІ ғасыр – асығыс ғасырға айналды. Уақытқа ілесу үшін жылдамдықпен жарысу керек-ақ. Рас қой, күнделікті өмірде үй шаруасына, жұмысқа үлгеру үшін жанығып, асығып жатамыз. Асығыс үстінде көшені кезген таксиге қалай отырғанымызды аңғармай қаламыз.
Сонда байқайтынымыз, біздің таксистерде қанағат аздау көрінеді. Әрине барлығына бірдей топырақ шашпаймыз. Атаулы күндері тұрғын­дарды тегін таситын таксистер де бар.
Айтайын дегенім, Түркістан қала­сымен Жаңақорған кентінің ара-қашықтығы 108 шақырымды құрайды. Ал Шиеліге дейін 166 шақырым. Солай бола тұра, Жаңақорған-Түркістан бағытындағы такси қызметі Шиелі-Түркістан бағытынан әлдеқайда қымбат. Неге? Шиеліліктер Түркістанға жету үшін 1200 теңге төлейді. Біздікі 1500 теңге төлейді. Қызық, иә!..
Жуырда Уәли Ибрагимов фейсбук­тағы аккаунтында: «Таксистер жанар­май 2 теңгеге қымбаттады деп қызмет көрсету бағасын 200-300 теңге қосқан еді. Енді бензин 4 теңгеге түсті ғой! Неге арзандамайды?» деп уәжін айтты. Мұны іліп әкеткен желінің қолданушылары өз уәждерін айтып, ортаға салды.
Мемлекеттік кірістер департамен­тінің Жаңақорған ауданы бойынша Кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Амангелдіұлы көлік қызметін көрсетушілердің арасында мемлекеттік салықтан жалтарып, қызмет көрсетіп жүрген жерлестерге қатаң шара бар екенін айтты.
Алайда түрлі қулыққа салып, бас­қармаға тіркелмей-ақ қызмет етіп жүргендер қаншама. Онда тіркелген көлік саны – 10612. Оның 165-і кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркеліп, қоғамдық көлік қызметін атқарады. Ауыл аймақтан тіркелген көлік иелері ауыл тұрғындарын аудан орталығына жеткізумен айналысады. Олардың карантинге дейін құны 300-800 теңге төңірегінде болса, карантин уақытында 2000 теңге дейін көтерді.
Жолаушы Марат Бейбарыс: «Қан­дөз ауылына 2000 теңгемен жеттім. Бір ай бұрын ғана 600 теңге еді», – деген уәжін айтты. Бұл баға тек бір ғана ауыл емес, барлық ауылдың көлік жүргізушілеріне қатысты. Так­си қызметінің құнын арзандатуға болмай ма? Аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл әкімдері мен ақса­қалдар осы мәселеге бей-жай қарамай, дұрыс шешілуіне ықпал етсе қайтеді?!
Айтқандай, карантиннен кейін Жаңақорған-Алматы бағытындағы авто­бус бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Мұны қалай түсінуге болады? Әлде Алматы қаласының жолы ұзарып кетті ме? Бұған «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы партиялық бақылау жасап, бағаның қымбаттауының мән-жайын біліп, шара көргені дұрыс. Бұл іске тиісті сала мамандары да үн қосады деген ойдамыз.


Мақпал Патенова
13 маусым 2020 ж. 625 0