Ұлт сақталуы үшін ұсақтамауы керек
Бізден де бұрын көп халық өткен. Өзіндік мәдениетін, өнегесін, өркениетін дамытқан. Соның бір белгілері қаншама заманалар өтсе де өткеннің бір белгісі боп бізге жеткен. Ал біздің соңымызда не қалады? Биік мұратты халқымыздың арман-мұңындай мөлдіреген жақұт жәдігерлерімізді бөтеннің қырынан, көздің сұғынан сақтап, тәуелсіз елдің ертеңіне табыс ете аламыз ба? Осы тақырыпта тереңнен толғап, жан-жақты ақпарат бере алатын бір азамат болса, ол бүгін бізде қонақта. Өңірімізге белгілі тарихшы, нумизматик Әлімжан Рахметұлымен сұхбатымызды баршаңыздың назарына ұсынып отырған себебіміз де осы.
– Бүгінде әлеуметтік желілер ақпараттың көзі болумен қатар әркімнің мақсат-мүддесін,рухани әлеуетін, тіпті адами қадір-қасиетін айқындайтын бір мінбер сынды. Жеке бастың емес, елдің мүддесін көздеп, көңілде жүрген ойларыңызды әрдайым бөлісіп отыратын мінезіңіз сізді көптен ерекшелеп тұратыны да жасырын емес. Ел қамын жеген едігелер елдің ішінде де жүр, қадірін өзіміз білмеуіміз мүмкін. Адам табиғатының туған топырақпен тұтаса өріліп, қан тамырының бүлкілдеп бірге соғуында қандай сыр бар? Сізді тағдырлы тарихпен біріктірген нендей күш?
– Он екі жасымда болу керек, Түркістанға тайқазан оралды деген сүйінші хабарды естіген әкем мені де ертіп барды. Қожа Ахмет Яссауи мешітінің табалдырығынан аттап, есігінің алдында тұрмын. Есік сыртына бедерленген өрнегінің өзі ой-санама өнер деген ғажайыптың құдіретін қондырды. Тайқазанды көргендегі әсерім де ерекше еді. Мешіт ішін сол күні кешке дейін араласам да көзім тоймады. Мовзолейдің айналасын да есім кете тамашалап, шашылған қыш сынықтарын кеудеме қысып ауылға алып келдім. Алған әсерім соншалықты түсімде Қожахмет Яссауиды көрдім. Сөйтсем сол жолы жақсыны көріп қана емес, киелі рухын бойыма егіп оралғандай екем. Ол менің өмірлік жансерігіме айналды.
– Өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарыңыздың тұсауын кім кесті?
– Алдымен туған жер тарихы жөніндегі әдебиеттерді көп оқыдым. Туған өлкеміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихын зерделеуде 1900 жылдардағы Кастаньенің, Каллаурдың, одан соң 1969-70 жылдары жазылған Кемел Ақышевтың жазбаларын жадыма тоқып, оны одан әрі өзімше толықтыруға, көне қалалардың сыр көмбесіне көңіл қанықтыруға тырыстым.
Сырдарияның қос қапталын құтты қоныс еткен, климаттық жағдайы да егін және мал шаруашылығына қолайлы,, сауда саттық маңызы да үлкен ұлан-байтақ жерімізде қазық қадаған ортағасырлық қалалардың тыныс-тіршілігінің дәмін сезініп, құпиясына тереңдей түсуімізге тәуелсіздік алған елімізде екі мыңыншы жылдардан басталған археологиялық қазба жұмыстарының маңызы зор. Ұлы Дала елінің өркениетті орталығы болған Сығнақ қаласының шынайы дәрежесімен қауышуына көп жұмыс жасап жатқан Сәйден Жолдасбаев бастаған ХҚТУ-дың болашақ тарихшы-ғалымдарымен бірлесе жүріп, менің де көп нәрсеге көзім ашылғанына қуанулымын. Алда орасан жұмыстар күтіп тұр. Аққорғанды, Құмиянды, кезінде ірі сауда орталығы болған Өзгент қалашығын зерттеу жұмыстарына аудан басшылығы болып ықыласты көзқарас танытып отыр.
ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап теңге соғыла бастаған. Өзбек хан, Жәнібек хан, Әмір-Темірдің тұсында соғылған теңгелерде қаланың аты ойылып жазылған. Бірнеше жылдардан бері көне Өзгент қалашығының орнынан теңге жинап, зерттеумен айналысып келемін. Осы жұмысым күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әсіресе жаңбыр жауған күндері жердің бетіне шығып қалатыны қызық.
Туған жер тарихын терең зерттеу арқылы аймағымыздың қазақ тарихындағы дәрежесі айқындала түсері анық. Бқдан біз көп нәрсе ұтамыз. Мәселен, қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерекесіне орай Ұлытауда жиын өтті. Сол тарихи шараның одан шежірелік-саяси мәні үлкен, алғаш қазақ хандығының негізі қаланған Сығнақта ұйымдастырылатын жолы еді. Бұл болашақ туризмге түрен салып, киелі орынның құлашын кеңге жаяр еді. Тарихқа салғырт көзқарасымыздың сазайын әлі тартып келеміз. 2020 жылы Түркістан қаласын абаттандыру және сәулеттендіру жөніндегі арнайы комиссияның құрамында болған ғалым ағамыз Бүркітбай Аяған қазақ хандығының іргетасы саналатын Сығаанақ қаласына мемлекеттік маңыз берілу қажеттігін назарға салды.
– Қазіргі кезде дендеп бара жатқан қара археология жөнінде не айтасыз? Одан келетін қауіпті қалай тежей аламыз?Елде 25 мыңнан астам ескерткіш бар екен. Бұл әзірге белгілі болып тұрғаны. Әлі ашылмаған, зерттеліп болмаған, құпиясы қойнында қаншама тарихи құндылықтарымыз бар. Бір қынжыларлығы, тарихы белгілі, мемлекеттік қорғауға алынған тарихи орындарға жергілікті халық тарапынан құрмет жоқ. Бұлай деуімізге ел бойынша тарихи орындардақараорхеологтардың емін-еркін жүріп, қалағанын қазып әкетіп жатқаны дәлел. Бұған тосқауыл қоюға бола ма?
– Қара археологияның тарихы тоқсаныншы жылдардан бастау алған екен. Онымен айналысатындар геосканер секілді құралдармен бағалы металдарды жинайды. Осы арқылы ертедегі темір, қола, сақ, ғұн тайпаларының металдан жасалған қолөнер бұйымдарын тауып алуға тырысады. Оларды қарабазарға өткізіп, саудалап, жеке мақсатына пайдаланады. Бұл әрекеті халықтың өткеніне қаншама қиянат жасап жатқанын ойланып та әлек болмайды. Бұл біздің әлі де өркениеттен алыс жатқан өресіздігімізді дәлелдейді.
Жапония, Корея секілді озық мемлекеттерде әрбір тарихи ескерткіш бақылауға алынып, жергілікті органдар арқылы қатаң бақыланып отырады. Халық та сақталуын, қорғалуын талап етеді.
Тарихи маңызы бар ескенткіштер мемлекет қорғауында, дегенмен түрлі жол, әдістерін тауып, көне қорымдарды қопарып, алтын, темір, мыс сынды металл іздеушілердің қарасы үзілер емес. Мақсаты – бір күндік пайдасын ажырату. Бабалардан үзілмей келе жатқан қымбат жәдігерлерге қаймықпай қиянат жасайтын ондайларды ар, ұят мәселесі ойландырмайды. Мысалды әріден іздемей-ақ, осы өз ауданымыздан келтіруге болады. Мына Көктөбе ауылының іргесінде жатқан Аркөк қаласын алайық. Ежелгі аты Шоқпақты болғаны туралы Рузбихан жазады. Аркөктің «Берекелі қала» деген атауы болған екен. Осы мекенге 2016 жылдардан бастап әлдекімдер ауыз салғанына қарным ашып, тиісті орындарға хабарладым. Өздеріне қарсы тегеурінді талапты байқамаған соң ондайлар да еркінсіп кетеді екен. Жергілікті халық та мән беріп, басын ауыртып жатуға жоқ. Сонымен әлгіндей шақырылмаған қонақтар екі-үш жыл емін-еркін Аркөкті асты үстіне шығарып тонап бітті. Естуімше, күміс теңгелерді көптеп тапқан көрінеді. Оның бір тиыны 2 мың долларға бағаланады. Мұндайларлардың тұяғы Сауран, Жент, Баршынкент қалаларына да жетті. Қазақстандағы қара археология жөнінде Татарстанның мемлекеттік институты мамандары дабыл қағып, нумизматикалық материалдарымызға мұқият болуымызды ескертуде.
2018 жылдары болу керек, облыс әкімдігінен өкілдер келіп, тарихи ескерткіштерді қорғау жөнінде жиын өткізгені есімізде.
Туған жеріміздің қойнауында жатқан тарихи орындарды қорып, көздің қарашығындай сақтау жалпыхалықтық сипат алуы керек.
Әр төбенің өз тарихы бар. Келінтөбе, Абызтөбе, Асаршық, Ақтөбе сынды орындар зерттеуді қажет етеді. Жаңарық ауылының маңында «Балапантөбе» деп аталатын жер бар. Бұл жер туралы Кастаньенің еңбектерінде кездеседі. Сырдарияның сол жағалауына қоныс тепкен бұл қарауылтөбе кезінде Сығанақ пен Өзгенттің ортасын байланыстырған бір белгі, халық осы жерде ат шалдырып, дем алатын болған. Осы төбенің басына орнатылған геодезиялық мұнараның орнатылғанына да жүз жылға жуықтайды. Ағаш сатылары шегеленген биік мұнараның нешеме жыл жел мен жаңбырдың өтінде діңгегі желініп, одан қалса түбіндегі бетон тұғырын көмбе іздеген әлдекімдер қазып босатып, соның салдарынан жерге құлағанын өз көзіммен көріп, жедел облыстық жауапты мекемеге хабарлаған едім. Ол жақтағылар топографиялық мұнараны бертіндегі дүние, ол тарихи ескерткіштер тізіміне алынбағандықтан қаржы қарастырылмаған деген уәжбен жақындатқысы жоқ. Облыс көлемінде жоқ құнды жәдігерді құлап жатқан жерінен жергілікті халық қолдау көрсетіп, қайта қалпына келтіре аламыз ба, жоқ айдалада жатқан тегін дүниені пышақ ұшынан бөлісіп, үй салғандар құрылысына немесе жағар отына пайдаланып, бір-бірлеп тасып кетеді ме деп жанымыз қыл үстінде жүр. Мына іргедегі Ордакент төбесін білесіздер, кезінде көптеген садақ оқтарын тауып алғанбыз, ол да қоршауға алынып, ресми қорғалмағандықтан аяқасты қалатын түрі бар. Егістік танаптары ентелеп келеді. Дәл іргесінен тұрғын үй саламын деушілер топырағын түруге айналды. Бұл түрімен екі-үш жылда ескерткіш төбенің елесі де қалмасыанық. Тариха ескерткіштердің үстіне құрылыс жүргізуге болмайды деген заң қайда қалды сонда?
Елімізде 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау» туралы заң қабылданды. Осы қабылданған құжат қағаз жүзінде қалып отырған сыңайлы.
Қазақ жері археологиялық бір емес, үш тонауға түсті. Біріншісі, кешегі патшалық Ресейдің құрамына кіріп, саяхатшылар жерімізде еркін жүріп, қазақтың тегін дүниесін талапайға салды. Екіншісі 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезеңі. Сол кездері қаншама қымбат мұраларымыз бір үзім нанға айырбасталып кете барды. Үшіншісі – нарықтық қоғамға өткен тұсымыз. Бабалар мұрасына, айнала табиғатқа жауыздық көзқарас ағын өзендерді лайлап алтын сүзіп, қорымдарды қопарып бағалы бұйым іздеп, дүниенің астаң-кестеңін шығарып жүр. Бұларға заңдық тұрғыда қатаң жаза болмайынша тоқтам болар емес.
Аспан астындағы мұражайды ашып, қазақ хандығының астанасы болған Сығанақты зерттеу түбірімен қолға алына бастады. Нағыз ірілікті мақсатты ниет еткен археологтарымыз нақ бүгінгі күндерітарихи орында табанды жұмыс жасап жатыр. ХҚТУ-дың шәкірттері бар бұл құрам бұл күнде жұмыс қолына зәру. Екі ай ішінде міндетті межелерін аяқтауы тиіс. Осы бағытта Жергілікті азаматтар жұмысқа келсе екі айға 300 мың теңге төленетіні жөнінде кеше Әзия апайдан естіп едім. Осыған ынталы азаматтар атсалысса екен.
– Мемлекеттік тарих институты директоры, тарих ғылымының докторы, ұлтжанды азамат Бүркітбай Аяған туған жерімізге әр келген сапарында Сыр бойындағы тарихи орындарда болып, мейлінше мақсатты жоспарын тиянақтауға күш салатыны байқалады. Мұны біздің төл газетімізге берген сұхбатынан да терең аңғардық.
Ұлт тарихын тірілтетін, ұлтын жанындай сүйетін патриот азаматтар. Осы тұрғыдан келгенде қарапайым ауыл мұғалімі қайраткер ғалымды қалай мойындатып жүр?
– Бүркітбай Аяған елге әр келген сапарында мені жанынан тастамай ертіп жүретіні рас. Оның себебі, ең басты қызығушылығы Сығанақ, Өзгент сынды тарихи мекендер туралы екеуміздің ізденісіміз ортақ арна тауып, оқыған кітабымыз, түйген ойымыз бір жерден шығатыны сондай, етене жақын болып кеттік. Алыста жүрсе де хабарын үзбейді. Астанада өткен ғылыми конференцияға да мені арнайы шақырып, жанынан бір елі қалдырмады. Бұл сенім мені одан сайын жігерлендіре түседі.
– Сұхбатыңызға рахмет. Елдік бағыттағы еңбектеріңіз баянды болған.
Сұхбаттасқан
Баян ҮСЕЙІНОВА