№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді»

«Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді»

Қандай құдірет десеңізші... Жер бетінде қаншама халық бар. Әрқайсысының өзіне тән құндылықтары мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сынды қасиеттері сан алуан. Соның ішінде, болмысымызбен біте қайнасып, бүгінге жеткен құндылықтарымызға тоқталайық.


Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – ол асық ойыны. Асық ойнау баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке үйренеді. Асық әрбір баланың ермегі, сүйікті ойыны болған. Жалпы асық ойыны – тек көңіл көтеру, құмарлық ойыны ғана емес, бейне бір шахмат ойыны секілді стратегиялық ойын. Бұл ойын ата-бабамыздың азаттық жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туса керек. Асық ойындары – елдің ішкі кемелін, хан мен халық арасындағы ынтымақты бейнелейтін ертеден мұра болып жеткен ойын түріндегі ұлт бірлігінің көрінісі іспетті. Алайда, соңғы уақыттары асық ойнайтын баланы көрмейміз. Оның ұмыт қалуынан ұрпағымыз көп нәрседен қағылып отыр.
Ал қазақтың ұлттық бұйымы – бесіктің пайдасын дәлелдеп жатудың өзі артық. Ол сәбидің қаз басып кеткенше бөленетін ағаш төсегі. Үлкендер бесікті баласы өсіп кетсе де бағасын кемітпей биікке қойған. Ата-бабадан қалған жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақтаған. Біздің үйде әкем жатқан бесік бар. Ол біздің отбасы үшін ең құнды дүние. «Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» демекшi, қазақ бесікті қасиет санаған. Осы ретте батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Бесігі жоқ елден қорқамын» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Талай дана, ғұлама ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз тербеліп өскен бесіктің қадірін кемітпесек екен.
Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ана тілінің өлшеусіз құдіреті бесік жыры арқылы санамызға сіңбеп пе еді? Бесік жырының құдіретін ғалымдар зерттеп дәлелдеуде. Бесік жырын тыңдап өспеген бала тез ашуланғыш, ойлау қабілеті төмен, жалқаулыққа бейім, аурушаң болатынын ғалымдар дәлелдеуде.
Бесік жыры – сәби бойына мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дарытады, бала ана тілінің нәрін ұғынып, мағыналы, мәнерлеп сөйлеуге үйренеді. Ана тілін сүйеді, ұлтын, Отанын сүйеді. Бізге керегі осы емес пе? Егер бала ұлттық құндылықтың қадіріне жетсін десек, әр ана қазақы болмысқа қайта оралуы қажет-ақ. Құшағындағы сәбиін бесік жырымен әлдилеген анадан, тал бесікті таянған келіннен асқан сұлу болмасы бесенеден белгілі.
Жаңа туған сәбиге ат қою- ерекше салтанатты ғұрыптардың бірі. Ұл балаларға батыр, жаужүрек, алып тұлғалы азамат болсын деген ниетпен Наурызбай, Батыр, Бейбарыс, Қабанбай, Бауыржан, Арыстан сынды айтулы есімді қоюға ынталанады.
Қыз балаларды Гауһар, Маржан, Ақтоты, Ақ баян, Жауһар, Жақұт деп атауы қыз баланы сұлулықтың, әсемдіктің, көркемдіктің, нәзіктіктің бейнесі ретінде аялағандықтың, қастерлегендіктің белгісі десек қателеспейміз.
Бас киім мәселесіне келсек, бөрік пен тымақ базарда толып тұр. Тақия кәдесый ретінде берілуде және ол қытайдың ең арзан тауары десек те болады. Бас киімін саудаламақ түгілі, «бағым кетеді» деп өзгеге бермейтін қазағымның бас киімі кім көрінгеннің мазағына айналып жүр. Ал, орамал...
Ақ орамалды әулеттің келіндері ғана тақты. Өйткені, әйел-ананың мейірімділігі, шексіз пейілі ақ орамалмен байланыстырылды. Ертеде жаугершілік кезеңде ерлер анасының ақ орамалын ырым етіп, кеудесіне тығып алып кететін болған. Бұл – қауіп-қатерден, қиыншылықтан сақтайды дегеннен туған сенім. Қазақта «Әйел орамал тартпаса, арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары
түседі» деген сөз бар. Дін өкілдерінің сөзіне сүйенсек, орамал адамды талай қауіп-қатерден қорғап, жындарды алыстатады. Ал, мұсылман әйелі ақ орамалды ғана таңдауы тиістігін ұмытпаған жөн. Үлкендердің сөзіне зер салсақ, жалпы, оның қадір-қасиетін ұғындыратын қазақта ырым-жоралғылар да көп.
Бүгінгі таңда ұлтымыздың рухани байлықтарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешекке жеткіземіз деген мақсатпен ел болып бірлесе жұмыстар жүргізу керек деп есептеймін. Тіліміз мен ділімізді кіршіксіз күйінде болашаққа мирас етіп қалдыру үшін әрқайсымыз тамшыдай болса да үлес қосуымыз керек. Сонда ғана ұлы армандарымыз орындалады деп ойлаймын.

Әсел РЗАЕВА
21 наурыз 2021 ж. 1 833 0