Жегенің жұғымды болмаса...
Замандар көшімен ұлттық ас мәзіріне де өзгеріп, жартылай фабрикатталған өнімдерге сұранысты артты. Жаңақорғанда соңғы уақыттар сауда сөресінде жайғасқан азықтың шын мәнінде сапасы қандай? Нормативке сай ма? Азықтан уланған азаматтар қайда шағымдана алады? Осы сауалдарды мамандарға жолдап, жауабын алған едік.
Аудан тұрғындарына таныс «Қарабура», «Ғани», «Заңғар», «Магнит», «Береке» сауда үйіндегі мұздатқыштарда тағамның түр-түрін табуға болады. Түшпәра, манты, голубцы, котлеттен бастап, қуырылған кортап, балық, лагман қамыры мен тұздалған балықты талғамыңызға қарай ала аласыз. Әсіресе жұмысбасты адамдарға таптырмайтын ас түрі.
Біздің ауданға апта сайын 5 газельмен жартылай фабрикат жіберетін «Ар-Мади» ЖШС-нің жетекшісі Қуат Рамазанұлымен жергілікті сауда үй иелері келісім шартқа отырған. Бұл компанияның өнімдеріне сапалық бақылау жүргізіледі. Құрамы мен шыққан мерзімі қаптамасында анық көрсетіледі. Екіжақты келісім бойынша, мұздатқыштарда сақтау әрі мерзімі өткен тауарды жою туралы мәміле бар. Мұны жергілікті кәсіпкерлер де растап отыр.
– Біз бұл компаниямен 2 жыл көлемінде жұмыс жасаудамыз. Келісімге сай тауарларды сатумен айналысамыз. Бір сөзбен айтқанда, сенімді әрітестік бар, – дейді Ғалым Әйтілеуов.
Өзге өңірлерден келетін өнімдермен жергілікті кәсіп иелері бәсегеге түсіп, жарыса өнімін ұсынып жүр. Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қолдау қарқынымен ауданда 12 пельмен цехы іске қосылды. Шағын наубайханадан шығатын тауарлар қатарында «Сәуле», «Арай», «Алтын»,«Нұржамал» түшпарасы елге таныс. Қайтарымсыз қаржы иеленіп, жұмысын жандандырған «Әсел» түшпарасының иесі Әсел Төрежан кәсіптің қыр-сыры туралы сөз етті.
– Ашылғанымызға жыл толмаса да табысым тәуір. Көбіне той-томалаққа тапсырыс түседі. Оған қоса күнделікті шағын дүкендерге өнім өткіземін. Шағын кәсіпкерлікті қолдау шапағатын көріп, ел қатарлы өз кәсібімді аштым, – дейді ол.
Мән беріп қарағанда, шағын кәсіпкерлік иелерінің өнімдерінің қаптамасында ақпарат өте аз. Кәсіпкерлік атауы мен өнім салмағы ғана көрсетілген. Жарамдылық мерзімі мен құрамы туралы ақпараттар мүлдем жоқ.
Осындай тауарларды кезіктіргенде «Біз қандай азық тұтынып жүрміз?» деген ой келеді. Сатушылар мұндайда жауаптан тосылмайды. «Ұнамаса, алмасаңыз да болады» деуден тартынбайды. Шынында азық сапасын бақылауға не кедергі? Мұны аудандық санитариялық эпидемиологиялық басқармасының басшысынан сұраған едік.
– Жаңадан ашылған кәсіпке тағамдары үшін арнайы сертификаттау жүргізіледі. Яғни, шығарылатын өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі анықталады. Ұлттық қауіпсіздік нормаларына сәйкес болмаса, сатуға рұхсат берілмейді, – деді Шынар Айдарова.
Кәсіпкерлер сауда дүкендеріне тауар өткізгенде барлық талапқа сай болуы қадағаланады. Сауда сөрелерінде бұзылған затқа дүкен иесі жауапты болады. Жартылай фабрикатталған тағамдарды сату үшін мұздатқышта сақтау міндеттелген. Елімізде осы міндеттердің сақталмауы тағамның бұзылуына әкеліп, соңы адам улануына соқтырады екен. Денсаулық сақтау министрлігі тек осы жылдың басынан бері Қазақстанда ірі көлемді уланудың 8 оқиғасы тіркелгенін жариялады. Шілде айында сауда дүкендеріндегі пельменді сатып алып, ас берген жиында 41 адам астан уланып ауруханаға түскен. Осы секілді оқиғалар ақпарат көздерінде жиі айтылып жүр. Десе де, тағам сапасына, жарамдылық мерзіміне мән беретін тұтынушы кемде-кем.
Қоғамдағы өзекті мәселеге қатысты өз пікірін жеткізген аудандық мәслихат депутаты Жәудір Абдукаримова:
– Тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын шағын және орта бизнес саласындағыларды тексеруде жаңа мораторий бізді жіпсіз байлады. Енді ше? Кез келген тамақ беретін дәмханалары мен асханалар, мейрамханаларды тек бір-екі күн бұрын ескертіп барып тексеруге болады. Ал еш ескертпей баруға тыйым салынған. Ал заң бұзушылық көпе-көрнеу көрініп тұрса да, оны бізге келіп азаматтар арыз-шағым бермесе, оларды тексеруге тағы құқымыз шектеулі. Бұл өз кезегінде адамдардың астан улануына жол ашады, –деді.
Ал сонда заңды құқығы тапталып, дұрыс тамақтана алмаған тұтынушыларға қайтпек керек? СЭС мамандары көп адамдардың қоғамдағы санитарлық жағдайларға немқұрайлы қарайтынын жасырмады. Яғни тұрғындардың көпшілігі азық-түліктің сапасыздығы мен мерзімінің өткенін көре тұра СЭС-ке шағым түсірмейді. Ал шағым түспеген мұндай орындарды санитарлық дәрігерлер жылына тек бір мәрте ғана тексере алады.
Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынады. Бәлкім, шынымен де, шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін жарияланған мораторийге аз-маз болса да өзгерістер енгізу қажет шығар. Бақылайтын мекемелердің өзінің қолынан қайран келмей жатса, еркінсіген кәсіпкерлер тұтынушы құқын аяқасты етпесіне кім кепіл?
Мақпал МАРҚАБАЙ