№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тауар құны құбылып тұр

Тауар құны құбылып тұр

Нарықтағы ахуалды білу мақ­сатында аудандық ауылша­руа­шылығы бөліміне барып, мәлімет сұрадық. Олар әлеуметтік азық-тү­лік тауарларының 19 түріне күн­делікті мониторинг жүргізіп, тал­дау жасайтынын айтты. Биылғы 2020 жылдың қаңтар айынан жыл соңына дейін әлеуметтік азық-түлік тауарлары, кәсіпкерлерге келген өнімдерге 5-10 пайыздан артық қоспай сатуға және ірі сегіз сауда үйімен екі жақты меморандумға «Заңғар», «Заңғар 2», «Кәусар», «Ғани», «Агрос», «Аққу», «Береке», «Магнит» сауда үйімен келісім шартқа отырған.
Бүгінгі күнде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақты.



Аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағалары бекітілген: I сұрыпты бидай ұнының бір келісі – 140 теңге, рожки – 220 теңге, қарақұмық жармасы – 295 теңге, тазартылған күріш – 207 теңге, сиыр еті – 1750 теңге, тауық жұмыртқасы 10 данасы – 340 теңге, күнбағыс майының литрі – 440 теңге, ас тұзы – 45 теңге, тауық еті – 591 теңге, пастерленген сүт (майлылығы 2,5%) – 230 теңге, айран, майлылығы 2,5 – 250 теңге, сүзбе, майлылығы 5-9% – 613 теңге, сары май – 1000 теңге, қырыққабат – 80 теңге, пияз – 70 теңге, сәбіз – 130 теңге, картоп – 103 теңге.
Міне, ауыл шаруашылық маман­дары осындай мәліметті қолымызға ұстатты. Алайда нарықтағы баға бөлек. Айталық, күріш – 220 теңге, қарақұмық – 385 теңге, тауық жұмыртқасы 10 данасы – 350 теңге, сәбіз – 150 теңге, картоп – 120 теңге, ас тұзы – 55 теңге, рожки – 280 теңге. Бұл көтерме сауда орнындағы баға. Ал шағын дүкенде бұдан екі-үш есе жоғары болатыны анық.
Меніңше, қазақ пен ет – егіз ұғым. «Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» демей ме, енді түсімізге кірмесе болғаны. Өйткені, нарықта сиыр еті мен қой етінің бағасы 1900 теңгені құрайды. Ал тартылған ет 2000 теңгенің үстіне шығыпты. Мұны саудагерлер мал азығы жем-шөптің қымбаттауымен байланыстырып отыр. Нақтылай кетсек, шұжық пен ет өнімдері 2,3 пайызға, кеспе өнімі – 15,2 пайызға, жанар жағар май 3,2 пайызға, киім-кешек пен аяқ киім, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары 4 пайызға қымбаттап үлгеріпті. Тіпті бұрын саудагерлер қайтарма ақшаның орнына ұстатып жіберетін сіріңкенің бір қорабы 35-40 теңге болса, қазір 60-70 теңгеден сатылуда.
Саудагерлердің айтуынша, бағаны сіріңке өндіретін Череповецтегі зауыты көтерген. Елімізде сіріңке шығаратын өндіріс орны болмағандықтан, өзге елдің тауарына мұқтажбыз. Осылай баға бағынбай барады. Өткен айда ұн қымбаттады. Артынша нан мен нан өнімдерінің бағасы өсті. Бұл қалтасы жұқарып бара жатқан халыққа бірден сезілгені жасырын емес.
Карантиндік режимнен енді ғана шығып, қараша жұрт тиын санап жүргенде мына қымбатшылық та қос бүйірден қысып тастады. Ондайда бірден сатушыларға кінә артып, ауыр сөздер айтып кететіндер де кездесетінін үйінен нан жауып, күнделікті нәпақасын тауып отырған Гүлсім Орманқызы:
– Бағаны көтермесек өзін-өзі ақтамайды. Мысалы, біз күніне бес жүз тандыр нан жабамыз. Оған жүз келі ұн кетеді. Бұрын екі қап ұнды 13000 теңгеден алып, одан 500 нан шығарып, әрқайсысын көтерме бағада 70 теңгеден сатқанда 35000 мың теңгенің басы құралатын. Күндік табыс – 22 мың теңгені құрайды. Одан үш жұмысшының айлығы мен электр энергиясы, ашытқы, тұз, май сынды шығындар бар. Таза қалатын пайда 6-7 мың теңгенің аралығында. Ал қазір ұнның қабы 7800 мың теңгеден келіп жатыр. Өздеріңіз есептей беріңіздер, бізге де оңай тиіп жатқан жоқ. Әрбір келген тұтынушының ауыр сөзін естиміз, жүйкемізге әсер етеді, – деп ашына айтты.
Бір қуантарлығы, тесік көпір жанындағы үлкен наубайхананың бағасы мүлде өзгермепті. Онда бөлке нан – 70 теңге, күлше нан – 80 теңгеден сатылуда. Бағаны қалай тұрақтандырып тұрғанын білу үшін наубайхана басшысы Жұмағұлов Мұратты сөзге тарттық:
– Иә, нанның қымбаттағаны рас. Бірақ, біз бағаны өсірмей сол қалпында ұстап отырмыз. Өйткені біздің қорымызда 400 қап ұн бар. Бұл бір айға жетеді. Алдағы уақытта сатып алатын ұнымыз қымбаттап келеді. Оны жеткізушілер хабарласып айтып қойды. Ол кезде біз де бағаны өсіруге мәжбүрміз. Әйтпесе өз шығынын өзі ақтамайды. Онсызда соңғы кездері ауыз толтырып айтатындай пайда тауып отырғанымыз жоқ. Барлық наубайхана иелері мұны жоққа шығармайды деп ойлаймын, – деді.
Әлемде аш адамдар жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын дерек көздерінен байқап жүрміз. Бір миллиардтан астам адам ашқұрсақ өмір кешеді екен. Біздің елімізде де азық-түлік бағасы күн санап құбылып жатыр. Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бірнеше пайызға көтерілген. Әсіресе, жұрт күнде тұтынып отырған өнімдердің бағасы айтарлықтай шарықтаған. Санамызда сан түрлі сауал көп, жауап жоқ.
20 қазан 2020 ж. 541 0