№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайың қалай, жайылымды жер?

Жайың қалай, жайылымды жер?

Жыл өткен сайын төрт түліктің басы артып келеді. Бірақ елді мекендерде жайылымдық жер өзекті мәселеге айналды. Оның түрлі себептері бар. Осы мәселені ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекеннен 5 шақырым радиустегі жайылымды мұқтаждыққа сай қайтаруды Үкімет пен Бас прокуратураға тапсырды. Осы бағытта, облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес, аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, ауылдарды аралау басталды.
Аудан әкімінің жаңадан тағайындал­ған орынбасары Оңал Ержанов бастаған жұмысшы топ алдымен Сыр беткейдегі ауылдарды аралап, елмен жүздесіп, нақты бағыт-бағдарды түсіндірді. Кезекті сапарда аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Қарақожаев­пен біз де ілестік. Аққорған, Қожакент, Өзгент және М.Нәлібаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілегін тыдадық. Алдымен Түгіскенге келдік, жер мәселесіне кел­генде аққорғандықтардың айтары көп.
– Аудан әкімдігінің қаулысымен елді мекен айналасынан халықтың мал жайылымдығына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кемінде 5-6 шақырымдық радиуста белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте, ауылға жақын орналасқан шаруашылық субъектілері ауыл әкімі, жергілікті қоғамдастық пен жерге жауапты бөліммен келісіп, өз еріктерімен жер учаскелерін қайтаруы тиіс. Егер шаруаға жер қажет болса, онда басқа теңдес жер беру мәселесі қарастырылады, – деді Оңал Жанатұлы.
Кездесу барысында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Шәзіндаұлы әр ауылдың картасын қағазға түсіріп, уақытша белгіленген аумақты түсіндірді.
– ҚР Жер Кодексінің 86-бабына сәйкес, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға «Жайылымдар туралы» ҚР Заңының 15-бабының 1-тармағына сай, жеке ауладағы жануарларды жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру қарас­тырылған. Сондықтан, ауыл аумағынан 5-6 шақырым жерді жайы­лымдық жерге айналдыру жүргізілуде. Қаулымен бекітілгеннен кейін біздің бөліммен сол аумақта орналасқан жерлердің меншік иелері анықталып, карта әзірленеді. Ол үшін ауыл халқы белсенді болуы тиіс, ертеңгі күні арты дауға айналып кетпеуі тиіс, – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынба­сары жалпы пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз пайдаланып жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша тоқталды. Аудан бойынша 24194 гектарды құрайтын 168 жер учаскесі анықталған. Иелеріне ескерту хаты берілсе, 2 шаруашылыққа көлемі 50 гектар болатын жерді қайтаруға аудан әкімінің қаулысы қабылданды. 42 жер учаскісіне шартты бір жақты бұзу туралы шарт жасалып, шаруашылықтарға таратылуда.
– 2020 жылы инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлерде дақылдарды кезектестірудің белгіленген схемасын сақтау мәселесі бойынша аудан әкімінің өкімімен мониторинг жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында аудан әкімдігінің «2020-2027 жылдар аралығындағы ин­же­нерлік жүйеге келтірілген жердегі ауыспалы егіс танабының кестесін бекіту туралы» қаулысымен бекітілген кестенің талаптарын сақтамаған шаруашылық субъектілері анықталды. Ескі жоңышқа, күздік бидай араласа егілуі тиіс жерлерге күріш егіліпті. 17 шаруашылық 928 гектарды тиімсіз пайдаланған. Оларға әзірге ескерту берумен шектелді, – деді О.Ержанов.
Иә, Сыр елінің өзекті мәселесі су тапшылығы салдарынан күріш көлемі азаяды. Сондықтан биыл ақ егіс, өзге де тиімділігі жоғары, суды аз қажет ететін өнім алуға меже қойылды. Талап күшейді, аудан бойынша күріштің көлемі 7300-ден аспауы тиіс. Егер бір шаруашылық осы межені бұзып, күріш егетін болса, онда бірдің кесірі мыңға тиеді. Ол кезде каналдың басы жабылып, барлық шаруа сусыз қалады.
Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе құрамында есірткі заты бар өсімдік егумен айалысу дерегі көбейді. Былтыр қарасораны егумен айналысқан 26 дерек тіркелген. Енді бүкіл жер, оның ішінде үйдегі егістің түр-түрін анықтайтын космомониторниг құрылғысы іске асады. Бұрынғыдай құқық қорғау органдары табанынан тозбайды, бақылау енді жоғарыдан болады. Енді аққорғандықтардың мәселесіне ойыссақ.
Ауыл халқы 3 мәселені көтерді. Алғашқы, ауыл шетінде мал жайылатын жайылым жоқ дейді. Өйткені, аяқ су жоқ, жер кеуіп, соры шыққан.
– Ауыл маңында «Саусакөл» деген көл бар, барлық мал соның айналасында жайылатын. Қазір көлде су жоқ, бірақ жайылым мәселесін шешудің жолы бар. Екіншіден, егістік алқапты күріш сақтайды. Оның үстіне бізге күрішке берілген 1797 гектардың 300 гектары өзгенің еншісінде. Бізге сырттан келіп, күріш егудің қажеті жоқ, керек болса сол 300 гектарды ауыл халқы да егуге қауқарлы. Үшінші, ыза судың жайы, К-1, К-2 каналын тазалап, су берілсе. Міне, біздің айтарымыз осы, – деді ел ағасы Жәдігер Үкібаев.
Тұрғындар Апанғақ елді мекенін округ қарамағына алсақ, жайылымдық жер жасауға мүмкіндігіміз бар деп ойын жеткізді. Біз жайылымдық жердің жолын іздестірдік. 2000 халықтың тағдыры 2000 гектарға қарап тұр деді ауыл ақсақалы Нұрлыбай Қалжанов.
– Су қашыртқысын жинайтын канал­дан ауылдың шығыс бөлігіне аяқ суды жіберу тиіспіз. Ол үшін аудан орталығынан ауылға қатынайтын жол­­дың астындағы трубаны төмен түсі­руіміз тиіс. Сонда су өз деңгейімен келесі бетке өтіп, жасыл аймаққа айналамыз. Бұл біріншіден, жайылымға жақсы, екіншіден, су қашыртысын ұстап қаламыз, үшіншіден, балық шаруасына бейімдеуге болады. Осы жобаны жүзеге асыруымыз керек. Бұл идея, айтып жүргеніме қанша жылдың жүзі болды, қолда бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек, – деді ауылшаруашылығы саласының ардагері.
Жалпы ауылдың тыныс-тіршілігін түсіндік, төрт түлік, оның ішінде ірі қара мен жылқы жыл сайын көбейіп келеді. Енді жайылым мәселесі шешілсе дұрыс болар еді. Округ бойынша жылқы малы жөнінен алдыңғы қатарлы ауыл Қожакенттің де жайы белгілі. Десе де, ауыл тұрғындары егін шаруасына басымдық беріп, К-2 каналының Өзгент пен Қожакент ауылының арасындағы бөгеттің тазалануын сұрады. Мұнда да ағайынның реніші бар, кей тұрғындар бір жерге 6-7 жылға дейін күріш егетіні бар. Яғни, жерді құнарландырып, әртараптандыру бағыты жолға қой­ылған. Одан бөлек, ішкі кикілжіңдер туындағанын көрдік, бұл ауылдың құзырындағы мәсәле. Қалай айтсақ та, келісіп пішкен тон келте болмайтынын қожакенттіктер жақсы біледі.
Жалпы елді мекеннің әлеуеті артып келеді, оны мал санының көбеюімен бағамдауға болады. Алайда, жайылым болмаған соң шекті мөлшерде санын ұстау тиіс деп мамандар кеңес береді. Жылдар бойы мал тұяғының астында қалып, күтім көрмеген жайылымның күйі де кете бастаған. Елдің қай қиырында топырақ қыртысының құнары азайғанын ғалымдар растап отыр. Ал шаруалар төрт түлікті қора-жайда ұстау үлкен шығынға әкеледі деп дабыл қағуда. 
Өзгент халқы да өз жерімізге өзіміз иелік етіп, егінді өзіміз егеміз деген талабын жеткізді. Бұл ауылдың да тіршілігі егін шаруасымен біте қайнасып жатыр. Сондықтан уәжі де орынды. М.Нәлібаев тұрғындарының айтары жайылымдық жер мен егін шаруасына бейім жер көбірек қамтылса дейді. Ал, тау беткейдегі ауылдарда жайылымдық жер өте өзекті. Өйткені, мұндай егістік жер жоқтың қасы, ол түсінікті.
Арнайы топ барлық елді мекендерді аралап, тұрғындарға заңдылықты түсіндіріп, жайылымдық жерлерді тиімді шешу жолдарын ұсынды. Оның ішінде, ауыл маңындағы шауашылық жерлерді халықпен бірлесе игерудің жолдары да сөз болды.
Түйіндей айтсақ, елді мекендердің маңайындағы жерлер мемлекеттің меншігіне алынып, жергілікті халықтың қажеттілігі үшін беріледі. Тек аталған алқапта жайылатын мал саны мемлекет белгілеген нормадан аспауы керек. Мал басы шекті нормадан асып кетсе, ауыл округі аумағына тиесілі екінші деңгейлі жайылымға жіберіледі. Ауыл округі аумағынан 49 жылға жалға алған жекеменшік жер иелерінің қолында мал жоқ, сөйте тұра олар бос жатқан алқапқа халықтың мал бағуына рұқсат етпейді. Мұндай учаскелер жер пайдаланушылар мен жекеменшік жер иелері арасында ҚР «Жайылым туралы» заңы бойынша реттеледі. Енді қалғаны уақыттың еншісінде...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
17 сәуір 2021 ж. 923 0