Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылым жүйелі игерілуі тиіс

Жайылым жүйелі игерілуі тиіс

Жаңақорғанның қойнауы жайылымдық жерден кенде емес. Бір өкініштісі, осы табиғаттың тегін тартуы ауыл тұрғындарының таңдауына татымай отыр. Неге? Құнарлы жерлерді қалталылар жекеге алып, өзгеге жегізбеуді көздейді. Сонда қалай, шаруа адамы ауыл айнала шүйгін атырапты пайдасына жарата алмай ма? Жоқ, Үкімет мұның жолын тауып, жан баққанға эжағдай жасап отыр.Жаңақорған ауданының жер қоры – 1543,3 мың гектар, оның 130 мың гектар аумағы мал жайылымдыққа бағытталған. Бірақ жарамсыздау жер де аз емес. Жылдар бойы мал тұяғының астында қалып, күтім көрмеген жайылымның күйі де кете бастаған. Елдің қай қиырында топырақ қыртысының құнары азайғанын ғалымдар растап отыр.
Қазіргі уақытта, малдың дені ауыл маңында жайылады. Бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі өңірде 827 шаруа қожалық мал бағып, күнкөрісін ажыратып отыр. Сондықтан жекеге өткен жайылымдық жерлерді еңбеккердің еншісіне беру мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Бұл жөнінде Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Қарақожаевты сөзге тартқан едік:
– Мемлекет басшысының елді мекендерге жақын орналасқан шаруашылық жерлерін ауыл халқының жайылымдық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында алу керектігі жөнінде ҚР Үкіметі мен Бас прокуратураға берген тапсырмасы негізінде аудан әкімінің 30.01.2021 жылғы №49 өкімімен жұмыс тобы құрылды. Осы ретте айта кетейік, аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 24194,0 гектар болатын 168 жер учаскелері пайдаланылмай жатқандығы анықталды.
Заңдылыққа сай елді мекен айналасынан халықтың мал жайылымдығына қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында 5 немесе 6 шақырымдық радиуста белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Осы аумақта орналасқан жерлердің меншік иелері анықталып карталары әзірленеді. Бұл жұмыстар қазір басталып кетті. Ауыл әкімдіктері жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп, тұлғалардың өз еріктерімен жер учаскелерін қайтаруға немесе басқа теңдес жер беру мәселесіне қатысты бағытталған жұмыстарды атқару көзделіп отыр, – дейді.
2017 жылдың ақпан айында Парламент депутаттарының бастамашылығымен қабылданған «Жайылымдар туралы» заң да аталмыш мәселені ата-баба дәстүрімен реттейтін ресми құжат ретінде ел көңілінен шықты.
Заң талаптарын тарқатар болсақ, елді мекендердің маңайындағы жерлер мемлекеттің меншігіне алынып, жергілікті халықтың қажеттілігі үшін беріледі. Тек аталған алқапта жайылатын мал саны мемлекет белгілеген нормадан аспауы керек. Мал басы шекті нормадан асып кетсе, ауыл округі аумағына тиесілі екінші деңгейлі жайылымға жіберіледі.
Ауыл округі аумағынан 49 жылға жалға алған жекеменшік жер иелерінің қолында мал жоқ, сөйте тұра олар бос жатқан алқапқа халықтың мал бағуына рұқсат етпейді. Мұндай учаскелер жер пайдаланушылар мен жекеменшік жер иелері арасында ҚР «Жайылым туралы» заңы бойынша реттеледі.
Сыртқы жайылым толықтай мемлекеттің меншігінде. Алайда ауылдықтар ол учаскелерге малдарын өздігінен апарып жая алмайды. Қолданыстағы заңға сәйкес жер пайдаланушылар мұндай жерлерге бір көше, әйтпесе тұтас ауыл болып ұжымдасып, келісіп, ортақ отар, табын шығарып, малдарын бірлесіп баға алады.
Жаңа заңның механизмі шаруаның оң жамбасына келіп тұр. Ендігі құлшыныс қалай? Бұл жөнінде Қожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Айтжанов:
– Жекешелендірудің зардабынан жайылымнан айырылған шаруалар енді арқа-басын жазып, малын Қызылқұмның атырабына көшіруге қам қылып жатыр. Жылқылар құмға көшсе жайы да күйлі. Ел арасында осыған түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді.
Аталған мәселелерге қатысты Талап ауылының тұрғыны Ермек Сәкенұлы былай дейді:
– Төрт түлікті ертеден таудың етегіне жаятынбыз. Ол жердің шөбі шүйгін, суы сарқырап ағып жатыр, малымыз семіріп шығатын. Кейін ол жердің барлығы жеке адамның қолына өтіп кетті де бізге жайылымдық жер жолдың бойынан бұйырды. Су жоқ, шөп жоқ, жерде малдың бәрі азып бітті. Енді, тиісті мамандар нақты жұмыстар жасап, жекеге өткен жерлерді қайтарып берсе деген ниеттеміз, – дейді.
Кент тұрғыны Айдар Есіркепұлының сөзі де осы мәндес.
– Мал біткенді қораға қамап, алаңсыз шығынға батып отырмыз. Оның шөбі бар, жемі бар, қыруар қаржы кетеді. Алдымыздағы 4-5 сиырды бағу кәдімгідей салмақ салып отыр, – дейді ол.
Міне, барлық өңірлер үшін жайылымдық жерлер тапшылығы үлкен мәселеге айналып отыр. Ауыл-аймақ маңайындағы жерлердің жекеге сатылып кетуі мен пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару процесінің сағызша созылуы бәрінен бұрын шаруаға батады. Сондықтан тиісті органдар заңда бекітілген міндеттерін лайықты орындап, өз жауапкершіліктерін арттырса нұр үстіне нұр. Өйткені, жайылымдық жерлерді шешу – уақыт күттірмейтін мәселе.

Әсел РЗАЕВА
13 наурыз 2021 ж. 664 0