Есеп-2018: Талап ауылдық округінде қандай жұмыстар атқарылды
Талап ауылдық округінің клуб үйіне жиналған адамның қарасы көп. Мұндағы ауыл тұрғындары әкімге ашық пікірін жеткізіп, еркін ой сабақтай алатынымен ерекшеленеді. Осы әдетінен танбаған тұрғындар есептік кездесуде өз ойын ортаға салды. Халық атынан сөз бастаған Әлеудин Қожамұратов:
Бізде аяқ су болмағандықтан егін егілмейді. Тұрғындардың басым көпшілігі мал ұстайды. Бізге тиесілі жайылым жер 5 гектарға жетпейді. Өзге аймақтан жайылымдық жер берілсе. Екіншіден бізде мал ұрлық өршіп кетті. Бізге жеке полиция қызметкері керек, – деп, бірден екі мәселені алға тартты.
Бірінші мәселесіне жауап қатқан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Қарақожаев:
– Біздің ауданда мал басымен есептегенде, шамамен 700 гектар жайылымдық жер жетіспейді. Ал, бұл ауылда жеке кәсіпкерлердің иелігіне өткен жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру үшін, тиісті шаралар жасалуда, – деді.
Екінші мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ғани Тұрсекеев:
– Ауылға полиция тағайындағанда халық саны есепке алынады. Сіздердің өтініштеріңіз бойынша алдағы уақытта облысқа ұсыныс жасаймыз, – деді.
Кәсіпкер Жұмакүл Әшірбекова қыс айында қасқырлардың көбейгенін, осы күнге дейін 6 бас малына түз тағылары тигенін айтты. Бұл сауалға аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Мадияр Ержанов биылғы жылға қасқыр атуға тендер жарияланатынын айтты. Осы тұста аудан әкімі қасқыр атуды тездетіп шешуді тапсырды. Аудан әкімінің жұмысына «Алтын алқа» иегері Аманкүл Жамалбекова шынайы алғысын жеткізді.
Енді есептік кездесуге оралсақ, ауыл әкімі Ербол Тақырбасов өзінің тыңғылықты жұмыстарымен халықтың көңілін тапқанын аңғардық. Ә дегеннен, халықтың көңілі тыншып, әкім әңгімесіне зейін салды. Он екі айдың жүзінде Келінтөбе-Түркістан автожолы бойындағы аялдаманы жаңартқан. Сондай-ақ, санитарлық жұмыстар жүйелене түскен. «Өрлеу» бағдарламсының игілігін көруге 2 отбасын икемдеп, 12 жанды қоғамдық жұмыспен қамтыпты.