№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылымдық жердің жайы қалай?

Жайылымдық жердің жайы қалай?

Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы көлемі 200 миллион гектардан асады. Оның басым көбі жайылымдық жерге тиесілі. 100 миллион гектарға жуық жер қолданыста болса, 30 миллион гектары деградацияға ұшыраған, яғни тозып, жарамсыз күйде. Мәселе онда емес, мәселе қарапайым шаруалардың мал жаюына арналған жайылымдық жерлердің азайып бара жатқандығында. Өйткені ауыл, кент маңындағы жерлер жекеге өткелі мал жаятын жер табылмай жатқаны жасырын емес. Енді сол жерлерді қалай қайтаруға болады? Біз осыны зерделеп көрген едік.

Шыны керек, қазір екінің бірі ата кәсіпті дөңгелетуге бой түзей бастады. Бірақ малды қораға қамап, бағу оңай шаруа емес. Оның жем-шөбі, ем-домы қалтаға әжептеуір салмақ түсіреді. Сондықтан елді мекендер пада ұйымдастыруға дағдыланып келеді. Өйтпесе ауыл іргесіндегі жерлердің көбі жеке меншікке өткен. Бұл жөнінде аудан әкімдігінде өткен қоғамдық кеңесте талқыланды. Зерделеу жұмысын осыдан бастайық. Күн тәртібіндегі қаралған негізгі мәселе жекеге өткен жайылымдық жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылуы. Бұл сауалға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Қарақожаев былай түсіндірді: "Қазір аудандық бюджет есебінен кент және округтің әкімшілік аумағы белгіленуде. 17 369,6 гектар ауылшаруашылығы жерлерін айналымға алу жоспарланып, конкурс өткізуге бюджеттен 3 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда жоспардың 95 проценті конкурс арқылы табысталды. Биыл 32 елді мекеннің шекарасы жол картасымен қайта белгіленді. Аудан бойынша 26 кент, ауылдық округ шекаралары мен халықтың ауылшаруашылығы жануарларын ұстау үшін елді мекен шегінде жайылымдық жерлер жыл соңына дейін белгіленеді. Бұл мәселе негізінде 1993 жылы қабылданып, жоба күйінде қалып қойған. Енді барлығы заң жүзінде болғаны дұрыс. Егер елді мекендер шекарасын шегендеп, картаға енгізетін болсақ, біздің құзырымға жекеге өткен жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтаруға құқымыз болады".
Сала басшысы жеке өткен жерлердің берілуіне кінәлі ауылдағы қауымдастық дегенді алға тартты. Яғни қауымдастық әкімдердің ығына жығылуының салдарынан елді мекен маңындағы жайылымдық жерлердің жекеге өтіп кеткен. Дегенмен аудандық қоғамдық кеңестің төраға Ақылбек Жәнібеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, аудан әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов, Төребай Искаков пен Алмас Нәлібаев құрамында бар қоғамдық кеңес осы мәселені тездетіп шешуді ұсынды.
Демек келесі жылдан бастап кіші шаруа қожалықтар мен қорасында азын-аулақ малы бар ағайын төрт-түлігін қора-жайда емес, дала төсінде емін-еркін жаюына мүмкіндік алады деген сөз. Айта кетерлігі, мұндай жоба тек Жаңақорғанда ғана іске асуда. Өйткені аймақтағы төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі екенін ескеру керек. Жалпы Жаңақорған – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Қазір 827 шаруа қожалық ата кәсіптен несібесін ажыратып отыр.
– Жұртшылық малына қажетті 1,2 млн гектар, белгіленген маусым жердің көлемі 1,3 млн гектар болса, елді мекен ішіндегі жайылым 1,4 мың гектарды құрайды. №172 бұйрыққа сәйкес аудан бойынша жайылым жоспары 2020-2021 жылдарға бекіту үшін заң талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, мәслихат сессиясына ұсынылады, – дейді Н.Қарақожаев.
Статистикалық деректерге сәйкес ел тұрғындарының 41,5 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Бұл ретте ұжымдасқан шаруашылықтарда шамамен 3,2 миллион бас мал болса, ал қосалқы шаруашылықтарда бұл көрсеткіш екі есе көп, яғни 6,7 миллион шамасында. Ал ауданда төрт түліктің саны да жыл сайын еселеп өсуде. Сондықтан өзге өңірлерге, тіпті шет елге экспорттау жұмысы жалғасуда. Бәрінен бұрын мал санының көбеюі ауылдық жерлерге қиындық туғызып жатқанын сала мамандары нақтылап берген еді. Ауыл әкімдерімен байланысып көрген болатынбыз. Барлығының айтар уәжі бір, ол – ауыл жұртының мал жаятын жері жоқ.
– Жекешелендіру кезінде, одан бертін келе ауыл маңындағы қаншама жер жекеге өтті. Ал мал басы болса жыл сайын артып, тұрғындар мал қайда жаятынын білмей, әбігерге түсті. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе, – деді Аққорған ауылдық округінің әкімі Садықов Сарадармұхамедәлі.
Иә, мал басының шамамен 80 проценті ауылдың айналасында жайылады. Тіпті қазір ауыл былай тұрсын, аудан орталығында да ірі қараның өріп жүргенін көресің. Ал оны пойыз немесе көлік қағатын болса, онда иесі үн қатпайды. Өйткені зардап шеккен адамның ем-домын мал иесі өтейді. Ал ұрланса, бірден полицияға хабардар етеді. Бірақ біз халықты кінәлі санап тұрғанымыз жоқ, тек қорадағы малына ие болса дейміз. Қалғанын әкімдік шешеді.
Бұл мәселе «Nur Otan» партиясында да өзекті мәселеге айналды. Партиялық бақылау комитеті мүшелерінен құралған жұмыс тобы отырысының қорытындысында, Ауыл шаруашылығы министрлігі және фракция депутаттарына жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мақсатында жерлерді бөлу, тарату және алып қою мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар пакетін әзірлеу ұсынылды. Онда жайылымда бір жыл бойы мал жайылмаса немесе мал жаюға рұқсат етілген жер 40 проценттен кем мөлшерде пайдаланылып отырған болса, жерді алып қою мүмкіндігі болады.
Жерге жауапты салада жерді мақсатты және мақсатсыз пайдаланып отырғандарды анықтайтын арнайы мониторингтік жұмыстар жүргізілуде. Ол – алдағы уақыттың еншісінде. Аталған мәселелерге қатысты «Тұртан ата» шаруақожалығының төрағасы Алшынбай Тұртанов ағамыздың өз айтары бар.
Алшынбай ағаның айтуынша, министрліктің бекіткен әрбір ірі қара малға шаққанда 15 гектар емес, 7 гектардың өзі қанағат екенін жеткізді.
– Негізі мал басын көбейту аса қиын шаруа емес. Мәселе, жайылымдық жердің тапшылығында. Тау беткейде жайылымдық жер қалмады. Енді мына Сыр беткейдегі құмға қарай ығысып, «Орман» шаруашылығының жерін жалға алып, мал жайып жүрміз. 10 жылға арендалық мақсатта береді. Алайда, ол жерге 10 жыл ішінде қора, қойшыға үй салуға, суат көзін жасауға, яғни, құдық қазуға болмайды. Сонда қаншама түлікті қалай игереміз, – дейді қожалық төрағасы Алшынбай Тұртанов.
Сондай-ақ шаруақожалық төрағасы жерді мақсатсыз пайдаланып отырғандарды анықтаудың негізінен 3 факторын атады. Бірінші, кез келген қожалықтың жері болуы шарт. Екінші, сол учаскеде салынған малшының үйі болуы тиіс. Үшіншіден, төрт түлігіне арналған қора-жайы. Төртіншіден, суат көзі, құдығы не жақын маңда өзен-көлден тартылған суландыру жүйесі болуы шарт. Осындай шағын инфрақұрылымдық жағдай жасамаған болса, ол жерді мақсатсыз пайдаланып отыр деген сөз.
Не десекте, аудан аграрлы аймақтың бірі болғандықтан жайылымдық жерге баса назар аударған абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдық жердің көлемін тағы 50 млн-ға дейін ұзартуды тапсырды. Сондықтан малшылар қауымы жиі мәселе етіп көтеріп жүрген Қызылқұм аумағын игеру онда суландыру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспейтіні айқын. Қалғаны уақыт еншісінде, біз түйген ой осы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

30 маусым 2020 ж. 920 0