№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әйел – қоғам тірегі

Әйел – қоғам тірегі

Қай дәуірді алып қарасақ та, ақ жаулықты анасыз бейқам өмірді елестету мүмкін емес. Ана – асыл жар, аяулы жан. Табиғатынан нәзік болмыс иесі болса да, олар игермеген кәсіп, олар алмаған қамал жоқ.Әлемнің бар жылуын бойына жиып, дөңгеленген дүниенің дүрмегіне дем беріп жүрген асыл аналардың қоғамдағы абырой-беделін «Әйел – қоғам тірегі» атты облыстық іскер әйелдер кездесуінде сезіндік.


Аудан әкімдігінде белсенді әйелдер бас қосып, облыстық форумды тікелей эфирде тамашалады. Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігі күні қарсаңында еліміздің, Сыр өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді, іскер әйел-аналармен, қыз-келіншектермен онлайн форматта өрбіген кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар белсенді кәсіпкер әйел­дердің белсенділігін үлгі етті.
– Нұрсұлтан Әбішұлы әйел қауымы туралы айтқанда, «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды» деп баға бергені есімде. Бүгінде аналар тек қана отбасы ұйытқысы ғана емес, Тәуелсіз еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Олар қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салада табысты еңбек етуде. Аналар игермеген кәсіп жоқ. Қандай салада болмасын, абыройлы да адал еңбегімен ерекшеленуде. Көпке үлгілі кәсіп иелерін осы кездесуде таныстырып, кәсіпкерлік сырымен бөліссем деген ойым бар, – деді облыс әкімі.
Іс-шарада республикалық Іскер әйелдер Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева сөз алып: «Қазақта «әйел риза болса, әлем риза» деген сөз бар. Әрине, нарық заманы әйелдің түрлі саланы меңгеруіне ықпал етті. Үлесіміз де артып келеді. Десе де қай қоғам болмасын әйел көшеге шығып, мұң-мұқтажын айтқан емес. Осындай келеңсіз жағдайлар неге шығады? Себебі мен салдарына үңіліп, жабырқау аналарға жәрдем беріп, қоғамдық тәрбиені қолға алу керек-ақ. Қазіргі таңда балалар жәрдемақысына қоса кәсіп бастауға ниетті адамдарға қаржылай қолдау бар. Осындай мүмкіндікті аналар арасында насихаттап, кәсіптік білімін арттыру маңызды, – деді.
Тікелей байланысқа шыққан Маңғыстау об­лы­­сының кәсіпкері Юлия Халиева сауын ешкі асырап, сүт сатып, пайдаға кенелуге болатынын айтты. Кәсібін қос ешкіден бастап, 13 бас ешкіге жеткізген. Сүттің литрін 1000 теңгеге бағалап, күніне 15-20 мың табатынын айтты. Ақмола облысының кәсіпкері Раушан Қожанова 46 жылқыны 700 басқа дейін көбейтіп, қымыз өндірісін қолға алған. Бүгінде қаймақ, балмұздақ, ірімшік, қымыз өндіруші кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ал, Жанар Маханова тойханасын ойын алаңқайына айналдырып, табыс табуда. Асханасынан наубайхана ашып, түрлі нан өнімдерін нарыққа шығаруда.
Қысқасы, әйелдердің қоғамда айшықты өз орны бар. Тіпті көп салада олардың үлес салмағы байқалады. Мәселен, бюджеттік саланың 60 пайызы, аймақтағы 54157 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 22 мыңдайы әйелдердің иелігінде. Облыста 812 мыңнан астам тұрғын болса, оның 405 мыңға жуығы әйелдер. Экономикалық белсенді халықтың үлесі 452 мыңнан асады, оның ішінде 217 мыңнан астамы аналар.
Ал, аудан бойынша 4 мыңның үстінде кәсіп­керлік субьектісі тіркелсе, оның 30 процентін бұрымдылардың бизнесі құрайды. Жергілікті әйел кәсіпкерлердің бейім кәсібі, ол – сұлулық салоны, найбайхана, тігін ісі, сауда-саттық, жекеменшік балабақша, стоматология сынды салалар.
Соңғы жылдары жеке балабақша санының артуы әйел кәсіпкерлердің көбейгенін айғақтайды. Дегенмен, ауданда алғаш кәсіпкерлікті қолға алған нәзік жандылар қатарында: «Баян сұлу» тіс емханасының басшысы Баян Божбанбаева, наубайхана ісінің көшбасшысы Ғалия Тұрабаева, «Май зауыты» ЖШС төрайымы Гүлнар Мансурова, «Өтеміс»» ЖШС директоры Сара Хусейнова, «Нұр-әділ» сауда орталығының бас­шысы Аманкүл Сауранбаева, «Марат» шаруа қожа­лығының төрайымы Рәйлаш Сәруарова, «Сәдуова» қожалығының басшысы Қалмаш Сәдуова, «Жан» шаруа қожалығының төрайымы Жұмакүл Әжібекова, Бибайша Ділімбетовалардың есімін айрықша атау орынды. Оған қоса, жеке кәсіпкерлер Әлима Әбілқасымова, Айымтай Әжібекова, Сайлаукүл Есенбекованы да осы қатарға қосуға болады. Осындай әпкелерінің ізінен ерген жаңа толқын кәсіпкерлердің қата­рында Сүттіқұдық ауылында спорт кешенін пайдалануға берген Гүлжайна Рысбаева, «Арон» кафесінің иесі Айдана Қуатбекова және Бағдат Балғабаева сынды кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар көпке үлгі.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласында да өз ісінің білікті мамандары жетерлік.
Форум соңында аудан әкімі Руслан Рүстемов ардақты аналарға деген ыстық ықыласын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді. Марапат мінберінде кәсіпкер Баян Божбанбаеваға облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Елге елеулі аналар қатарында Әсем Тілеу­бергенова, Рысжан Төлепбергенова, Әзия Қыс­тау­баева, Роза Исаевалар қыздар тәрбиесі, ана өнегесі жайында сөз қозғады.
Мақпал МАРҚАБАЙ
13 желтоқсан 2020 ж. 1 079 0