№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыр өңіріндегі төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі

Сыр өңіріндегі төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі

  Сыр өңіріндегі төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Есесіне мал ұрлығы да өршіп тұр. Биылдан бастап заң жүйесіне өзгерістер еніп, енді, қылмыс жасағандарға кешірім болмайды. 3000 айлық есептік көрсеткіш (7 млн теңге) төлейді немесе бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Яғни барымташылар жазасыз қалмайды, осыған дейін медиациямен мәселені шешкендер, енді темір торға тоғытылатын болады. Мал ұрлығын алдын алудың ең тиімді жолы, паданы ұйымдастыру. Бірақ аудандағы 26 кент және ауылдық округ бойынша 11 елді мекенінің мүйізді қарасын өрісте бақылау жолға қойылған Біз падасы бар ауылдар мен падасы жоқ елді мекендердің тыныс-тіршілігін таразылап көрген едік.

Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке тәуел­ді болған халқымыздың амандық сұра­суды мал-жаннан бастайтыны да сондықтан. Бүгінде жұртшылық төрт түліктің қажеттілігін толық сезініп, мал шаруашылығына көңіл бөле бастады. Мемлекетті ет, сүт өнімдерімен қамта­масыз ету бағытындағы бағдарламалар арқылы шаруасын ширатып отырғандар бар. Төрт түлік жесең – тамақ, кисең – киім, сатсаң – пұл, мінсең – көлік. Қысқасы, бүгінде қолда малың болса мұқтаждық көрмейсің, тұрмыстық қажеттілігіңді өтеп тұр. Мал асырап, оны көбейту үшін аз тер төгілмейді, тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Алайда маңдай теріңді төге жүріп, бейнетпен тапқан сол малыңды айдың күннің аманында ұры айдап кетсе қандай күйге түсесіз?
Дәл қазіргі ахуал елдің еңсесін түсірді, карантин жарияланып, азық-түлік бағасы құбылып тұр. Осындайда ұры-қарылар да қармап қалуға тырысады. Базар бағасына шектеу болмай тұрғанда, барымташылар да бұғып қалмайтыны рас. Бірақ падасы бар ауылдардың ахуалы тыныш, өкініштісі, ұрылардың кейбірі малды жайылымнан емес, қора-жайдан алып кетеді. Не десек те, паданың пайдасы көп дейді ауылдағы ағайын.
Бір ғана мысал, былтыр Сунақата ауылдық округі пада мәселесін шешкен болатын. Ауылдағы ағайын жиналып, падашы жалдап, ірі қара малын бақтырады. Қазір ауылда мал ұрлығы азайған, тұрғындар мәселесін осылай шешті.
– Әр тұрғын падашыға 800 теңге төлейді. Шыны керек, паданың арқа­сында қазір ауылдағы ахуал тұрақталды. Осы үрдістің жалғасқаны жақсы, мүм­кіндік болса уақ малдың да падасын ұйымдастыруға мән береміз, – деді ауыл әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаев кезекті бір жиында.
Кейде тұрғындар жоғалған мал­дарының табылмауына ренжулі екенін жиі айтады. Әсіресе ауыл әкімдерінің есеп беру кездесуінде осы мәселе көп көтеріледі. Төменарық аймағы мен Сыр беткейдегі ауылдағы ағайын қылмыстың ашылмауына назын жеткізіп жатады. Құқық қорғау қызметкерлерінің де айтар уәжі бар. Олар мал ұрлығын әшкерелеуге кедергі себептерге ең алдымен жайылымдағы қараусыз жүрген малдардың жоғалуы қиындық туғызатынын жеткізді. Себебі жоғалған мал туралы иелері кеш арызданады. Дер кезінде хабарламағаннан кейін із кезу қиындай түседі. Малды жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз не жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру деректері көп (ветеринарлық төлқұжат қатаң есепті құжатқа жатпайды) кездеседі.
– Қазір аудан көлеміндегі 11 ауылда пада мәселесі шешіліп, мал ұрлығы тыйылды. Тәртіп қатал, мәселен «мал ұрлығы» атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қылмыс үшін жүктелетін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 5 жылға дейін жеткізілді, қылмыскердің мүлкі міндетті түрде тәркілеп алынатын болды. Осы бапта мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын жүктеу қарастырылған. Осылайша, мал ұрлығы енді ауыр қылмыс түріне жататын болады, – деді аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Асыл Төребеков.
Аудандағы ветеринария қызмет­керлері төрт түлік төлдегеннен кейін ол міндетті түрде 12 күн ішінде сырғаланып, құжаты дайындалуы керек дейді. Яғни, бірдейлендіру жұмысын жасау міндетті. Оның ішінде құлын ғана төрт айдан кейін таңбаланады. Екінші, сатып алу мәселесіне де үлкен мән берген жөн. Сатып алынған малдың құжаты түгел болуы керек, ал, біздің базаға тіркелу үшін ол тіркеуде тұрған жерінен шығарылуы тиіс. Көбісі осыған мән бермейді, сосын мал жоғалып, оны табу қиынға соғатыны рас.
Көршілес Өзбекстанда қайталап ұрлық жасау осы елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес, 169-баппен ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жалпы Заң талаптары түсінікті болды, бірақ жайылымдық жері жоқ ауылдардың жағдайы не болмақ. Былтыр мал ұрлығы бойынша ауданда алдыңғы қатарлы ауылдың бірі Кейденде көп тіркелді. Енді қараңыз, бұл ауылдың жайылымдық жері Бөртескенде, яғни Төменарық ауылдық округіне жақын маңда. Екі ауылдың арасында Жаңақорған кенті бар, падашы ол үшін кентті кесіп өтуі тиіс, бірақ күнделікті осылай жасау оңай шаруа емес.
– Ұрланған төрт-түліктің бәрі біздің ауылдың малы емес, кенттегі Жаңаауыл мен Қорғантоғайдың да үлесі бар. Падаға келетін болсақ, бұрындары қыр беткейдегі жерлерге Кейден тұрғындарының малы жайылатын еді. Қазір бұл жерлер жекенің қолында. Ал теміржол айналасына мал жаюға болмайды. Сыр беткей тоғай, қара мал онда жайыла қоймайды. Әкімдік қыр беткейдегі 2 мың гектарға жуық жерді ұсынды, бірақ бізге тартуға тура келді. Өйткені соры шыққан жерден мал не тауып жейді. Сондықтан бізге ауыл маңынан жайылымдық жер берілсе, ол кезде міндетті түрде пада ұйымдастыратын боламыз, – деді ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
 Әкімнің айтқаны орынды, шынын айту керек, қазір шөбі шүйгін, жайылымдық жерлер ірі-ірі кәсіпкерлердің меншігінде. Осыдан он, жиырма жыл бұрын иеленіп қойған ауданның мен-мен деген азаматтары өзгенің малын мүлде маңына жолатпайды. Сондықтан пада ұйымдастыру керек деп дабыл қаға берудің қажеті де жоқ секілді, алдымен жер мәселесін шешіп алайық. Бұл жөнінде алдағы уақытта арнайы мақала жазылады. Қазір зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, қазіргі сәтте әр тұрғын төрт-түлігіне ие болмаса, ұры-қарылар қарап қалмайтыны түсінікті. Алайда падасы бар ауылдар уайым-қайғысыз отырады деген де сөз емес. Сондықтан темірдей тәртіп босаңсып кетпей, ұры ұсталып, жазасын алмаса, қоғамдағы қылмыс тыйылмайды. 

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 наурыз 2020 ж. 676 0