№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Кафеге аптасына 20 қой өткізетін жас кәсіпкер

Кафеге аптасына 20 қой өткізетін жас кәсіпкер


«Жастар жылында» жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің жолын тапқан ауылдың біріне Бесарық ауылдық округін жатқызуға болады. 3500-ге жуық тұрғыны бар тау етегіндегі елді мекендегі жастар саны – 773. Сан саланың тізгінін ұстаған жастардың ішінде кәсіпкерлікке бет бұрғандар қатары көбейіп келеді. Басым көбі ауыл шаруашылығы саласына дем беруде. Сондай жастың қатарында Ғабиден Әибешов те бар.
Жас кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын шаруасы тұралап қалған ата кәсіпті қолға алды. 700 гектардай жайылымдық жер алып, төрт түлікті түлетіп отырған Ғабиденнің тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы бардық. Ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі маманы Алтынбек Асқаров жол бастады.


– Жастар биыл кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жасауда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау-Бизнес» оқу бағдарламасын оқып, қайтарымсыз қаржы алған жастардың қатары көбейді. Мәселен биыл 21 жас жобасын қорғаса, соның 10-ы грант иегері атанды. Қалғаны жыл соңына дейін кәсібін іске қосады, – деді жауапты маман.
Ауыл жастары белсенді. Осындай жүйелі бағыттың басы-қасында жүрген Алтынбектің де еңбегінің еселі екенін айта кету керек. Спорт саласында да серпін бар. Баскетболдың мектебі қалыптасқан. Ұлттық спорт – көкпарға да мән берген жастар көп. Мәселен, Нұрлыбек Асқаров жастар арасында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген шабандоз.
Біз бағыт алған жас кәсіпкер Ғабиден екі отбасын жұмыспен қамтып отыр. Яғни жылқы мен уақ малға қарайтын қос отбасы жас кәсіпкердің шаруасына қолғабыс болуда.
– 2017 жылы әкемнен қалған мал шаруашылығын дамыту үшін тәуекелге бел байладым. Әкем 1993 жылы кәсіп бастап, 2000 жылдары мал шаруашылығын қолға алған болатын. Алайда шаруа тұралап қалды, араға бірнеше жыл салып 6 проценттік несиемен 10 миллион теңге қаржы алдым. Кәсібімді кеңейту үшін мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияға да қол жеткіздім. Негізгі бағыт – уақ мал бордақылау, десе де ірі қара мен жылқыны да көбейтуді де қолға алдым. Қора-жай салдым, күн сәулесінен қуат алатын арнайы құрылғылар алып, жылжымалы вагондар алып келдім, – деп әңгімесін бастады ол.
– Уақ малға сұраныс жоғары ма?
– Әрине, көбіне көрші Түркістан, Шымкент шаһарларына өткіземін. Тіпті батыс өңір, оның ішінде Ақтаудан сұраныс жиі түседі. Ауылға кіре берісте «Айнұр» деген мейрамханамыз бар. Жол бойындағы қызмет көрсету орталықтары жобасына енген кафеге аптасына 10-15 қой сойып беремін. Сондықтан қой етіне сұраныс қазіргі таңда өте жоғары. Бұйыртса шет елдерге экспорттау да ойда бар, – деді.
Алайда жергілікті билік тарапынан бөлініп жатқан гранттарға қол жеткізе алмай жүргенін білдік.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Шыны керек шаруа алға жылжуда. Ендігі мақсат құс шаруашылығын дамытуды қолға алсам деген ой бар. Оның ішінде үндік пен қазды көбейтуді іске асыру жоспарын жасадым. Өйткені, үндіктің шығымы аз, нарықтағы құны қымбат, сұраныс та жоғары. Шыны керек, біздегі ең өзекті мәселе ауыз су мен жылу. Ауыз судың жайы қиын. Кейде су болмай қалады. Осы мәселе бізді алаңдатады. Сөздің ашығы, жұмыс жасаймын деген жастарға қазір жұмыс көп. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында мүмкіндік табылады, – деді Ғабиден Маратұлы.
Иә, қазір әсіресе кәсіппен айналысамын деген ынталы жастарға мүмкіндік аз емес. Тек ниет, сосын тәуекелшіл болу керек. Сондықтан «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайтын» заманда іске кіріскен абзал дейді кейіпкеріміз. Себебі, қазір бәсекеге қабілетті болғандар ғана дамудың жолына түседі.
Отбасында үйдің үлкені Ғабиден іні-қарындастарына қамқор аға, әрі өзінің көтерген шаңырағына тірек.
Қорыта айтқанда, біз бір күндік сапарда бесарықтық жастардың тыныс-тіршілігін, Ғабиденнің тәуекелшіл кәсібін көзбен көріп қайттық. Шынында «еңбектің наны тәтті» демекші күн-түн демей төрт-түлік басын көбейту, бордақылау бағытында еңбек етіп жүрген жас кәсіпкердің ісі көпке үлгі.

Әли ТЕМІРБЕК
26 қазан 2019 ж. 1 760 0