№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Заңнамаға енгізілген өзгерістердің тиімділігі

Заңнамаға енгізілген өзгерістердің тиімділігі


Қазіргі қоғамда көлік құралын тізгіндеуге тілек білдірушілер саны артып, қала, кент көшелерінде қозғалыстың күрт көбейгені белгілі. Көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізушілік куәлікті арнайы автомектептерден дәріс алып, Жол жүрісі Қағидаларының талаптары бойынша емтихан тапсырғаннан кейін алады. Осы Қағиданың талабына сәйкес жүргізушіге көлік құралын алкогольді, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде жүргізуге тыйым салынады.
Мұны Жол жүрісі Қағидасын оқыған әрбір жүргізуші біледі. Алайда осы талаптарды ескермей,алкоголь өнімін немесе есірткі құралын тұтынып, масаң күйде көлік басқаратын "көзсіз батырлар" да кездеседі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігінде жүргізушінің көлік құралын алкогольді,есірткілік,уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін жауаптылық көзделген. 2020 жылдың 11 қаңтарына дейін аталған құқық бұзушылық үшін үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылып келді. Дегенмен масаң күйде көлік басқаратындар санының азаймай, жүргізушілердің масаң күйде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі заңға өзгерістер енгізуді туындатты. Осы орайда Мемлекет басшысы жүргізушілердің жауаптылығын күшейту, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылғы 27 желтоқсанда кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Оның қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 608-бабына енгізілген өзгерістерді атауға болады.
Осы өзгеріске сәйкес көлік құралын масаң күйде басқарған тұлғалардың жауаптылығы күшейтілді. Бұрын осындай әрекеті үшін жүргізушілерге тек үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылса,қазіргі өзгерістерге сәйкес көлікті масаң күйде басқарғандар он бес тәулік әкімшілік қамаққа алынып ғана қоймай, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылады. Тиісінше заңға енгізілген өзгерістер, жүргізушілердің жауаптылығын арттырып, бұл санаттағы әкімшілік істердің саны азайғаны байқалады. Өткен жылдың 5 айында Жаңақорған аудандық сотында көлік құралдарын масаң күйде басқарған 45 адамға үш жыл мерзімге көлік құралын басқару түріндегі жаза қолданылса, ағымдағы жылдың бес айында олардың саны екі есеге азайғаны анықталды.
Жыл басынан бері көлікті масаң күйде тізгіндеген 23 жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Бұл көрсеткіш заңнамаға енгізілген өзгерістердің тиімділігін, жүргізушілердің жауапкершілігінің артқанын байқатады. Мұнан өзге Қылмыстық Кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам қайталап масаң күйде көлік басқарған жағдайда ол көлік қүралын басқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін екендігі белгіленді. Алғаш рет заңнамаға көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза енгізілді.
Бұл көлікті масаң күйде тізгіндеуге бейім адамдардың жолын кесіп, азаматтардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара болып табылады. Дегенмен әрбір жүргізуші көлік құралын тізгіндеуде жауаптылық танытып, өзінің ғана емес, жол жүрісіне басқа да қатысушылардың өміріне,денсаулығына, мүлкіне зиян келтірмейтіндей басқаруды басты міндеті деп білуі тиіс.

Алия ТУБЕКБАЕВА,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы
29 мамыр 2020 ж. 752 0