№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Коммуналдық төлем: қарыздар қашан өтеледі?

Коммуналдық төлем: қарыздар қашан өтеледі?


Биыл коммуналдық қызметтер, оның ішнінде электр жарығының өтемақысы қымбаттады. Бұған дейін де қордаланған жаңақорғандықтардың жарыққа берешегі азаймай тұр. Көгілдір отын мәселесіне де кент тұрғындары мен кейбір мекемелер төлемге салғырт қарауда. Яғни, көгілдір отынды игілігіне пайдаланғандар тиісті қаражатын төлемей отыр. Оның ішінде бай-бағландар да, әлеуметтік деңгейі төмен отбасылар да бар. Тіпті кейбір мемлекеттік мекемелер де қарызға белшесінен батқан. Мән-жайға қанық болу үшін сараптама жасап көрген болатынбыз.


Алдымен, ауыз суға тоқталайық. «Судың да сұрауы бар» демекші, аудан тұрғындарының ауыз суға қарызы жоқ екен. «Арал» СЖКБД филиалы осындай ақпар берді. Тек «Шалқия Цинк ЛТД» мекемесінің аздаған берешегі барын айтты.
2019 жылдың 21 тамызына дейінгі кент тұрғындарының көгілдір отынға қарызы 26 миллион теңгеге жуықтаса, қарыз көлемі 2020 жылдың 21 ақпанына дейін 28 миллионнан асып жығылды. 26 миллион қарызды құраған тұтынушылар саны бес ай бұрын 2838-ге жетсе, бүгінде берешек тұтынушы саны 1895-ті көрсетіп тұр. Тұтынушылар саны азайғанымен, қарыздың саны артып келеді.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңақорған аудандық газ шаруашылығы филиалының мәліметіне сүйенсек, бүгінде кент орталығында 4798 абонент бар. Қарызы бар тұтынушылармен тікелей жұмыс жасайтын «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС Жаңақорған аудандық абоненттік бөлімде қалыптасып отырған ахуал тұрғындардың төлем мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Тәртіп бойынша әр айдың 25-не тұтынушы мекемеге келіп, есептесіп тұруы қажет, сол кезде ешқандай мәселе де болмайды, ешкімді сотқа сүйреудің орын алмайтынын айтып ескертумен келеді.
– Қазіргі таңда 4798 тұтынушының осы айдың 25-не дейінгі берешегі 71 234 191 теңге. Егер төлемді ай соңына дейін төлемегендер болса онда газ жүйесінен ажыратылады. Былтыр мұндай жағдай өте көп орын алған. Қайта қостыру үшін қосымша айыппұл төлеуге тура келеді. Яғни 6825 теңге қосымша тағы шығындалады. Жалпы берешек тұрғынға алдымен ескерту беріледі. Бір айдан кейін газ жүйесінен ажыратылады. Төлем төлемеген тұтынушыдан қарызды заң жолымен өндіру үшін сотқа қағаз жолданады. Көбіне тұтынушы ескерту, өшіру, сотқа дейінгі талап-арызға қол қоймай бас тартады. Ондай кезде комиссия құрамындағы екі бақылаушы мен менеджердің куәлігі жеткілікті. Кейде тексеруге барғанға бөгет болып, шу шығаратын тұрғындар болады. Мұндай жағдайда да комиссия құрамындағы үш адамның кепіл болуымен ақысын төлемегендер газ көзінен ажыратылады, – дейді жауапты сала мамандары.
Негізі қарызы барлармен арнайы жұмыс жасайтын контролер бар. Олар алғашқыда үй егесіне түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хат тастайды. Егер межелі мерзімде төлем өтелмесе, көгілдір отын жүйесінен ағытылады. Айта кетейік, төлем ақысын төлемегендерге арнайы заң талаптары бар. «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» жауапты ведомствоның «Газ және газбен жабдықтау» бұйырығында Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9-қаңтардағы Заңының 6-бабы, 14-тармақшасында басшылыққа алынған.
Аталмыш Қағиданың 62-бабында газ беруді қалай тотату керектігі жазылған.
Шынын айту керек, берешегі бар кейбір тұрғындардың қарызын толық өтеуге қауқары аз. Сондықтан тұрғындарға да кінә арта беруге болмайды. Бірақ қарыздың аты қарыз, пайдаланғаннан кейін оны төлеу парыз. Кейбір кәсібі дөңгелеп тұрған қалталылардың уақытылы төлеуге мойны жар бермеу салдарынан қарыз көлемі еселеп артып отыр. Ал берешек мекемелер туралы ақпарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Әр бақылаушыға көше кезіп, ең кемі 500-1000 абоненттің үйін аралап шығу оңай шаруа емес. Сол себепті әрбір тұрғын игілігін көріп отырған қызмет түрімен уақытылы есептесу міндет.
Тұрғындар электр энер­гиясына қанша қарыз?
Биыл жарыққа төлейтін өтемақы құны 4 процентке қымбаттады. 1 қаңтардан бастап жаңақорғандықтар 1 кВт электр энергиясы үшін 17 теңге 25 тиын төлейді. Баға өткен жылмен салыстырғанда 45 тиынға қымбаттаған. Халықты электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған «Шиелі Жарығы» ЖШС аудандық филиалы тұрғындардың электр қуатына қарызы көбейген. Бірақ жік-жікке бөліп зерделеуге мекеме тарапынан мәліметті ақпан айының соңында аламыз. Сол кезде жеке тұрғындар, кәсіпкерлік нысандар мен ауылдардың берешегін көрсетеміз. Бұл жерде де кінәнің бәрін халыққа артып қоюға болмайды. Жалпы жыл өткен сайын қарыздың көлемі ұлғайып, жұртшылыққа көрсетіліп отырған коммуналдық қызметтердің ақысы өтелмей отырғанындықтан кәсіпорын мекемелері тұрғындардан салғырттық танытпауды сұрауда.
Айтпақшы, тазалыққа қатысты тағы бір ақпар. Бұдан былай айына жан басына 65 теңгеден төлейтін тұрғындар қаржыны қолма-қол емес, электронды төлейді. Сондықтан аудан тұрғындарына айтарымыз, кінәні алдымен өзімізден іздейік. Қарызды уақытылы төлеп тұрсақ, қалғаны құзырлы мекемелердің құзырында. Әрбіріміз заң тәртібін қатаң ұстап, жауапкершілік танытайық.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 ақпан 2020 ж. 754 0