№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТҰРҒЫНДАР ГАЗҒА 33 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

ТҰРҒЫНДАР ГАЗҒА 33 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ


Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың саяси шешімінің арқасында Жаңақорған кентіне көгілдір отын келген-тұғын. Басында сүйіншілеп, қуандық. Жанталаса үй-үйге газды кіргіздік. Дегенмен, газдандыру жұмысы бәсендеп қалды. Оны қойшы, үйіне газ кіргізу әркімнің өз шаруасы ғой. Газға қарыздың көлемі артты. Нақтысын айтсақ, 33 млн.теңгені құрайды.
Елдің қай өңірін алсаңыз да газға қарыз басты мәселеге айналған. Жыл басында Орал өңірінің қарызы 1 млрд. теңгеге жуықтаса, Сыр өңірінде де өзекті мәселе. Осыдан бір ай бұрынғы мәліметке сүйенсек, қызылордалықтардың қарызы 750 млн. асыпты. Мұның ішінде біздің ауданның қарызы 33 млн. 330 812  теңгені құрайды. Мұны аудан тұрғындарының жалпы коммуналдық төлемдерге берешегін зерттеу барысында білдік.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жаңақорған газ шаруашылығы бөлімінің басшысы кезекті еңбек демалысында болғандықтан, «РЦКУ» ЖШС аудандық менеджері Роза Спатаевадан мән-жайды білдік.
– Шыны керек, пайдаланылған көгілдір отынның қарызы күннен-күнге көбеймесе, азаймайтын секілді. Сондықтан, біздің тараптан алдымен ескерту беріліп, соңынан өшіріп кетеміз. Сотқа дейін жеткізбеу мақсатында үй иелеріне түсіндірме жұмысын жүргізіп, мүмкіндігінше берешегінен құтылудың жолын қарастырудамыз. Қысқы отынның қарызын сәуір айына дейін төлеу керек болса, қарыз әлі күнге дейін өтелмеуде, – дейді жауапты маман.
Оның сөзінше, шілде айына дейін 2605 тұтынушы қарыз екенін зерделеп білген. Рейдттік шаралардың нәтижесінде бүгінде 339 отбасы газды жағу құқынан айырылыпты. Яғни, қарызын төлемейтіндер газдан ажыратылады, мекеменің басқа амалы жоқ.
Ал, қайта қостырғысы келсе, қосымша айыппұл төлейді. Жазғы тарифі –2883 теңге, қыста – 6825 теңге. Яғни, қосымша тағы шығынданады. Бір айта кетерлігі, берешегі барлардың қатарында бай-бағландар мен жағдайы жақсы отбасылар да кездеседі. Бұл қауесет емес, нақты дерек.
– Біздің мақсат ажыратып тастау емес, дегенмен, пайдаланған газды уақытылы төлесе болды. Ешкім де сізден артық дүниені талап етіп жатқан жоқ, – дейді менеджер.
Шілде айына дейін 4088 абонент газбен қамтылса, бүгінгі күнге олардың саны 4110-ға жетіпті. Кенттегі үйлердің саны 5500 жуықтайтынын ескерсек, газ құбырын пайдаланушылардың саны 80 пайызға жуықтағаны анық. Өтінім берушілер де күн санап арта түсуде. Қазір газ құбырын кіргізушілерге үстемесіз бөліп төлеу де қарастырылған. Яғни, 10 айға бөліп төлеуге болады екен.
– ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өңірдегі өндірістік филиалдарының тұтынушылары үшін шілде айының бірінен бастап газ қымбаттады. Яғни, НДС қоса алғанда баға 21 теңге 19 тиынға өсті, – деді менеджер.
Ендеше, қарызы барлар қысқа дейін қамдану керек. Айта кетерлігі, өрт қауіпсіздігі алдын алу бойынша облыс аумағындағы үй жылытқыштарын қарап тергеп-тексеру мақсатында аймақ бойынша аттестатталған мекемелердің бірі «Алау Газ-Аймақ» ЖШС қызмет етеді.
Ендігі кезекте түйінді мәселелерге тоқталсақ. Мекеме қызметкерлерінің айтар уәжі бар. Түсіндірме жұмыстары кезінде көшелердің атауы болмауы қызметкерлерге қиындық туғызуда. Екіншіден, тұрғындар монтаждау жұмыстарын жүргізгеннің өзінде газды қосқан мекемелерден зиян шегуде. Сондықтан жекелеген серіктестіктердің қызметіне жүгінгенде тұрғындар абай болуға тиіс.
Мәселен, кент тұрғыны Асылбек Әбсаттарұлы 2017 жылдың қараша айында көгілдір отынды кіргізіп, қуанады. Бірақ, қуанышы көпке созылмай, араға бірнеше ай өткенде 113 000 айыппұлың бар деген қағаз келеді. Тіпті, ескерту қағазынан кейін сотқа шақырту қағазы да келіпті.
– Былтыр қараша айында газға қосылдық. Дегенмен, сотқа шақырту келгенде жағамды ұстадым. Шындығына келетін болсақ, заңды түрде құрғызған газдың төл-құжатын әлі күнге дейін ала алмай келемін. Сегіз ай өтті әуре сарсаңға түскеніме, құжат әлі күнге дейін қолыма тимеді. Маған барлық уәдені үйіп-төгіп, өзім жауап беремін деген монтаж жасаған ауылдың азаматы. Сонда маған сот бар да, оған сот жоқ па? – деп қынжылады кент тұрғыны. Бұл бір ғана мысал. Мұндай алаяқтарға алданып, соңы сотқа жүгінгендер Жаңақорғанда қаншама. Бір айтарымыз, барынша сақ болған абзалырақ.
Түйіндей айтқанда, біз бүгін ортаға салған екі мәселе де өзекті. Сондықтан, тиімділігін көріп келе жатқан көгілдір отынның қарызынан құтылайық, ағайын.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
28 шілде 2018 ж. 805 0