№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғандықтар көгілдір отынға 26 миллион теңге берешек

Жаңақорғандықтар көгілдір отынға 26 миллион теңге берешек


2019 жылдың 21 тамызына дейінгі жаңақорғандықтардың коммуналдық төлемге, яғни көгілдір отынға қарызы 26 миллион теңгеге жуықтаған. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдағы көрінбейтін мәселенің бірі – қарыз. Коммуналдық қарызды төлеуге кейбірінің шынымен жағдайы болмаса, енді бірі бар һәм бай бола тұра, сараңдық танытады. Мұны біз тұтынушылардың жалпы коммуналдық төлемдерге берешегін зерттеу барысында білдік.


Игілігіне коммуналдық қызмет түрлерін пайдаланып, кейін төлеміне келгенде салғырттық танытатын тұрғындардың басым бөлігі – көгілдір отынға қарыз. Бірнеше жыл бұрын «газ келді, жаз келді» деп бөркін аспанға лақтырған ағайын бүгінде сол жаққан газының төлемін өтеуге келгенде түрлі сылтау айтып, кейінге қалдырады. 25 миллион 888 теңге. Бұл 2838 тұтынушының көгілдір отынға берешек ақшасы. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңақорған аудандық газ шаруашылығы филиалының мәліметіне сүйенсек, бүгінде кент орталығында 4776 абонент бар. Қарызы бар тұтынушылармен тікелей жұмыс жасайтын «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС Жаңақорған аудандық абоненттік бөлімінің менеджері Роза Спатаеваның айтуынша, мұның бәрі тұрғындардың төлем мәдениетінің қалыптаспағанының кесірі. Төлем тәртібіне сай, әр айдың 25-не тұтынушы мекемеге келіп, есептесіп тұрса болғаны. Ол кезде ешқандай күштеудің не сотқа сүйреудің қажеті де болмайды.
– Қазіргі таңда 4776 тұтынушының 477-сі қарызына байланысты газ жүйесінен ажыратылған. Қайта қостырғысы келсе, қосымша айыппұл төлейді. Яғни 6825 теңге қосымша тағы шығындалады. Ал 50 мың теңгеден жоғары қарызы бар тұтынушының саны – 112. Бұл 11 миллион 983 теңгені құрайды. Жалпы берешек тұрғынға бірінші айда ескерту береміз. Келесі айда газ жүйесінен ажыратамыз. Төлемеген тұтынушыны сот арқылы өндіру үшін сотқа қағаз жолданады. Көбіне тұтынушы ескерту, өшіру, сотқа дейінгі талап-арызға қол қоймай бас тартады. Ондай кезде комиссия құрамындағы екі бақылаушы мен менеджер қол қойып, сотқа жолдай береміз. Кейде үйіне кіргізбей шу шығаратын тұрғындар болады. Мұндай жағдайда да комиссия құрамындағы 3 адаммен газ жүйесін өшіріп кетеміз, – дейді Роза Спатаева.
Негізі қарызы барлармен арнайы жұмыс жасайтын контролер бар екен. Олар алғашқыда үй егесіне түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хат тастайды. Уақыт береді. Егер межелі мерзімде төлем өтелмесе, көгілдір отын жүйесінен ағытылады.
Сондай-ақ менеджер Роза Қалилақызы «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» жауапты ведомствоның бұйрығымен таныстырды. Бұл бұйрық «Газ және газбен жабдықтау» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9-қаңтардағы Заңының 6-бабы, 14-тармақшасына сәйкес шығарылған. Аталмыш Қағиданың 62-бабында жеткізуші тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып, газ беруді мынадай жағдайда тоқтатады. Бірінші, тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес берілген тауарлық және сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешегі болған жағдайда. Екіншіден, газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдерін газ құбырларына, газ жабдығы мен есепке алу аспаптарына жібермеу. Оған қоса, 63-қағидасына сәйкес, газ беруді қайта бастау осы қағидалардың 60 және 62-тармақтарында аталған газ жеткізуді тоқтатуды тудырған себептерді тұтынушы жойғаннан кейін, және газды бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес тұрақсыздық төлемінің берешегі өтелген соң жүргізіледі.
Ал жоспарлы қосатын күн туралы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы тұтынушыны газ беруді қайта бастау туралы шешім қабылданған күні хабардар етеді. Тұтынушы ажырату себебі жойылғаннан кейін газды беруді қайта бастаудың шекті мерзімі бес жұмыс күнінен аспайды.
26 миллион теңге. Бағамдап қарасақ, аз қаржы емес. Әрине кінәнің бәрін халыққа артып қоюға да болмайды. Қолында болса, кім мойнына қарыз артқанды тәуір көреді дейсіз? «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, кейде әлеуметтік деңгейдің төмендігі мен жұмыссыздықтың салдары қолды байлайтыны жасырын емес. Айналып келгенде нарық заманының талабына бағынбай өмір сүру де қиын. Дейтұрғанмен «үйдегі есепті, базардағы нарық бұзар» демекші, қалай десек те қарыз – одан құтылу парыз екенін әсте шығармаған абзал. Бос уәдеге иланған кәсіпорын қызметкерлері жарықты не көгілдір отынды төлемақысы өтелмеуіне байланысты сөндіруге барғанда, қарғап-сілеудің қажеті шамалы. Өйткені, қарызды қадағалаушы әрбір бақылаушыға көше кезіп, ең кемі 1000 абоненттің үйін аралап шығу оңай шаруа емес. Сондықтан да игілікке пайдаланған коммуналдық қызметтердің өтемін мерзімінен бұрын өтеуге асығайық, ағайын!

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 тамыз 2019 ж. 604 0