№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 35 МЛН.ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

35 МЛН.ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ


2017 жылдың тамызына дейін қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 13 млрд теңгеден асқан. Оның ішінде, алғашқы орында Оңтүстік Қазақстан облысы, екінші Алматы, маңғыстаулықтар қарызы бойынша үштікті түйіндеп тұр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдағы көрінбейтін мәселенің бірі – қарыз. Коммуналдық қарызды төлеуге кейбірінің шынымен жағдайы болмаса, енді бірі жағдайы бола тұрып, сараңдық танытатыны белгілі болды. Мұны біз аудан тұрғындарының жалпы коммуналдық төлемдерге берешегін зерттеу барысында білдік.
Игілігіне коммуналдық қызмет түрлерін пайдаланып, кейін төлеміне келгенде салғырттық танытатын тұрғындардың басым бөлігі – көгілдір отынға қарыз. Бірнеше жыл бұрын «газ келді, жаз келді» деп бөрігін аспанға атқан ағайын бүгінде сол жаққан газының төлемін өтеуге келгенде түрлі сылтау айтып, кейінге қалдырады. 17 миллион 45 мың теңге. Бұл жаңақорғандықтардың көгілдір отынға берешек ақшасы. Бұл «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңақорған өндірістік филиалының бізге берген мәліметі. Яғни, 2018 жылдың 13-қаңтарына дейінгі кенттегі 3209 абоненттің қарызы бұл. Жалпы кентте 3963 үйге көгілдір отын кірген. Ал, қарызы барлармен арнайы жұмыс жасайтын 4 контроллер бар екен. Олар алғашқыда үй егесіне түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту хат тастайды. Соңыра үш күн уақыт береді. Егер осы күн аралығында төлем өтелмесе, көгілдір отын желісінен ағытылады. Қайта қостырғысы келсе, қосымша айыппұл төлейді. Жазғы тарифі 2883 теңге, қысқысы 6825 теңге. Яғни, қосымша тағы шығынданады. Бір айта кетерлігі, берешегі барлардың қатарында бай-бағландар мен жағдайы жақсы отбасыларда кездеседі.
Мұнан кейін аудан тұрғындарының электр энергиясына берешегі де көңіл қуантарлық емес. Халықты электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған «Шиелі Жарығы» ЖШС аудандық филиалы тұрғындардың 2018 жылдың 5-ақпанына дейінгі электр қуатына қарызы 18 миллион, 137 мың, 233 теңге екенін хабарлап отыр. Бағамдап қарасақ, аз қаржы емес. Дегенмен кінәнің бәрін халыққа артып қоюға да болмайды. Қолында болса, кім мойнына қарыз артқанды тәуір көреді дейсіз? «Жомартты жоқтық байлайды» демекші, кейде әлеуметтік деңгейдің төмендігі де қолды байлайтыны жасырын емес. Айналып келгенде нарық заманының талабына бағынбай өмір сүру де қиын. Берешегі жөнінен көш басында Жаңақорған кенті. Жарыққа 7 миллион теңге, екінші Аққорған ауылы 1316480,35 теңге, үшінші Келінтөбе ауылы 1062879,50 теңге қарызы бар. Ал, қарызы ең аз ауыл ол – Көктөбе. 57 мың теңге берешек. Жалпы жыл өткен сайын қарыздың көлемі ұлғайып, жұртшылыққа көрсетіліп отырған коммуналдық қызметтердің ақысы өтелмей отырғанына кәсіпорын мекемелері тұрғындардан салғырттық танытпауды сұрауда. Себебі, бұқараның көпшілігі тиесілі төлемдерден жалтарып, «кішкене уақыт берсеңіздер» деген сынды құрғақ уәдемен айдан айға жетіп, жағдайды қиындатып келе жатқанға ұқсайды.
Десе де, бір қуанарлығы, «судың да сұрауы бар» демекші, кент орталығындағы тұрғындардың ауыз су төлеміне қатысты қарыз жоқ екен. Мұны ауыз суға жауапты «Арал» салынып жатқан кәсіпорындар бірлескен дирекциясы Жаңақорған өндірістік бөлімшесінен білдік. Ауыз суды тұтынушы абоненттер төлемақыны уақытылы төлеуді дағдыға айналдырыпты. Дейтұрғанмен бүгінгідей заманда жылусыз, жарықсыз, сусыз тіршілік ету мүмкін емес екенін бәрі біледі. Алайда кейбір тұрғындар коммуналдық қызметтерді игілігіне пайдаланған соң, оның төлемақысы болатынын аса қаперге алмайтын сынды.
«Үйдегі есепті, базардағы нарық бұзар» демекші, қалай десекте қарыз – одан құтылу парыз екенін әсте шығармаған абзал. Бос уәдеге иланған кәсіпорын қызметкерлері жарықты не көгілдір отынды төлемақысы өтелмеуіне байланысты сөндіруге барғанда, қарғап-сілеудің қажеті шамалы. Өйткені, қарызды қадағалаушы әрбір контроллерға көше кезіп, ең кемі 1000 абоненттің үйін аралап шығуда оңай емес. Сондықтанда игілікке пайдаланған коммуналдық қызметтердің өтемін мерзімінен бұрын өтеуге асығайық.

Әбдісамат ӘБДІШ.
27 ақпан 2018 ж. 1 274 0