№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғанда жасөспірімдер әлімжеттігі азая ма?

Жаңақорғанда жасөспірімдер әлімжеттігі азая ма?


Кәмелетке толмағандар арасында жол-көлік оқиғасының жиілеуі мен жасөспірімдермен жасалған қылмыстың көбеюіне байланысты Ішкі істер министірлігі жыл басынан бері бірнеше жобаларды жүзеге асыра бастады. Әсіресе мектептегі әлімжеттікке көбірек көңіл бөлінуде. Өйткені кейінгі кезде оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың кесірінен кәмелетке толмағандардың зиян шегуі көбейді. Осыған байланысты біздің ауданда қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы аудан жасөспірімдерінің ахуалы қалай? Осыны таразылап көрген едік.


Жасөспірімдер арасында қаншама түсінбеушілік, мектепаралық кикіл­жің­дердің көрініс беруі бұрыннан бар екені жасырын емес. Мектеп бітіргенімізге 10 жыл болды, оқушы кезімізде әлімжеттік, күш көрсету, үлкендік қоқан-лоққыға талай кезіктік. Бірақ, полиция қызметіне жүгінерліктей. ата-аналарды әбігерге салатындай жағдай орын алған емес. Соңы достықпен тарқасатын. Ал қазір бәрі басқаша, мектептегі сол әлімжеттіктің әсері ата-ананы да әуре-сарсаңға салуда. Жаңақорғанда 2018-2019 оқу жылында осындай оқиғалар жиі орын алды. Биыл сондай келеңсіз жағдайларды болдырмауда білім ошағының директорлары, ұстаздар қауымы, мектеп инспекторлары мен ата-аналар біріге жұмыс жасауда. Алдымен осыдан бастайық.
Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жергілікті полиция бөлімшесінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мұхтар Шерниязов тарқата айтты:
– Жуырда облыс көлемінде жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу, заңмен тыйым салынған уақыттан кейін қоғамдық орындар мен көшеде, ойын-сауық орындарында бей-берекет жүретіндерге әкімшілік шаралар қолдану мақсатында «Балалар түнгі қалада» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шара барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің баптары бойынша 10 іс келіп түсті. Оның ішінде ең көбі 442-баптың 2-бөлігі, яғни жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз есепке алыну дерегі тіркелген. Осы секілді әр сайын іс-шаралар өткізіп тұрамыз, – деді полиция капитаны.
Жас өрендердің көбі кешкісін жүретіні анық. Кафелер мен «Playstation» сынды ойынханаларда оларды жиі кездестіреміз. Бір қуантарлығы, букмекерлік кеңселерді жабу қолға алынды. Әйтпесе жастардың дені құмар ойынға жіпсіз байланып, жүгенсіз кеткен еді. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргендерді қандай жаза күтіп тұр? Соған тоқталсақ, түнгі сағат 22:00-ден бастап таңғы 6-ға дейін жасөспірімдер заңды өкілінсіз ойын-сауықтарда жүретін болса онда оның ата-анасына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осы жағдай бір жылдың ішінде екі рет қайталанса, онда айыппұл екі жарым есеге артып, көрсеткіш мөлшері 7 айлыққа артады.
Шыны керек, қазір бұзақылықтың басым көбі аудан орталығында орын алуда. Сондықтан кенттегі мектептегі жағдайды білмекке алдымен аудан орталығындағы №163 мектептің инспекторы Арыстан Төлешовпен тілдестік.
– Биылғы оқу жылында жағдай қалыпты. Жасөспірімдер арасында бұзақылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе ұстаздар, мектеп басшылығы мен ата-аналар бірігіп жұмыс жасауда. Мектеп психологтарының қызметінің де әсері үлкен. Сондықтан олармен үнемі байланыста болып, бала бойындағы тәуелділік, бұзақылық сынды қасиеттерімен күресуді жалғастырып келеміз, – деді ол.
Жалпы бәрінен бұрын мына мәселені түсінген абзал, бала бойындағы ең бірінші тәрбие отбасында беріледі.
Ата-ана, әсіресе әкенің берген тәлімі, оның жол көрсетуі жеткіншек үшін аса маңызды. Өйткені әке балаға қарап өседі. Бірақ, қазіргі қоғамда әке беделі әлсіреп барады. Оған түрлі себеп бар. Нарық билеген қоғамда әке мен шеше күнкөрістің қамын алдыға шығарды. Ата-ана күйбең тіршілікке байланды. Баланың тәрбие құралына теледидар мен интернет айналды. Ал бақылаусыз, қараусыз қалған жастар ақпарат көздерінен керекті-керексіз ақпараттарды алып, батыстың менталитетін бойына сіңіріп, санасы улануда.
Қазір ауданда жасөспірімдер ісімен айналысатын 7 инспектор жұмыс жасайды. Біреуі – Төменарық ауылында болса, алтауы – кентте. Таңғы сағат 9.00 де басталған жұмыс түнгі 01.00-ге дейін апта бойы демалыссыз жүргізіледі. Негізгі міндеті – сағат 22.00-ден соң қоғамдық орындарда, 23.00-ден кейін жалпы үйден тыс жерлерде заңды өкілсіз жүрген жасөспірімдерді анықтау. Психолог мамандар адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар екенін айтты. Ол біріншіден өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болуы, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Одан қалай емдеуге болатыны туралы психолог мамандар не дейді?
– Тәуелділік синдромына ұшыраған адамды әлеуметтік қолдау да маңызды. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, ыстық өзара жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары қауқары мен сенімі болғаны дұрыс, – дейді психолог Ардақ Қамақ.
Түрлі іс-шаралар аясында жыл басынан бері мектептерде ата-аналармен кездесу өткізіліп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Яғни ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағандар әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылатындығы түсіндірілді.
Мектеп ішінде, тағы да басқа жерлерде бопсалауға, қысым көрсетуге, құқық бұзушылыққа бейім балаларды анықтау мақсатында мектеп оқушыларынан сауалнамалар жүргізілуде екен.
Кейде құқық қорғау қызметкерлерімен түнгі рейдке шығып, өрендер тынысын бағдарлап тұрамыз. Сондағы түйгенімізден тарқатар болсақ, түйткілі көп түнгі өмірдегі сылаңдаған сылқымдардың жүріс-тұрысын, құмарлыққа желіккен жастардың ой-өрісін емдемесек ертең кеш болады. Қазір ойланбасақ жынойнақтың ордасына айналған орындарда мезгілсіз қаза мен зорлық-зомбылықтың түрлері көбейе береді, саны арта береді.
– Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман, сондықтан бүгінгі өрен білімге көбірек көңіл бөлу керек. Отбасындағы тәрбиенің ең абзалы – баланы еңбекке үйрету. Себебі, еңбек – тәрбиенің бастауы. Еңбек ете білмеген баланың ортаға сіңісуі де қиын болады екен. Осыны түсінген ата-аналар баланы еңбекқорлыққа баулығаны абзал, – дейді №51 М.Қаратаев атындағы мектеп директоры Жеңіс Ибрагимов.
Түйіндей айтқанда, Жаңақорған ауданы білім, спорт және мәдениет саласынан елге танылып келеді. Қаншама оқушы олимпиадалардан алтындарымен сүйіншілеп жүр. Осындай салауаттылыққа ұмтылған ұлағат орнымен берік байланыста болсақ ұтылмас едік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 ақпан 2020 ж. 486 0